Мәңгілік биік белестей…
Мәңгілік биік белестей…..
Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз — Әбу Насыр әл-Фараби.
Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі – ғалымның жан-жақты тұлғасын көрсетеді. Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Әл Фарабидің ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Әбу Наср Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады.
“Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкілінің қаншалықты және қалай тәрбиелегеніне тікелей байланысты. Ұлттың әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарамаса, ішкі жан дүниесі нұрланбаса, ол ұлттың дамуын күту бекершілік”, – деп ислам ойшылы әрі ағартушысы Ф.Гүленнің айтқанындай отбасы, бала тәрбиесінен бастау алатын ұлттық идеяның ұдайы жетілуі, рухани толысуы адамзат үшін аса маңызды өлшемдер болып табылады. Өйткені, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының қалыптасып, дамуы тарихи тұлғаларымыздың әр кезеңдегі, әр саладағы ұлттық мүддені аңсаған арман-тілектері, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, зерттеушілік еңбектері бүгіндері тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қаралуда. Осыған орай бабаларымыздың еңбектерін тәуелсіздік тұрғысынан саралау уақыт талабы бомақ. Адам, адамгершілік, бақыт, адамның қиыншылықтарға төзе білуі, басшы адам тұлғасы қай кезеңде де ұлт зиялылырының еңбектерінің өзекті мәселесі болған. Адам бойында жақсы қасиеттері мен жаман қасиеттері қатар жүреді. Оның бойындағы қабілеттілігін оңбаған әрекеттер мен тамаша әрекеттерге бірдей қолдануға болады дей отырып, адамсүйгіштік, адалдық, әділдік, шыншылдық қасиеттерге құрметпен қарау арқылы оның бойындағы қабілеттілігін тамаша әрекеттер жасауға икемдеу керектігін айтады. Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі»,- деген аталы сөздерін қалдырады. Адам баласына ортақ қасиеттердің болатынын айта отырып, сонымен бірге әр адамның тек өзіне ғана тән қасиет-қабілеттерінің бар екендігін сөз етеді. Кез келген адам бойындағы өзіне ғана тән қасиетінің болатындығын көрсете отырып, «осы табиғи қасиеттердің бәрі ерік күшіне негізделетінін оны тәрбиелеуді қажет ететінін және оларды елеусіз қалдырып, арнаулы амалдармен дамытпаса, тиісті нәрселерге баулымаса, соның салдарынан уақытын өткізіп алса, онда ол қасиетті жойып алуға болатындығын дәлелдейді. Адам бойындағы жаратылысынан болатын игі жақсы қасиеттерін белгілі бір амалдармен тәрбиелемесе, оны дамытпаса, оған дұрыс бағыт-бағдар берілмесе жойылып кететіндігін; ол тәрбиеленушінің бойындағы абзал қасиеттерін танып білу арқылы тәрбиелегенде ғана дұрыс нәтиже беретінін ғалым түсінікті етіп баяндаған. Адамдардың жаратылысынан неге лайықты екенін ажыратып білу арқылы тәрбиелеу керектігін, оның белгілі-бір іс-әрекетке бейімділігін, жетілген-жетілмегендігін ажырату арқылы өзі бейім тұратын іс-әрекетке ыңғайлап, тәрбиелеу аса қажетті іс-әрекет екендігін анықтаған. Өзін-өзі танып тәрбиеленген ұрпақ қана ізгілікке қадам баса алатын ұрпақ бола алады деп ой қорытады.
Әл-Фараби басшылыққа бағынатын адамдарды қайрымды, абзал және бақытты адамдар деп санайды. Бұл адамдар халық болып құрылса, ондай халықты қайырымды халық деп, ал қоныстанып біріксе, қайырымды қала болып табылады деп көрсеткен. Бұл қайырымды қаланы билейтін басшылардың тілектері, мақсаттары және оны іске асыру әрекеттерінің шынайы, бірыңғай болуының арқасында нәтижеге ие болатындығын және олардың өз бетінше орынды деп тапқан іс-әрекеттері болса, басқару бағытын өзгерте алатындығын, ондай басшының заң бойынша нағыз билеуші болып табылатынын көрсетеді. Бұл қойылған шарттардың, айтылған пікірлердің осы күнгі өмір талабымен үндесіп жатқаны даусыз. Адам бойындағы, оның ішінде басшы бойындағы бұл қасиеттердің қазіргі басшылардың да бойына қойылатын талаптар екені талассыз… Адал болып, айналасындағы адамдарға жылылықтың нұрын шашып, бөлмей-жармай қарамағындағыларды тең ұстайтын, өз жұмысын жақсы білетін білімді әрі адал басшыларға қоғам әлі де зәру… Болашағымыздың жарқын, қоғамымыздың ізгілікті болуы үшін шындық пен шыншыл адамдарды сүйетін адал басшылар көп болса екен…Мәңгілік ел есінде қалатын, қазақтың мақтанышы болып табылатын ғұлама ғалым, мың жылда бір келері анық.