Қашықтықтан білім беру ерекшеліктері
Қашықтықтан білім алу ерекшеліктері
Жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені шындық. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның жиынына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен коллеждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін хабарлағаны мәлім. Министр айтқандай, қашықтықтан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауқары жетеді. Студенттерді қашықтықтан оқытуға техникалық мүмкіндік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті.
Бүгінгідей, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде студенттерге қашықтықтан дәріс беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара.
Осы ретте сандық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған сандық шешімдер мен сервистер саны күн сайын өсіп келеді. Мәселен, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету, open-source, ақылы бұлтты порталдық шешімдер, интеллектуалды корпоративтік жүйелер айырықша мазмұнға ие.
– Бұл бағытта нақты қандай бағдарлар мен бағдарламалар бар?
– Технологиялық шешімдердің сан алуандығына қарамастан, оқытушылар мен студенттердің қашықтықтан оқыту форматын еш қиындықсыз игеруі үшін және дәріс беру нәтижелерін сапалық деңгейге көтеру алгоритмдерін дұрыс түсіну мен бағалау мақсатында нақты ойластырылған жоспарлы бағдарлар керек. Сандық технологияларды тиімді енгізуге, міне, осындай бағдарлар ғана көмектесе алады. Бұл орайда цифрлық бағдарларға көшу үрдістері ең алдымен адами капиталға бағытталуы қажет: білім алушылардың таланттарын ашатын ұлық тұлғалар – педагогтарға деген қамқорлықтың маңызы зор, қайтарымы көп.