Мектепке дейінгі жастағы балалардың музыкалық қабілеттерін дамыту
Бакенова Базаркул Ормановна
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алғашқы буыны болып табылатын мектепке дейінгі кезеңде балалардың музыкалық қабілетін жан-жақты дамыту және тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілуде, себебі осы кезеңде балалардың музыкалық қабілетін дамыту мүмкіндіктері мол. Ғалымдардың пікірінше табиғи жаратылысында музыкалық қабілетінің алғашқы шарттары 50-60% байқалған. Баланың музыкалық ерекшеліктері жаратылысынан шығармашылық, ізденімпаздық сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты бағыттарын айқындау ең алдымен оның жас және дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты. Балалардың толыққанды музыкалық тәрбиесін қарапайым музыкалық түсініктерді қалыптастырудан бастау қажет.
Баланың музыкалық даму процесі музыкалық қызметтерді ұйымдастыру барысында жүзеге асады. Сәбилік шақтан бастап музыкалық қызығушылықтарын дамыту – тәрбиешінің міндеті.
1-2 жаста бала ересек адамның әнін тыңдай отырып, дауыс интонациясына уілдейді, былдырлайды.
2 жаста бала қарама-қарсы сипаттағы әндерге шаттанып қуанады немесе сабырлы күй танытады. Алақандарын шапалақтап, аяқтарын топылдатады. Кейде әннің жеңіл буындарын «әй-әй», «топ-топ» буындарын қайталайды.
3-4 жаста шағын әндерді ересектердің көмегімен орындай алады. Дербес әрекет етуге ұмтыла отырып билеуге, ойнауға ұмтылады.
5 жас –баланың көп білуге құштар кезеңі. Неге? Неліктен? деген сұрақтарды көп қояды. Бала жетекшінің қойған талаптарын, ән, пьесалардың көңілді, қуанышты, сабырлы сипаттарын сезіне отырып, пьесадағы қарама-қарсы екі бөлімді, музыкалық аспаптар тембрін, қол ұстасып ән айту, жеңіл би қимылдарын орындай алады.
6 жас –балаларды мектепке дайындау кезеңі. Балалар музыкалық шығармаға сипаттама бере отырып, эстетикалық көзқарасын қалыптастырады. Ән, би, ойындарды орындауда шығармашылығы дамып, музыкаға деген ынта-ықыласы айқын көріне бастайды.
Музыкалық тәрбие берудің басты мақсаты – музыка өнері арқылы баланың өмірге деген көзқарасын, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, өз халқының өнерін, салт-дәстүрін жоғары бағалай білетін парасатты азамат тәрбиелеу.
Білім берудің ең төменгі сатысы – мектепке дейінгі кезең және тұлғаның даму іргетасы, оқу әрекетін қалыптастырудың ең қуатты кезеңі. Бұл сатыдағы баланың есте сақтау қабілеті, қабылдауы төмен болғанымен білуге құштарлығы зор болады.
Даму ортасының негізінде тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін мектепке дейінгі білім беру мекемесі, баланың тұлғасын дамытуда оның жеке ерекшелік мүмкіндіктерін ашып, таным белсенділігін қалыптастыру мақсатында мынадай міндеттерді шешуі шарт.
Баланың ішкі белсенділігін дамытуға арналған қажетті мүмкіндіктер жасау:
- Әр балада оның жеке дара қасиеттері мен қабілеттерін ашып, олардың өмір сүруге қажетті салаларға орнығуына мүмкіндік көрсету;
- Әр баланы тұлғалық ерекшеліктерін ашып көрсетуге және оны дамытуда көмегін тигізетін жаңа жолдарды іздестіру;
- Әр баланың тұлғасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қамтамасыз ететін қарым-қатынасты орнату;
- Тұлғаға әсер етудегі белсенді әдістерге бағдар жасау;
- Ойын арқылы оқыту, білім беруді ізгілендіру технологиясында қарапайымдылық, кішіпейілділік, өзара түсінушілік сезімдерін баулиды.
- Оқытудың ақпараттық технологиялары арқылы мультимедиалық құралдарды пайдалану.
Отбасында ата-аналарға педагогикалық білім өте қажет, себебі ата-ана бала тәрбиесінің мақсат, міндеттерін айқын түсінбей бала тәрбиесінің жолдары мен амалдарын ойдағыдай іске асыра алмайды.
Ата-аналармен әңгіме кезінде өсіп келе жатқан сәбидің мүмкіндіктері зор, бірақ олар шексіз емес екендігін олармен бірге өткізілетін тренингтерде ескерту қажет.
Баланың мүмкіндіктерін ескермей дамуды жеделдетуге болмайды, сондай-ақ даму барысында кідірісте болмау қажет. Сондықтан ата-ана ерте сәбилік және мектепке дейінгі жастағы балалардың музыкалық дамуының көрсеткішін білуі маңызды