Балалардың денсаулығын нығайту басты мақсат
Тогузова Рабига
Білім мен тәрбие беру саласының алғашқы сатысы балабақшаларда дене тәрбиесі маңызды орын алады. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығын нығайтуға және өз беттерімен қимылдар жасай білуді үйретуге бағытталған.
Мектеп жасына дейінгі дене тәрбиесінің негізгі мақсаттары мынадай:
— балалардың негізгі қыймыл әрекеттерін жетілдіріп, спорттық қозғалыс жаттығулары мен ұлттық ойындары үйрету және сол үйренгендерін өз еріктерімен орындауға әрекеттендіру.
Бұл мақсатта қазақ халқының бала денесін жетілдіру әдістері, оларды қолдану жолдары және ғасырлар бойы сұраптылып келген озық тәжіребелер де ескерілген.
Өйткені, ата — бабаларымыз балаларын ат құлағында ойнатып, қырда жарыстырып, шабандоздыққа үйреткен. Осындай мәнді де мағыналы тіршілік пен еңбек түрлерін игеру әрекеттері арқылы балалардың денесі шынығып, шымыр да тұлғалы бітім қалыптасқан, алып күштің иесі де шыққан. Осы ұлттық дәстүрді ұрпақтан – ұрпаққа жалғастыру мақсатында біздің балабақшада қазақ халқының тіршілік әрекетіне байланысты ұлттық нақыштағы қимыл – қозғалысына арналған жаттығуларды әр топтағы балаларға жасатып үйрету жұмыстары жүргізілуде.
Жас ұрпақты жан – жақты дамыған, ой — өрісі биік, тұлғасы сымбатты азамат етіп өсіру үшін тәрбие жүйесінде дене тәрбиесінің алар орны орасан зор. Ал оны неғұрлым ерте кезінен бастап, дұрыс жолға қойып жүргізсе, соғұрлым нәтижесі жемісті болатыны анық. Өйткені болашақ азаматтың денсаулығы мықты, мүсін тұлғасы дұрыс қалыптасқан, жігерлі де қайратты болып өсуіне, көпшілдік дағдыларын бойына терең сіңіруіне нақ осы мектепке дейінгі кезеңде тереңірек көңіл бөлінсе, дұрыс негіз қаланады. Қазақтың кемеңгер ақыны, ұлтының бақыты үшін өз бойындағы бар дарыны мен білгенін аямай, дене тәрбиесіне зор көңіл бөлген Мағжан Жұмабаев: «Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Дене жанның қабы. Қап берік болса ішіндегі заты берік болмақ. Дене жанның құралы. Құралы мықты болса иесі де мықты. Сау жан – сау денеде ғана болады» — деген. Сондықтан да бүлдіршіндер ағзасының қызметін жетілдіру, денсаулығын жақсарту, жүйкенің жұмысын дұрыс қалыптастырып, ширақ, жігерлі, икемді, сымбатты етіп өсіру, міне, осының барлығын ғылыми негізде тәрбиенің басқа түрлерімен ұштастыра жүргізу – балабақшалардың негізгі мақсаты мен алға қойған үлкен міндетінің бірі.