Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада

Ахметова Мейрамкуль Абдигаппаровна

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге — жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал, осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде мектепке дейінгі мекемеде атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің балабақша атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақшаға ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби — педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»

Біздің балабақша  қызметкерлері  ұлттық үрдістерді түрлі іс-шаралар барысында, оқу қызмет барысында, серуен уақытында, ойын іс-әрекеттерінде үнемі пайдаланып, баланы ұлтжанды етіп тәрбиелеуге, өз үлестерін  қосып келе жатыр. Жыл сайын дәстүрлі түрде наурыз айында «Қош келдің, Наурыз, жеріме» атты іс-шара өткізіледі. Сол шара барысында балабақша бүлдіршіндеріне ұлттық дәстүрді дәріптеп, ата-баба тарихын тереңірек тануына мүмкіндік береді. «Бесікке салу», «Тұсау кесер» т.б. салт-дәстүрлерді балалар мен ата-аналар, педагогтар өздері сахналап, оның мәні мен мағынасын ашып түсіндіреді.

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа, патриотизм және толеранттылыққа тәрбиелеу міндетін орындау барысында Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін «Патриоттық әндер» сайысына балабақша бүлдіршіндері қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеуде ұлттық ойынның алатын орны ерекше. Бала ойын арқылы шапшаңдыққа, тапқырлыққа, мергендікке, еңбексүйгіштікке үйренеді. Қаламызда ұлттық тәрбиені насихаттауға байланысты ұйымдастырылатын «Ханталапай» ойынынан жарысы дәстүрге айналып, балалардың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттыруда.

«Қазақстан патриоты» республикалық әскери-патриоттық журналы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балабақша тәрбиеленушілеріне арналған «Тәуелсіздікке – тарту!» атты байқауына қатысып,  балабақша бүлдіршіндері: Ботабай Інжу, Жаңақұл Мерейлім — «БАС ЖҮЛДЕ», ал Жұмабай Айназ, Исмайл Гүлсезім, Тілегенова Гүлдана – жүлделі — ІІ орын иеленді.

Қалалық білім бөлімі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін «Бал бала», «Бас киімдер шеруі» және «Тәуелсіз елге тәй басқан қадам»  балалар бесік  арбасы  атты балабақша тәрбиеленушілері арасындағы қалалық байқауларға қатысып,  өз өнерлерімен бөлісіп, ат-салысып жүр.

Балабақша тәрбиесінде баланың ынтасын өсіру, ой-өрісін дамытуда халықтық педагогика элементтерін көбірек пайдаланып, жаңартып отырса, бала тәрбиесі өз жемісін берері анық.                                                                   Сондықтан халқымыздың рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді жас буынға дәріптеу, оны ұрпақтан-ұрпаққа айтып жеткізіп отыру біздің басты міндетіміз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *