Дүкендегі заттарды неге ақшаға сатып аламыз?

Ең алдымен дүкен дегеніміз не? Дүкен – бұл адамдар өмір сүруіне керек заттар сатылатын орын. Дүкенді басқаратын адамдар «сатушылар» немесе «иелер» деп аталады. Олар заттарды зауыттардан немесе басқа компаниялардан сатып алып, тұтынушыларға сатады. Әрбір заттың бағасы бар, себебі оны өндіру үшін ресурстар ретінде материалдар, еңбек және уақыт керек. Күнделікті біз тұтынатын нан пісіру үшін ұн, су, ашытқы, пештің электр энергиясы және наубайханашының еңбегі керек. Ал нанның негізі ұнның өзін жасау процесі егістік алқаптарда басталады. Көктемде фермерлер бидай немесе басқа да дақылдарды егеді. Дәндер жаз бойы күн мен суды сіңіріп өседі. Күзде пісіп-жетілген дәндер комбайндармен жиналады.  Дәндер жиналғаннан кейін олар диірменге жіберіледі, одан ұн пайда болады. Дайын ұн қаптарға салынып, дүкендер мен наубайханаларға жеткізіледі. Ал егер бұл ойыншық болса, оны пластиктен немесе ағаштан жасау, бояу, қаптау және дүкенге жеткізу керек. Әр заттың пайда болуы үлкен еңбекті қажет етеді, ал еңбек әрдайым бағалануы тиіс. Заттың бағасы өндіруге, тасымалдауға және дүкен қызметкерлерінің еңбегіне кеткен шығындардан құралады. Сондай-ақ, дүкен иесі жұмысшылардың жалақысын және дүкенді жалға алуға ақша жұмсауы керек. Адамдар ақша табу үшін жұмыс істейді. Мәселен, дәрігерлер адамдарды емдейді, мұғалім балаларды оқытады, құрылысшы үйлер салады. Олар өз еңбегі үшін жалақы алады, сол ақшаға өздеріне қажетті заттарды сатып алады. Ақша – тауарлар мен қызметтерді жасау үшін пайдаланылған еңбекті және ресурстарды төлеудің тәсілі болып табылады.

 

 

Мақала 7-11 жастағы балаларға арналған

Асия Қоспанова

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *