Музыка мәдениеті және ұлттық дәстүр
Жоспар:
- Халықтың музыка өнері туралы түсінік беру
- Тәрбиешілер тарапына қойылатын сұрақтарға жауап беру
Қазақтың халықтық музыка өнері саласында шалқар сахара, дарқан даладай мол көсіліп, кең тараған бір жанр бар. Ол — ән. Көркем де келісті, шымыр да шыншыл, бүкіл болмысымен биязы әрі мазмұнға бай қазақ әндері халықтың ұлттық дәстүр сипатын айқын аңғартатын үлкен фактор болып табылады. Ән табиғатынан халық тарихымен бірге туып, етене өскен өнер қырын, сол өнердің ел өмірімен еншілестігін, үндестігін көреміз.
Әрбір ұлттың өзінше өмір сүру қалпы, тұрмыс-тұрқы, әдет-ғұрыптық өзгешелігі, психикалық — мінездік ерекшеліктері, түсінік-пайымдары оның өнер өрісіне үлкен әсер ететіні белгілі. Музыка өнеріндегі бұл құбылыс халықтың сол құпиясын әр алуан салада, әр түрлі бояуда әшекелейді.
Қай халық болсын өзінің ұлттық өнері мен дәстүрін аса бір ыждағаттылықпен дамытуға тырысады, оны жаңа дәуір, жаңа заман әкелген жаңалықтармен сабақтастыра отырып байытады. Қазақ музыка творчествосын байырғы негізгі түрлері халық әндері, эпостық шығарма, аспаптық музыка болды. Ән-күйді қазақтың халық творчествосының шыңы дейге болады. Оның тамаша үлгілері. Көрнекі халық композиторларының асқақ туындылары ұлттық классикалық музыканың негізін қалады. Ал халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан фольклорлық мұрасы қазіргі профессионалдық музыка салаларының дамуына тікелей зор ықпалын тигізіп отыр.
Жаңа дәуір жаңа туындыларды талап етті. Профессионалдық музыканың бұрын-соңды халқымызға белгісіз жанрлық түрлері, орындаушы коллективтер, вокалдық әншілік мектеп, хор айту мәдениеті, музыкатаны саласын қалыптасты. Ұлттық табиғи дәстүр дамуынан тыс пайда болған бұл салалардың халық мұрасынан нәр алып қалыптасып, дамығанын еске ала отырып, біз тек төменде аталатын әрбір салаға қысқаша тоқталып өтпекпіз. Бір тарау негізінен ән, ұлттық ән дәстүрі, ән өнерінің жаңалық ерекшеліктеріне арналады.
Салалардың бірі – вокалдық өнер яғни ән салу. Халқымыздың дәстүрі бойынша әнді домбыраның сүйемелімен және сүйемелдеусіз жеке де немесебірнеше кісі қосылып та орындаған. Әсіресе жеке ән салу мейлінше мол тараған. Халқымыздың әншілік мәнері жеңіл де әдемі. Қоңыр да шырқауәуезімен, жарқын да шалқымалы ашық сазды үнімен айрықшаланады. Әдетте әншілер әнді бір-бірінен ауызекі түрде үйреніп қабылдайтын. Бұл ұлттық ән салу өнеріндегі негізгі бір ерекшелік болып табылады. Жиырмасыншы, әсіресе отызыншы жылдары, қазақтың байырғы унисондық бір дауысты, жеке айтылатын ән дәстүріне жаңалықтар кіре бастады. Ән тұнғыш рет фортепиано, симфониялық оркестр, басқа да түрлі аспаптар сүйемелімен айтылатын болды.
Қазіргі кезде республткамызда қалыптасқан ұлттық вокалдық-әншілік мектеп бар. Белгілі музыкалық оқу орнынан ән жөнінен тиісті білім алған вокалдық әнші, орындаушы мамандар қатары молайды, олардың профессионалдық шеберлік ерекшелігі айқындалды. Халық арасынан шыққан табиғи дауысты талантты әншілер музыкалық оқу орнында ән өнерімен маманданып, вокалдық пысықтау, жаттығу арқылы дауыс ауқымын кеңейтіп, әншілік үн күшін, регістірлік үн қатарын арттырады. Сол сияқты вокалдық өнерде дауыстың кібіртіктігін, кедір-бұдырын жоюға және оның үн тегістігін қалыптастыруға да назар аударылды.
Сөйтіп, заман талабына сай қалыптасқан вокалдық ән салу мектебі тек дәстүрлі ұлттық орындау арқылы ғана танылып жүрген қазақ әншілерінің өрісін кеңейтіп, орындаушылық мүмкіндігін арттырады. Бұл арада ән салу түрлері екі саласының бірі артық, бірі кем деген ұғым тумаса керек. Халқымыздың мәдени өмірі үшін бұл салалардың әрқайсы да — әнді бір-бірінен ауызекі түрде үйренетін мәнердегі әншілік те, музыкалық оқу орнынан білім алап, жетіліп, қалыптасқан вокалдық әншілік те өздігінше бағалы. Қазіргі таңда үздік вокалдық әншілер дүниежүзілік классикалық музыкалық шығармаларды орындау дәрежесіне қол жеткізді.
Күләш Бәйсеитова, Шабал Бәйсекова, Байғали Досымжанов, Ришад Абдуллин, Кәукен Кенжетаев, Бибигүл Төлегенова, Розы Жаманова, Ермек Серкебаев, Әлібек Днишев, Нариман Қаражігітов, Қрлан Халиламбекова, Разима Жұбатырова, Ғафиз Есімов, Шора Үмбеталиева сынды республикадағы вокалдық үлгінің көрнекті өкілдерінің тек елімізге ғана емес, шетелдерге де аян.
Осы орайда бұрын қазақ халқының хор айту өнері болды ма, болса қандай деңгейде еді деген заңды сұрақ туатыны да сөзсіз. Әдетте, бұрын Орта Азия халықтары сияқты қазақтардың да хор айту өнері болған жоқ деседі. Алайда бұлай деп кесіп-пішіп айту ағаттық болар еді. Қосылып ән салу жайын әңгімелегенде, бұл жанрдың халықтық негізіне назар аударған жөн. Мәселен, халқымыз жиын-тойларда қосылып ән салуға селқос қарамаған, ойын-кештерде екі жаққа бөлінесе кетіп, бірі бастап, қалғандары қостап, әншілерге дем беріп отырған. Бұл жайлар «ертеде қазақта хор өнері атымен болған жоқ» дейтіндердің пікірін теріске шығарды. Халқымызда қосылып ән салу дәстүрі ежелден болған. Міне, сол дәстүр негізінде түрлі эволюциялық белестерден өтіп, қазіргі кезде республикамызда хор айту өнері, хор жанры жан-жақты дамып отыр.
Қазақтың мемлекеттік хор қапелласының құрылуы, ұйымдасуы осы айтылғандардаң жарқын айғағы іспетті. Хор өнерінің қол жеткен табыстары әңгімелеп отырған ұлттық дәстүріміздің қаншалықты жаңарып, байығанын көрсетеді.
Жаңару жайын әңгіме еткенде, қазақ халқының көне музыка аспабының бірі – домбыраның да байырғы түрінде қалып қалмағандығын айта кету парыз. Қазіргі уақытта ол бүтіндей бір оркестрге айналып, көп үнділікке ие болды. Бұған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер коллективі, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік акадтмиялық халық аспаптары оркестрі мысал бола алады. Сол сияқты опера — балет, симфония, ансамбільдік туындылар, кантата, оратория, ән — романс және басқа да музыкалық жанрлардың қалыптасып, дамуы ұлттық дәстүріміздің тарихи-эволюциялық құбылыстарының айқын айғағы болып табылады.
Әрине, ұлттық профессионалдық музыканың жан-жақты дамуы көне, прогрессшіл дәстүрдің өмір сүруіне еш уақытта да бөгет бола алмайды. Байырғы халық әндерімен қатар қазіргі кезде ақындар айтысының да ұмыт болмай, кеңінен қанат жайып келе жатқанын еске алайықшы. Сондай-ақ жекелеген домбыра, қобыз, күйлерімен қатар ұлттық оркестрдің орындауында лайықталған шығармалар да өмірге келуде. Бұл – дәстүр өміршеңдігінің куәсі. Сөйтіп, халық мұрасы негізінде жаңа профессионалдық жанрлардың тууымен қатар, мемлекеттік халық аспаптары оркестрі, фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, симфониялық оркестр, мемлекеттік хор капелласы сияқты творчестволық коллективтер қалыптасады.
- Тәрбиешілер тарапынан қойылатын сұрақтарға жауап беру.