Эссе «Менің мамандығым – педагог-психолог»

Педагог – психолог Еслакова А.И.
Эссе «Менің мамандығым – педагог-психолог»

«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу- үлкен өнер»

З.Фрейд.

«Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла – деп  Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.

Бұл  қандай мамандық? Болашақта қандай мамандықты таңдасам? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, толғанып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім.Ақырында осы бір сұраққа жауап та таптым. Ол әлем – психология әлемі – жан туралы ғылым.

Қазіргі заманда адамның тұтыну құралдарының дамуы артқанымен, адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылығы азайып келе жатыр. Күн ұзағына пенделік қым-қуат тірлікпен арпалысқан адам бір сәт жабырқау тартқан жанына рухани қуат іздейді. Сол сәтте оның жағдайын түсініп, көмек қолын созатын адам  психолог қана. Психологпен әңгімелесу сананы сілкіндіріп, тұнық ойлардың тұма көздерін ашары бүгінгі күні дәлелденген шындық. Тағы бір еске ұстайтын жайт  бала тәрбиесіндегі психолог маманының орыны. Бүгінгі баланы еш нәрсемен қызықтыра алмайсын. Техника әлдилеген сәбилер, қазіргі балалар  шынайы ойындарға құмар емес.  Компьютер мен ұялы телефон балаларымыздың 4-5 жастан бас­тап сенімді серігіне айналды. Тоқтаусыз тіршілікпен арпалысып жүрген ата-ананың оның тәрбиесіне уақыты да, мұршасы да келе бермесі анық. Ал психолог маман бұл тұрғыда жас өскіннің жетіліп өсуіне, оның көк тіреген дараққа айналуына септігін тигізер бағбан іспеттес.

Осындай адам тағдыры ұстара жүзінде тұрған уақытта әр жүрекке мейірімділік шуағын ұялатып, адамдар арасындағы махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін жан өте қажет. Сондықтан психолог мамандығы өзінің өміршеңдігін жоймақ емес. Бұл кәсіп адамзат баласы тіршілік етіп тұрған уақытта қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Кеше ғана өткен жастар жылының ашылуына арналған форумда Елбасымыз айтпақшы «Болашақта барлығын жасанды инттелект басады, тек кейбір мамандықтар ғана өз маңыздылығын жоймайды» деп, осы мамандықтар қатарында менің мамандығым ойып тұрып орын алады деп сенемін.

Әрине, заман ағымына қарай адамның психологияға, жалпы психологтарға деген көзқарасы, қатынасы өзгермес үшін біз осы мамандықты ұстанушылар оның беделін түсірмей, керісінше асқақтата білуіміз қажет. Негізгі кез-келген жұмыстың нәтижелі болуы, ол біздің жұмысқа деген қатынасымызға байланысты деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану заманында мамандыққа қойылатын талап та адамның оған деген көзқарасы да қатты өзгерді десем келісетін шығарсыздар? Яғни, елімізде қазіргі уақытта талқыланып жатқан педагог мәртебесі, біздің мамандыққа да жат емес ұғым. Қазіргі балабақшаға келетін ата-ананың балабақшаға деген сенбестік көзқарасы, психологтардың шынайы жұмыстан гөрі, сансыз көп жиналыстардың тыңдаушысы болып жүруі, мамандық бойынша нақты ортақ бағдарламалардың жоқтығы, психологтың әлеуметтік беделінің төмендеуіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, біз адамдар кез-келген қиындық үшін басқаны немесе мемлекетті  кінәлауға асықпыз, бірақ негізі кез-келген іс-әрекет адамның өз ісіне жауап ретінде болады, не ексең соны орасың дегендей. Мысалы, бір дана келе жатса, алдынан тас тиелген ауыр арбаны итеріп келе жатқан адамды кездестіреді. «Сен не істеп келе жатырсың?»- деп сұрайды дана одан. Ол: «Көрмей тұрсың ба, мына қарғыс атқыр арбаны сүйреп келемін», — деп жауап береді. Алдынан екінші арбаны сүйреген кісі шығады.

Сондай сұраққа ол «Не істейін ойнап жүрген жоқпын, ақша табудың амалын жасап жүрмін»,- дейді. Тап сондай арбамен үшінші адам келеді. «Ал сен не істеп келесің?» деген сауалға ол: «мен ана тұрған қасиетті мешітті салып жатырмын» — деп қуана жауап беріпті. Барлығының да салып жатқандары мешіттің құрылысы екен. Бәрінің орындап жүрген жұмысы бірдей, бірақ сол еңбекке қатынасы, көзқарасы әр түрлі. Міне, жақсы психолог пен жаман психолог, жақсы мұғаліммен мен нашар мұғалім, жақсы маман мен жаман маман деген бағаға неліктен, не себепті ие болатынымызға жауап тапқандаймын. Ол өз қызметіңе, алдыңдағы ісіңе, яғни балаға деген қатынасыңа, сеніміңе байланысты екен.

Әсіресе психолог мамандығын таңдаған адамға жұмысқа ақша табу үшін, не басқа жұмыстың реті болмағасын амал жоқ-психолог болып, қалай болса солай қарым-қатынас жасауға мүлдем болмайды. Себебі балалық шақ бұл маңызды кезең, бұл үлкен өмірге дайындық немесе мектепке дайындық емес бұл баланың қазіргі өмірі, ертеңгі болашағы. Сол себепті, Елбасымыздың «Жастар жылының ашылуына арналған форумда «мамандықтан басқа мамандыққа секіріп, өзімді таппадым деп жүре бергенше, бір мамандықты жақсылып, меңгеріп соған өміріңді арна» деп бекер айтпады.

Сөзімді қорытындылай келе, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, ол үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін еңбек.

Кімде -кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Мамандығымыз- мақсатымыз, мақтанышымыз және болашағымыз болсын дегім келеді.

«№25 Санаториялық бөбекжай-балабақшасы» КММ педагог- психологы

Еслакова Айнагул Избасхановна

Жоғарғы деңгейдегі бірінші санатты психолог

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *