Мақала. Заманауи білім беру жүйесі: өткен тәжірибе – болашақ шындық
Заманауи білім беру жүйесі: өткен тәжірибе – болашақ шындық
Валиева Алтын Махатовна Ақмола облысы Ақкөл қаласы Жайық Бектұров атындағы №3 Ақкөл орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Мен өз қалауыммен таңдаған мамандығымның нақты иесі болуыма, бәлкім, шын жүректен қызығушылығым себеп болған шығар. Біраз жылдан бері қызмет ету жолымда қолданған әдіс-тәсілдерім мен атқарылған істерімнің жинағын әдістемелік құрал ретінде «Мамандығым-мақтанышым» деп атаған болатынмын және осы жұмысым әр жыл сайын жаңару үстінде. Оқыту барысында мұғалім өз шәкірттерін зерттеп байқайды, олардың білім, білік, дағдыларын тексеріп бағалайды. Сондықтан да әрбір ұстаз сабақты шын мәніндегі нағыз шығармашылық еңбек деп түсініп, өзінің педагогикалық шеберлігін, білім-білігін күн сайын арттыра түсуі, озат тәжірибелерді өз сабақтарына кеңінен пайдалануға тиіс. Мұғалім тақырып өткенде тиімді әдісті таңдауы – өз құзырлығында. Себебі, мұғалім үшін ең тиімді әдіс – оның өзі жақсы меңгерген, жетік білетін әдісі. Қазіргі кезеңдегі мұғалімдер қауымы өз әріптестерінің, пір тұтатын әдіскерлерінің озат тәжірибесінен хабардар болып отырады және өз шығармашылық жұмысында пайдаланады деп ойлаймын. Себебі мен де көптеген мұғалімдердің іс-тәжірибесінен өзіме жақын әдістерді қолданып жүзеге асыруға тырысамын. Тақырыпты меңгертуде әр мұғалім өзінше беруге, түсіндіруге тырысады. Осы күнге дейінгі дәстүрлі сабақтарда тақырыпты мысалдар келтіруден бастап үйретіп, одан соң ғана теориясын шығаратын едім. Бүгінгі жаңа бағдарлама негізіне қарап отырсам, менің олай жасаған әдісім болжау жасау ұғымымен пара-пар келеді екен.
Білім мен тәрбие — егіз ұғым. Бүгінгі жаңарту бағдарламасында осы екі ұғым ерекше насихатталып жүр. Осындай жаһандану заманында білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы мақсат – өз білімі мен мәдени деңгейін үздіксіз арттыру мүмкіндігі бар, өзіне және қоғамға пайда келтіруге қабілетті, өзгермелі заманда табысты бола алатын жоғары адамгершілікті, шығармашыл, сыни ойлайтын тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және дамыту. Егер білім берудің дәстүрлі моделінде берілген тапсырмаларды мезгілінде орындаған оқушы үздік немесе екпінді деп есептелінсе, жаңарған білім мазмұнында алдыңғы орында жігерлік тұрады, ол өмірде табыстылық, ұтқырлық, түрлі мәселелерді шешу даярлығына кепіл бола алады.
Заманауи білім беру – негізгі қызметі Отанын сүйетін тұлға үшін маңызды адамгершілік-құқықтық және саяси білімдерді, дүниетанымдық және мәдени құндылықтарды меңгертуге бағытталған, демократиялық қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін тәжірибеде іске асыру қабілеті және даярлығы бар мемлекет пен қоғам мүшелерін оқытатын және тәрбие беретін жүйе.
Білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы тәрбие мен білімнің басты мақсаты – өзгермелі әлем жағдайларында шығармашылыққа және өзін-өзі анықтауға қабілетті, азаматтық пен патриоттықтың дамыған сезімдері, жауапкершілігі және жасампаздыққа ұмтылысы бар, кәсіби және әлеуметтік құзыретті тұлға қалыптастыру.
Білім алушыны шығармашыл, жан-жақты дамыған тұлға, белсенді өмірлік бағыттары бар азамат ретінде қалыптастырудың маңызы білім беру ұйымының бірлескен мәдениетімен табиғи байланыста қосылған жан-жақты жұмысының жүйесі болып табылады.
Мемлекетімізді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Білімді, сана-сезімі толысқанды ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Білімді ұрпақ, білімді тұлға дегенде рухани жан дүниесі бай, білімі мен біліктілігін жоғары, талап талғамы терең, салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастырған тұлғаны айтамыз. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, Отансүйгіштік т.б. қасиеттер болуы керек. Ол үшін жас ұрпаққа тәрбие беруде, ар-ұят, адалдық, рухани, адами, ізгілік мәселелерін қатар қою қажет.
Жаңа оқулық бағдарламасы мамандардың айтуынша, рухани және адамгершілік тұрғысынан тәрбие беру адам бойында жағымды қуаттың оянуы ғана жеке тұлғаның өрістеуіне, рухани нұрлануына, шабыттануына, шаттануына мүмкіндік туғызады. Сондықтан күнделікті өмірде қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынаста бола отырып, жан-жағымызға сүйіспеншілік, мейірімділік, әділдік пен адалдық сыйлауға әдеттенуіміз қажет. Себебі жаңа оқулықтар мазмұны осы аталған проблемаларды қамтитын бөлімдер мен тақырыптардан тұрады.
Сөз соңында айтарым, ең бастысы, жаңа заманға лайықты білігі мен тірлігі жарасқан ойшыл, болашағынан үміт күттіре алатын намысшыл тұлға қалыптасуына дұрыс бағыт бере алатын білікті мамандар даярлау мақсаты көзделгенін естен шығармауымыз қажет. Осы жүйенің арқасында бірнеше тілді еркін меңгеріп, әлемдік додаларда бақ сынап жүрген жастарымызбен, қазақ деген елдің, ұлттың бар екендігін мойындатып үлгерген ерендерімізбен мақтанайық. Ұлттың бірлігі оның алған білімі мен тәрбиесінде деп ойлаймын.