ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН КЕҢЕС «БАЛАЛАР ҰЖЫМЫНДА ОЙЫНДЫ ДҰРЫС ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ»

ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН КЕҢЕС
«БАЛАЛАР ҰЖЫМЫНДА ОЙЫНДЫ ДҰРЫС ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ»
Сагиндыкова Айнур Зулхарнаевна
Атырау облысы, Атырау қаласы, КМҚК №1 «Сәби әлемі» бөбекжай-бақшасының әдіскері

Аннотация: Педагогикалық энциклопедияда: ойын әрекеті – баланың барлық нышандарының дамуына мүмкіндік тудыратын өзіндік ерекшелігі бар интеллектуалдық мектеп делінген. Мектепке дейінгі кезеңде баланың негізгі әрекеті – ойын. Сондықтан ойын оқу іс – әрекетінің кез келген кезеңінде тақырыпқа, оның мақсатына сай қолданылады.
Түйін сөздер: Ойын – сауық, коммуникативтік қызмет, диагностикалық қызмет, коррекциялық қызмет.

«Ойын арқылы бала дүниені таниды» — дейді Т.Тәжібаев. Шынында да, бала үшін ойын өмір сүрудің белсенді формасы, сол арқылы ересектерге еліктейді, олардың іс – әрекетін, қарым – қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсініп, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады.
Ойын арқылы бала өздігінен жұмыс істеуге үйренеді, ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры баийды. Сондай – ақ ойын үстінде балалардың тілін дамытып, ойын жүйелі айта беруге үйрету – педагогтың басты парызы. Ойын үстінде баланың түрлі қасиеттері дамып, қабілеті мен белсенділігі артатынын көрнекті педагог А.С. Макаренко кезінде атап көрсеткен.
«Ойын» ұғымына түсініктеме берсек – бұл адамның мінез – құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізіндегі іс – әрекеттің бір түрі. Адамзат тәжірибесінде ойын әрекеті мынадай қызметтерді атқарады:
— Ойын – сауық;
— Коммуникативтік немесе қарым – қатынастық;
— Диагностикалық (ойын барысында өзін – өзі тану);
— Коррекциялық (өзін – өзі түзету).
Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар баланың зейінін, есін, қиялын қалыптастыруда зор рөл атқарады. Ойын әсері – арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатын, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Ал, ақыл – ой ойындарда белгілі бір ережелерді сақтап ойнайды. Ол ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттырумен қатар, ерік сезім түрлерін де дамытады.
С.А. Шмаковтың анықтауы бойынша, ойын үш түрлі қырымен сипатталады:
— еркін дамытушы іс – әрекет, ол әрекет белгілі бір нәтиже үшін емес, баланың қанағаттануына байланысты.
— әрекеттің эмоционалды жағына көтеріңкі болуы, яғни жарыстық орын алуы.
— ойынның мазмұнын сипаттайтын жағдайлар.
Сондықтан, педагог ұйымдастырылған оқу қызметінде ойындарды пайдаланғанда төмендегідей міндеттерді шешу қажет:
1. Ойынның баланың жас ерекшеліктеріне сай түрін, таңдау;
2. Ойынның білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарын, нақты айқындау;
3. Ойын арқылы қалыптасатын білім, білік дағдыларын білу;
4. Ойынның өткізу уақытын, орнын білу;
5. Ойынды өткізудің ұйымдастырушылық түрін нақтылау;
6. Ойынның жабдықталуын қамтамасыз ету;
7. Ойынның қорытындысын күні – бұрын шығармашылық ізденіспен ойластыру, топпен немесе саралай өткізу қажет.
Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, педагог ойында балалар игеруге тиісті бағдарламалық мазмұнды сұрыптап, жоспарлайды, дидактикалық және ойын міндеттерін, қимыл мен ережелерді, нәтижені дәл белгілейді. Ол ойынның өзіндік ерекшелігі мен өз әрекеттік сипатын бұзбастан, оқу іс – әрекетінің мақсатына сәйкес пайдалана білуі тиіс.
Ойынға мынадай сапа тән:
— мазмұнның тәрбиелік – танымдық құндылығы, бейнеленетін түсініктердің, толықтығы мен дұрыстығы ойын іс – әрекеттерінің орындылары, белсенділігі,
— Ұйымшылдығы мен шығармашылық сипаты;
— Жеке балалардың және барлық ойнаушылардың мүдделерін ескере отырып, ойында ережелерге бағыну және соларды басшылыққа ала білу;
— Ойыншықтар мен ойын материалдарын мақсаткерлікпен пайдалану;
— Балалардың қарым – қатынастарының игі тілектестігі және көңіл – күйлерінің шаттығы.
Ойынды басқара жүріп, педагог баланың жеке басының барлық жағына: оның санасына, сезіміне, ерік – жігеріне, мінез – құлқына ықпал жасайды, ойынды ақыл – ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің мақсаттары үшін пайдаланады. Ойынның оңды әсерін пайдаланып, жарамсыз ойындардың тууына жол бермеу үшін балаларды ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата білуге үйрету керек, жақсыға құлшына ұмтылуға, жаманнан жиренуге тәрбиелеу керек. Осы мақсатпен педагог ойын арқылы және ойын үстінде балаларға қайсыбір жағымды фактілердің мағынасын ашып береді, ол фактілерге баға береді, балалардың соларға еліктеуге ұмтылған ықыласын туғызады, сол арқылы олардың ойында бейнеленген нәрсеге көзқарасын қалыптастырады.
Ойын ережелерінің үйретуші, ұйымдастырушы және тәртіптендіруші сипаты бар.
Үйретуші ережелер балаларға не істеу, қалай істеу керек екенін ашып беруге көмектеседі; олар ойын әрекеттерімен үйлес болады оның рөлін күшейтеді, орындау тәсілін анықтайды;
Ұйымдастырушы ережелер ойынның тәртібін, жүйелілігін және балалардың ойындағы қарым-қатынасын белгілейді;
Тәртіптендіруші ережелер нені және неге істеуге болмайтынын ескертеді.
Осыдан келіп ойын туралы мынадай тұжырым жасалуға болады:
а) ойын – тәрбие құралы, ақыл – ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді тәрбиелейді.
ә) ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді.
б) ұжымдық сезім әрекеттері дами түседі.
в) эстетикалық тәрбие беру – өнерді, көркемдікті түсіндіру құралына айналады.
г) еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді.
д) дене күшінің жетілуіне көмектеседі – ойын баланы жан – жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:
1) Әмірова Ә, Сәтімбекова М, Наурызбаева М. «Мектепке дейінгі ұйымдардың сәбилер тобында сенсорлық тәрбиені ұйымдастыру» (әдістемелік нұсқау). – Алматы, 2012 – 122б.
2) Интернет ресурсы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *