Баланың жан-жақты дамуына сенсорика мен ұсақ моториканың әсері

Сагинаева Гулжанар Мизамадиновна

Балалардың  ең алғашқы даму кезеңі, білім мен тәрбие берудің алғашқы сатысы балабақшадан басталады. Қоршаған ортаға бейімі, еңбекке араласуы, білім алу, адамдармен қарым — қатынасы, ойлау, қиялдау қабілеттері сөздік қорларының дамуы мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Осыған орай мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде олардың таным қабілеттерін дамыту ерекше орын алары сөзсіз.

Сенсорика – бұл заттардың сыртқы қасиеттері туралы ойларды қалыптастырады: олардың пішіні, түсі, көлемі, кеңістіктегі орналасуы, сонымен қатар иісі, дәмі т.б. Мектепке дейінгі жаста сенсорлық дамудың мәнін бағалау қиын. Дәл осы жаста сезім мүшелерінің әрекетін жетілдіру, қоршаған орта туралы білімін жинақтауға қолайлы кез. Сенсорлық даму, бір жағынан баланың жалпы ақыл-ойының дамуының іргетасын құрайды, бір жағынан өзіндік мәні бар, өйткені толыққанды қабылдау баланы балабақшада, мектепте оқыту үшін қажет. Қоршаған орта құбылыстары мен заттарын қабылдаудан тану басталады. Танудың басқа түрлері – есте сақтау, ойлау, елестету – қабылдау негізінде құралады. Сондықтан қалыпты ақыл-ойдың дамуы толыққанды қабылдауға сүйенусіз мүмкін емес. Мектепке дейінгі педагогика саласындағы атақты шетелдік ғалымО.Декроли толыққанды сенсорлық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған сенсорлық тәрбие мектепке дейінгі тәрбиелеудің негізгі жағы болып саналатынын айтқан.Баланың саусақтарының қимылы немесе ұсақ моториканың жақсы жетіліп дамуы, ол мидың және тілдің жетілуімен тікіелей байланысты,

Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән – мағынасы ерекше. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», — деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс — әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатынын байқауға болады.

Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс — әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс — әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.

Балабақшада балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс — әрекетінде ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:
• Дидактикалық ойындар – логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту.
• Санға байланысты — санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар – балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.
• Математикалық сергіту сәттері – кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту
Құралда дидактикалық ойындар мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс – тәсілдері көрсетілген. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйрету. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған. Жоғарыда айтылған мақсаттарды шешуде нәтижесі ұтымды болу үшін балалардың қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыруда дидактикалық ойындардың жинағын ұсынамын.

Ойынмен таныстыру жұмысын үш кезеңге бөлеміз:
1. Балаларға ең алдымен орындайтын жаттығуларды көрсетіп, содан — соң оның орындау тәсілін мұқият түсіндіріп көрсетуіміз қажет.
2. Ұсынған жаттығуды баламен бірге орындаймыз, қимыл іс әрекетті сөзбен түсіндіріп отырамыз.
3. Балаға өз бетімен жұмыс жасауға ұсыныс жасаймыз.
Дидактикалық ойындар.
«Үйдің есігін жабайық»
Ойынның мақсаты: заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыру. Ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал — жабдықтары: үйдің, есіктің суреттері.
Ойынның мазмұны: қағаздан қиылған, есігі жоқ үйдің суретін балаларға тарату. Жуан және жіңішке есіктерді үйдің өлшеміне сай келтіріп салуды ұсыну.
«Вагондарға дөңгелек таңдау»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, қасиеттерін білуге жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал — жабдықтары: қағазға салынған вагондар, әртүрлі геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар вагондарға лайық дөңгелектерді әртүрлі пішіндердің ішінен табады.
«Үй құрылысының ретін көрсет»
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту.
Құрал — жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі.
Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.
«Бет орамалға лайық жамауларды табу»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал — жабдықтары: бала саны бойынша қағаздан жасалған бет орамалдардың үлгісі, әртүрлі пішіндер.
Мазмұны: Балаларға бет орамалдардың үлгісін таратып беру. Алдарындағы пішіндердің ішінен әр орамалға лайық жамауды табуды ұсыну.
«Жұбын тап»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; білімдерін бекіту, ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал — жабдықтары: әртүрлі ретте орналасқан геометриялық пішіндердің суреттері.
Мазмұны: Балаларға геометриялық пішіндер орналасқан суреттерді тарату. Үлгі ретінде бір суретті көрсетіп, дәл осындай суреттін жұбын табуды ұсыну. Суреттердің дұрыстығын тексеру үшін оларды салыстыру.
«Әдемі кілемшелер»
Ойынның мақсаты: бөліктерден кілемше жасауға үйрету; қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту; ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойынның құрал — жабдықтары: қағаздан жасалған кілемшелер, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар геометриялық пішіндерді берілген кілемшелердің үстіне қойып, құрақ құрайды.
«Өз үйіңді тап»
Ойынның мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның құрал — жабдықтары: түрлі — түсті дөңгелектер.
Ойынның мазмұны: Балаларға түрлі — тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.
«Мынау қай пішін?»
Мақсаты: Геометриялық пішінді сипалап анықтау арқылы айта білу.
Көрнекілік: Картоннан жасалған геометриялық пішіндер 5 – түрі.
Барысы: Бала топқа қарап тұрып, қолын артқа ұстайды. Тәрбиеші оның қолына геометриялық пішінді ұстатады. Бала оны сипап байқап, балаларға көрсетпей атын атайды.


«Бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр»

Мақсаты: Геометриялық пішіндерді танып, атай білуге үйрету. Бос торларды сәйкес пішіндермен толтырту.
Көрнекілік: Әр балаға жеткілікті таратпа суреттер.
Барысы: Балаларға суреттер таратылып беріледі. Суреттердегі бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр.
Сонымен қатар,балалардың ұсақ моторикасын дамыту мақсатымен күнделікті саусаққа арналған ойындарын ойнап тұрған жөн. Бұл жөнінде ең алғаш Қытайда IX – X ғасырларда анықтап, қолөнерді дамытуға, оның адамға пайдасы жайында кеңінен таратылды, саусақпен істейтін жұмыстарға көп көңіл бөлген. .
Жеке және топпен жұмыс жүргізгенде балаларға:
1.Бұдыр – бұдыр доппен жұмыс жасаймыз.
(оны екі алақанның ортасына салып айналдырамыз)..
2.Балаларды өз бетімен саусақтарына массаж жасауға дағдыландырдым.
Балалар сабаққа қызығушылықпен қатысады,қимыл іс — әрекеттерін қадағалап, берген нұсқауларды мұқият орындауға тырысады.
Ата – аналар мен педагогтің ұсақ моторикаға дұрыс көңіл бөлгені жөн: ойындар, жаттығулар, түрлі тапсырмалар беруі керек. Ұсақ моториканы жетілдіруде және қол бұлшық еттерінің дұрыс дамуықарапайым жаттығулар арқылы,баланы естуге және де, көргенін,естігенін жадында сақтап қалуға пайдасы орасан зор.
Ұсақ және жалпы моториканы дамыта отырып, біз баланы мұқияттылыққа тәрбиелейміз. Ең алдымен қарапайым жаттығулардан бастаймыз:
«Тіке үстелден бастап, есікке дейін жүр»;
«Орындықты айналып шық»;
«Жердегі іздерді басып жүр» және т.б.
Баланың тапсырманы бұлжытпай орындағанын қадағалап,дұрыс нұсқау берген маңызды.
Мысалы:
-Бөлме ішін айналып шық,ал мен алақан соғып тұрамын.
(бала ритм бойынша қимылдау қажет)
-Менің тапсырмамды орында:
Қолыңды алға, жоғары, төмен.
Оң қолыңды — оңға,сол қолыңды — солға.
Оң қолыңды — белге,сол қолыңды — басыңа.
Оң аяқты — алға, сол аяқты — қасына.
Бала өзінің қимыл әрекеттерін бақылап отырады.Берілген тапсырмаларды жәй жаттығулардан бастаймыз, сосын оны біртіндеп күрделене түсеміз.
Мысалы:
«Тасты аттап өтеміз»; «Таспен жүреміз».
Күрделі жаттығулар:
— Саусаққа арналған жаттығулар : «Сәлем саусақ қал қалай!»; «Қайық»; «Гүл»…
— Қолға арналған жаттығулар: «Жайқалады талдар».
— Елес бейне бойынша: «Аю», «Бақа», «Қоңыз», «Жануарлар»…
Балалар көз алдына жануарларды елестетіп,олардың қимыл іс — әрекеттерін салады. Содан — соң біздер, өмірден алған бейнелерді көрсетеміз.
Мысалы:
Доппен ойын: «Жерге лақтыр да, ұстап ал»;
Кубикпен ойнайтын ойын: «Орындық», «Үстел», «Жол»…
Жіппен ойнайтын ойындар: «Жыланды бейнеле», «Баспалдақпен жұреміз»…
Таяқшамен ойнайтын ойын: «Үй», «Тал», «Қайық», «Көзәйнек», «Көбелек» «Шана» (бұл ойынды үстел басында сірінкімен ойнауға болады, алдын — ала күкіртін алып тастау қажет)
Содан — соң ұсақ моторикаға арналған ойындарды қосып, баланың қызығушылығын одан әрі көтеру керек. Бала саусақтарымен ойнап әр түрлі бейнелерді көрсетуге тырысып, қызықтап, ойынға деген құштарлығы ұдейе түседі.
Мысалы:
«Түлкі»,«Піл»,«Мысық»,«Тышқан»,«Әтеш»,
«Көзәйнек» — оң және сол қолдың үлкен саусағына барлық саусақтарды қосып, дөңгелек жасаймыз да, көзімізге тақап, дөңгелектен қараймыз.
Саусақпен жұмыс жүргізгенде балаларға көмек көрсетіп отыру қажет, себебі саусақтары икемсіз болады. Жұмыс барысында балаларды мадақтап отурған жөн.
Ұсақ моториканы дамыту барысында біз осы нәтижеге жетеміз:
1.Сөйлеу тілі жетіледі.
2.Қимыл қозғалыс қабілеті артады.
3.Икемділігі арта түседі.
4.Логикалық ойлау қабілеті дамыйды.
5.Танымдылық деңгейі артады.
Ойындар арқылы, біздер баламен қарым- қатынасты нығайтып, баланың өз- өзіне деген көз қарасын өзгертіп, ойынға, оқуға деген ынтасын көтереміз.
Бала ыммен, ишаратпен сабақтан алған әсерін, көргенін, естігенін айтып беруге тырысады. Осының бәрі де, баламен әр түрлі ойын ойнап, моторикасын дамытқанның нәтижесi, — деп ойлаймын.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *