Бала тәрбиесінде халықтық педагогиканың бағыттары
Султанова Жансулу
Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мәселесі қазіргі заманымызда өзекті болып отыр. Балалардың білім беруде, адамгершіліктің ең құнды қасиеттерін бойына сіңіріп тәрбиелеуде, білім мекемелерінен, ұстаздардан, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді.
Баланы жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне ата-анасы қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдер, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине заман талаптарына сай, бірақ ең бастысы рухани адамгершілік тәрбие — тәрбиенің бастамасы екендігін ешқашан ұмытпағанымыз дұрыс.
Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгерістер болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика мен этнопсихология ілімдерінің жетістігін тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің басты сұранысы. Егеменді елімізге сай ұрпақ тәрбиелеп шығудың бірден бір жолы — өсіп келе жатқан ұрпақты эстетикалық тұрғыдан шыңдау. Осыны халықтық педагогика арқылы жүзеге асыруға болады. Халық педагогикасымен айналысушылар қоғам дамуының алғашқы сатыларында-ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас болғандығын, мақсатқа сай тәрбиеленудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді.
Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Егемендігіміз баянды болып, ел ертеңі жарқын болсын десек, ұлт ұрпағына дұрыс тәрбие беру — парыз! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»!
Тәрбиелеп отырған жас жеткіншекке бала деп қарамай, кішкентай күнінен бастап оның елін сүйер бүлдіршін, ұлтын ұлық тұтар ұлан, мақтанышымызға айналар отаншыл азамат болып қалыптасуына тырысуымыз қажет. Бала бойына тәрбиенің ұрығын себетін, ең алдымен, ата-анасы болса, одан кейін, балабақшасы. Тіпті есін білер-білмес шағынан бастап күнұзаққа балабақшада жүретін бала үшін балабақшаның ықпалы басымдау десек те болады. Ендеше, балабақшаларымыз балалардың ұлтына сай азамат болып қалыптасуы жолында тәлімді тәрбие бере алып отыр ма?!
Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», — дейді. Осы бір ұлағатты ой астарында отбасында — ата-анасынаң мектепке дейінгі ұйымда – тәрбиешіден талап етілетін тағылым жүгі жатыр. Жер бетінде мекен еткен адамзаттың бір бұтағы — бір халықтың қандай да дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнесімен көрінуі — сол халықтың мектебінің бет-бейнесіне, өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Әрине, отбасында бала ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленіп келіп, ол тәрбие балабақша мен бастауыш мектепте жалғасын тауып жатса, бала өте құнарлы этномәдени білім мен тағылым алары анық.
Жас ұрпақты саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің бірден-бір парызы.
Қазірге кезде өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда халық педагогикасының маңызы зор.
Халықтық педагогика – ұлттар мен ұлыстардың ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау үрдісінің озық үлгілерінің жиынтығы.
Бабаларымыздың игі дәстүрлерін сақтай отырып, өз ұрпақтарымызды адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ізгі қасиетті, ар ожданды қылып өсіру тәрбиешінің, ата-ананың басты міндеті. Сондықтан саналы, салауатты, халқымыздың барлық дәстүріне, әлем мәдениетіне қанық, ел тізгінін берік ұстай білетін ұрпақ тәрбиелеу әр отбасына және мектепке дейінгі ұйымдағы адамгершілік тәрбиесіне байланысты.
Қазіргі таңда қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы серпінді өзгерістер білім беруді әлемдік кеңістікпен ықпалдастыру талабын қойып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жойылып кетуге соқтыруы мүмкін рухани мәңгүрттіктен сақтану және халықтық тәжірибеге тән тәрбиенің мазмұнын сақтап қалу үшін өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымызды зерделеуге, рухани құндылықтарымызды саралап, оны білім беру жүйесіне кешенді ендіру арқылы ұрпақ тәрбиесін ұлттық негізде құруға басты мән беру өте маңызды. Қазақ халқының тарих қойнауында қанша ғасыр өтсе де, тәлім- тәрбиелік мәнін жоғалтпаған ұлттың болмысына, сана-сезіміне, тұлғалық сипатына сай жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар қатарына жататын асыл дүниелер бар екені белгілі. Осындай рухани құндылықтарды тәрбиенің мазмұнына арқау ету жетілген тұлғаны қалыптастыру мәселесі педагогика ғылымының тарихына жаңаша көзқарасты қажет етеді.