Балалардың тіл байлығын арттыруда көркем шығарманың алатын орны
Сүйінтаева Айжамал
Өскелең жас ұрпақты рухани – адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу, білім беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескеру арқылы нақтыланады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, күн тәртібін ұтымды ұйымдастыру кезінде ойын және оқу қызметінде жоспарлы түрде іске асады. Мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуын қалыптастырады. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда көркем шығармалардың маңызы зор.
Халқымыздың бай да құнарлы ауыз әбедиеті арқылы ата-бабаларымыз қалдырған мұраларға сүйене отырып, балдырғандардың еңбекке, өнер білімге деген құлшынысын арттырып, салт-дәстүр мен әдет ғұрпын білім өсуіне, рухани адамгершілік қасиеттерге баули аламыз.
Ұлтымыздың көркем шығармаларын оқи отырып, оларды ойын кезінде қолданып, тәрбие ісіне арқау етіп, ата-аналармен бірлесе отырып балалардың тіл байлығын арттыра аламыз. Өз тәжірибемде көркем шығармаларды оқи отырып, ертегілерді кейіпкерлендіру, қуыршақ театры, жұмбақтар, санамақтар, ойындарды, өлең, ертегілерді кеңінен пайдалану арқылы тежістіктерге жетудемін.
Балалардың өмірдегі іс-әрекетін нығайту мектепке дейінгі тәрбие жұмысының басты қажеттілігі. Қазіргі оқу-тәрбие жұмысын жан-жақты дамыту мақсатындағы міндеттердің бірі халқымыздың ұлттық дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін бала бойына дарыту, тіл байлығын арттыру.
Ұлтымыздың мақтанышы болған, ғұлама жазушы М.Әуезов «Ел боламын дсең, бесігіңді түзе» — деген екен, тәуелсіз ел екенімізді әр сәби, әр бала жанымен, жүрегімен жүрегімен сезінуі керек.Қазақ халқы дәстүр бойынша баласын бес-алты жасынан бастап-ақ шешендердің, ел бастаған көсемдердің, даналардың, батырлардың өнегесін біліп, тыңдап өсуге баулыған. Бұның барлығын балаларға ауыз әдебиеттері, яғни көркем шығармалар арқылы балаға бере алатынымыз түсінікті. Ауыз әдебиетіндегі өлең-жыр, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздер, тиым сөздер, санамақтар әр тәрбиешінің жұмысында негізгі орын алуы тиіс. Халықтық тәлім-тәрбиедегі санамақтар баланы тез санауға және де ауызша үйренуге тәрбиелейді.
Балаларды шешендікке баулуда билермен хандардың, ақындар мен шешендердің, данышпандардың өнегесін үнемі үйретіп отыру қажет. Көркем шығармалардың ішіндегі балалардың ең сүйіп тыңдайтыны ертегілер. Балаларға ертегіні әңгімелеп бергеннен кейін оны сахналап қойып, және қуыршақ, саусақ театрлары арқылы көрсетіп үйреткен тиімді.
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс, анық сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр ол жаңылтпаштар мен жұмбақтар. Жаңылтпаштар арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге және дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді, ал жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой қиялын ұштауға әсер етеді. Сондықтан да әрбір тәрбиешінің күнделікті оқу қызметінде осы шығармалардың болуы шарт.
Қазіргі таңда жас ата-аналар көркем шығармаларды оқып, пайдалана бермейді. Сондықтан балалардың тілдерінің шығуы кешеуілдеп, сөйлеу қабілеттері төмендеуде. Бұл халқымыздың, ұрпағымыздың сана-сезімінің төмендеуіне әкен соғуы мүмкін.
Соның алдын алып, болдырмау үшін мектепке дейінгі ұйымдар мен мектеп мұғалімдерінің алатын орны көп болмақ. Себебі жас ата-ана ертегі білмейді. Өзі білмеген нәрсені жас балаға қалай айтпақ. Ал ертегімен бала өсіп, ертегімен тәрбиеленеді. Ертегіде психологиялық аспекті бар. Ертегі дүниені ішкі жағынан ақтарып, кейіпкерді жағымды іс-әрекеттері арқылы, үрейлі жағдайлардан арылтып, баланың сана-сезіміндегі қайшылықтарды шешуге мүмкіндік береді. Ертегіде мейрімділік пен зұлымдық жомарттық пен сараңдық, батырлық пен қорқақтық сияқты ұғымдар берілген. Бұның барлығы адамгершілік құндылықтары арқылы бала тұлғасын қалыптастырады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»- дейді халқымыз. Олай болса ұйымдастырылған оқу қызметтеріне көркем шығармаларды үнемі кіргізіп, онымен ата-аналарды құлағдар етіп отырсақ, немесе ақпараттық бұрыштарға ілініп қойылар болса ата-аналар оқып танысып естерінде сақтап балаға оларды қайталатып, бала тілінің тез шығуына, тез жетілуіне ықпал етер еді.
Жас жеткіншекті, келешек ұрпақтарымызды дұрыс жетіліп өссін десек аянбай еңбек етуге тура келеді. Болашақ иелерін жан-жақты етіп тәрбиелей білейік.