Үй жануарлары

Білім беру аймағы: Таным
Бөлім: Қоршаған ортамен таныстыру
Апталық тақырыбы: Үй жануарлары.
Мақсаты: Балаларға үй жануарларының неліктен үй жануарлары деп атауын түсіндіру, олардың аттарын дұрыс атап, төлдерінің дыбыстарын ажырата білуге үйрету. Жануарлар жөнінде өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтарды мәнерлеп жатқа айту арқылы тілдерін дамыту.
Көрнекілік: Төлдердің суреттері және бетперделері
Сабақтың әдіс — тәсілдері: Әңгімелесу, көрсету, түсіндіру. Жануарлар туралы өлең, тақпақ, мақал — мәтел айту, жаттау, жұмбақ шешу

Тәрбиешінің іс — әрекеті:
Қошақаны қойдың,
Қайда қалып қойдың?
Бұлтиып бір бүйірің,
Қай өрістен тойдың?

Секең, секең ей лақ,
Жүрмін саған кейіп — ақ.
Тыным тапсаң болмай ма?
Секеңдемей бір уақ.

Ботақаны нардың ,
Жарға неге бардың.
Тілерсегің дірілдеп,
Секіре алмай қалдың, -деп тәрбиеші айтқан кезде балалар қимыл — қозғалыстарымен көрсетеді.
Негізгі бөлім:
Тәрбиеші: — Балалар бүгінгі сабақта үй жануарлары туралы әңгімелесеміз, қане тақтаға қараңдаршы ненің суретін көріп отырсыңдар, бұл төрт түлік малдардың суреттері. Мынау ненің суреті?
Балалар: Мынау сиырдың суреті.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Ал сиырдың төлін қалай атайсыңдар?
Балалар: Сиырдың төлі бұзау.
Тәрбиеші: Дұрыс бұлар қалай дыбыс шығарады?
Балалар: Мө — мө — мө деген дыбысы бар. Ол мөңірейді.
Тәрбиеші: Сиыр бізге не береді?
Балалар: Сиыр сүт береді.
Тәрбиеші: Сүттен не жасаймыз?
Балалар: Айран, құрт жасаймыз.
Тәрбиеші: Сиыр не жейді?
Балалар: Сиыр шөп, жем жейді, су ішеді.
Тәрбиеші: Сиырды қалай шақырамыз?
Балалар: Аухау, аухау деп шақырады (хормен айтады).
Тәрбиеші: Ал мына суретте не көріп тұрсыңдар?
Балалар: Қойдың суретін көріп тұрмыз.
Тәрбиеші: Қой қалай дыбыстайды?
Балалар: Қой маңырайды, мә, мә, мә, мә деді.
Тәрбиеші: Ал қойдың төлін қалай атайсыңдар?
Балалар: Қозы, қошақан, деп атаймыз.
Тәрбиеші: Балалар мына суретте не көріп тұрсыңдар?
Балалар: Ешкінің суретін көріп тұрмыз.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, басында несі бар?
Тәрбиеші:
— Олар қайда тұрады?
Балалар:
— Қорада, үйде, фермада.
Оларды неге үй жануарлары дейді?
— Дұрыс, өйткені олар адамдардың маңайында, аулада тіршілік етеді екен.
Жақсы, балалар ендеше осы үй жануарлары туралы қандай тақпақтар білесіңдер?
Аяна: Түйе сүйеді баласын
«Боташым» — деп.
«Жаудыраған көзіңнен
Тоташым» — деп.
Аяна: Түйе сүйеді баласын
«Боташым» — деп.
«Жаудыраған көзіңнен
Тоташым» — деп.
Нұрдана Н :Ешкі сүйеді баласын
«Лағым» — деп.
«Тастан-тасқа секірген
Шұнағым» — деп.
Нұрасыл:Жылқы сүйеді баласын
«Құлыным» — деп.
«Тұлпар болып жүгірер
Жұлыным» — деп.
Аружан: Сиыр сүйеді баласын
«Торпағым» — деп.
«Қараңғыға баспаған
Қорқағым» — деп.
Нұрдана С : Қой сүйеді баласын
«Қоңырым» — деп.
«Ештеңені білмейтін
Момыным» — деп.
Даян: Салбыраған әукесі,
Мұңды жердің еркесі.
Зеңгі баба баласы,
Сиыр деген – мен болам.
Бекарыс: Мал өсірсең ,қой өсір,
Өнімі оның көл-көсір.
Асылжан: Сиырды теппейді,
Сүтті төкпейді.
Ерасыл: Құнан атқа жеткізер.
Ат мұратқа жеткізер.
Айша: Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. (қой)
Нұрила: Таптым, таптым, тап жорға,
Табаны жалпақ боз жорға. (түйе)
Тәрбиеші:
— Өте жақсы балалар онда біз бүгін ойын ойнап көрейік. Ойынның аты «Төлдерін тап» деп аталады (бейне ролик көрсетіледі).
Сергіту жаттығуы: Қошақаным.
«Үлкен — кіші» дамытушы ойыны:
Сиыр қандай?
Бұзау қандай?
Ол қалай дыбыс шығарады?
Жылқы қандай?
Құлын қандай?
Ол қалай дыбыс шығарады?
Рефлексивті – қорытындылау:
— Балалар, бүгін біз қандай жануарлармен таныстық?
— Неге оларды үй жануарлары деп атайды екенбіз?
— Үй жануарлардың төлдерін қалай атайды?
— Үй жануарлары қалай дауыстайды?
— Адамдарға қандай пайдасы, беретін өнімі бар?
Сабаққа жақсы қатысқан балаларды бағалау. Мақтап — мадақтау.
Күтілетін нәтиже:
Білу керек: Үй жануарларын ажыратып, төлдерін білу керек. Қойылған сұрақтарға толық, әрі нақты жауап бере білу керек.
Болу керек: Қызығушылықтары, ынталары болу керек.
Істей білу керек: Үй жануарларын дала жануарларынан ажыратып, бөлек жинай білу керек.

Байділда Гүлзада Құлшыққызы
«Аққайың» бөбекжайының тәрбиешісі
Ырғыз ауданы
Ақтөбе облысы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *