«Төрт түлігім- ырысым»

Бердимуратова Альфия Куанышбаевна

Білім беру саласы: Қатынас, таным, шығармашылық.

Ұйымдастырылған оқу қызметі: Тіл дамыту, қоршаған ортамен таныстыру, аппликация.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекет тақырыбы: «Төрт түлігім- ырысым»

Мақсаты: Төрт түлік мал ерекшеліктері және олррдың пайдасы жөнінде түсінік беру, балалардың танымдық қабілеттерін дамыту. Үй жануарлары туралы тақпақтар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар шеше отырып, халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылықтарын арттыру және оны сүюге, қамқор болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер: Әңгімелеу, түсіндіру, көрсету, топқа бөлу, ойын, тақпақ, жұмбақ, мақал-мәтел, сұрақ-жауап,

Қажетті құрал-жабдықтар: Жыл мезгіліне байланысты сурет, үй және жабайы жануарларының суреттері, алабота, теріскен, жантақ шөптері бейнеленген сурет, төрт- түлік өнімдері: сүт, айран, шұбат, балқаймақ, құрт, ет өнімдері: шұжық, ірімшік, қазы. Төрт түлік жүнінен тоқылған киімдер керекті заттар: кеудеше, жеңсіз, төсек көрпе, киіз, белбеу, шұлық, қолғап. Жануарларға байланысты ою түрлері: қошқар мүйіз, түйе мойын, түйе табан, жапсыруға қажетті түйе жүні, сулықтар.

Шаттық шеңбері:

-Балалар қазір жылдың қай мезгілі?

-Қазір жылдың көктем мезгілі

-Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады?

-Қар-мұз ериді, күн жылына бастайды, ағаштар бүршік жарады, жыл құстары ұшып келеді, төрт түлігіміз төлдейді.

-Балалар таңертең балабақшаға келе жатып, хат тасушыны кездестірдім. Сендерге хат жазып жіберіпті. Бұл хат кімнен келген екен?

Балалар бұл хатты ауылдағы Зере әжеміз жолдапты. Хатты оқып берейін:

«Құрметті балаларым амансыңдар ма! Ұлыстың ұлы күнін жақсы қарсы алған боларсыңдар. Мереке құтты болсын! Балалар менің қалада тұратын немерем Сиқырлы ұяшық ойынындағы  тапсырмаларды орындауға қиналып жатыр. Сендер Балғынбекке көмектесесіңдер ме? Біздің ауылға келіңдер, асыға күтемін.»

-Балалар: Әрине көмектесеміз.

Балалар бүгінгі оқу іс-әрекетіміз ойын түрінде өткізіледі.

Ойын шартымен таныстырып өтейін:

Ойынымыз «Сиқырлы ұяшық» деп аталады. Сондықтан екі топқа бөлінеміз. «Ботақан» және «құлыншақ» тобы болып жарысатын боласыңдар. Екі топтан да топ басшылары тағайындалады. Сиқырлы ұяшықтардың сұрақтарына жауап беру үшін алдымыздағы қоңырауды соғу қажет. Қай топ бірінші болып қоңырауды соқса, сол топ сұраққа бірінші  жауап береді. Дұрыс жауап берген топқа жұлдызша беріліп отырады.

-Балалар сиқырлы ұяшық ойынын ойнағыларың келеді ме?

-Балалар: Иә

Ендеше ойын сабағымызды бастайық.

Сиқырлы ұяшығымыз алты ұяшықтан тұрады.

Ұяшықтың бірінші тапсырмасы:

Суреттегі төрт-түлік малды атап, олардың пайдасы жөнінде не айта аласыңдар, жене де төрт-түлік пірлерін ата?

Жылқы атасы- Қамбар ата,

Сиыр атсы- Зеңгі баба,

Түйе атасы- Ойсылқара,

Ешкі атасы- Сексек ата,

Қой атасы- Шопан ат.

Ұяшықтың екінші тапсырмасы: Төрт-түлік туралы қандай мақал-мәтелдер және өлең-тақпақтар білесіңдер?

Қойшы көп болса

Қой арам өледі.

Мал өсірсең қой өсір,

Өнімі оның көл-көсір.

Ботам-ботам дегенше,

Бота көзім десейші.

Жылқыда өт жоқ,

Құста сүт жоқ.

Жылқы малдың патшасы,

Түйе малдың қасқасы.

Ұяшықтың үшінші тапсырмасы:

Ғажайып сәт: Музыка әуенімен топқа Зере әженің немересі Балғынбек кіріп келеді.

Балғынбек: Сәлеметсіңдер ме балалар! Мені таныған боларсыңдар, менің атым Балғынбек. Зере әженің немересімін. Мына қоржындағы заттарды әжем беріп жіберді.

Тәрбиеші: Қоржындағы заттарды алады. Зере әже ет және сүт өнімдерін беріп жіберіпті.

Балғынбек біздің балалардың қасына отыра ғой.

Ойын: «Дәміне қарай ажырат»

Ойын шарты: балалар сендердің ауыздарыңа ет және сүт өнімдерін салып жатқанда көздерің жұмылған күйде болу керек, бұдан соң жеген өнімнің  дәміне қарай қай жануарға тиісті екенін ажыратып айту керек.

Сергіту сәті:

Сиыр шықты далаға- му-му,

Түйе шықты далға- бо-бо.

Қой шықты далаға- мә-мә,

Жылқы шықты далаға- қиу-қиу.

Ешкі шықты маңырап- мәә-мәә.

Ұяшықтың төртінші тапсырмасы:

Төрт-түлік малды қалай шақырады?

Балалар: Сиырды- ауқау, ауқау.

Түйені-көс- көс,

Қойды- пұшай- пұшай.

Жылқыны- құрау- құрау,

Ешкіні- шөре- шөре деп шақырады.

Ұяшықтың бесінші тапсырмасы:

Д/о:«Үй жануарларының төлдерін тап»

Ойын шарты: Үй жануарларының адасып кеткен төлдерін, өз енелерінің қасына қою керек.

-Түйе төлін қалай атайды?

-Бота деп атайды.

-Ешкі төлін қалай атайды?

-Ешкі төлін лақ деп атайды

-Сиыр төлін қалай атайды?

-Сиыр төлін бұзау деп атайды

-Жылқы төлін қалай атайды?

-Жылқы төлін құлыншақ деп атайды.

-Қой төлін қалай атайды?

-Қой төлін қозы немесе қошақан деп атайды.

Ұяшықтың алтыншы тапсырмасы:

«Жұмбақ шешу»

1.Иір-иір денесі,

Сахараның кемесі.

Ащы шөптер тамағы,

Шөлге шыдап бағады. (Түйе)

2.Кішкен ған бойы бар,

Айналдырып киген тоны бар. (Қой)

Балалар жұмбақтың шешуін ойланып табады. Ұяшықтың тапсырмаларын орындап болған соң, сурет ашылады.

-Мынау ненің суреті?

-Балалар: Үй жануары түйе.

-Дұрыс айтасыңдар балалар. Түйе үй жануары, ірі қараға жатады. Ойсыл қара баласы. Түйенің мойнындағы және аяғындағы жүнін шуда деп атайды. Шуда жүнді түтіп, иіріп, шұлық, кеудеше, белбеу тоқылады. Түйе жүнін басуға болмайды. Түйе жүнінен тоқылған шұлықты тек қана ер адамдарға киюге рұқсат етіледі, әйел адамдарға киюге болмайды. Өйткені түйе киелі жануар. Түйе сүті сиыр сүтіне қарағанда екі есе қою болып келеді. Түйе сүтінен шұбат, балқаймақ, құрт жасалады.Түйе алабота, теріскен, жантақ шөптерін сүйсініп жейді, шөлге төзімді жануар. Біздің Маңғыстау облысы шөлейтті аймақ болғандықтан түйелер өте көп кездесіп жатады. Түйе пайдалы, емдік шөптерді жегендіктен оның сүті, шұбаты адам денсаулығына өте пайдалы, әсіресе асқазан ішек ауруларында дәрігердің өзі түйе сүтін ішуге кеңес беріп жатады. Түйенің кірпіктері  ұзын болады, кірпіктері көзін шаң-тозаңнан сақтап тұрады. Түйе төлін бота деп атайды. Қазақ халқы қыздарына Ақбота, Ботакөз, Бота деп ат қойып жатады. Өйткені ботаның көзі өте әдемі, тіпті аналарымыз «ботадай мөлдіреген көзіңнен, ботақаным, ақ ботам» деп еркелетіп жатады.

-Балалар аналарың, әжелерің сендерді қалай еркелетіп шақырады?

-Балалар: Қошақаным, құлыншағым, қоңыр қозым, ботақаным, тентек лағым деп еркелетеді.

Музыка әуенімен топқа түйе кіріп келеді.

-Түйе: Сәлеметсіңдер ме балалар! Мені таныдыңдар ма?

-Мен қай жануарға жатамын?

-Балалар: Түйе үй жануарына жатады. Түйе төлін бота деп атайды.

-Түйе: Балалар мен сендерден көмек сұрап келдім, ботақанымның туған күні жақындап келе жатыр. Ботаның туған күніне көрпе тіккен едім, енді сол көрпені қазақтың ою-өрнегімен әшекейлеу қажет.

-Жануарларға байланысты қандай ою түрлерін білесіңдер?

-Балалар: «Түйе табан», «Түйе мойын», «Қошқар мүйіз»

«Ботақан» тобы көрпені ою-өрнекпен әшекейлейді, «Құлыншақ» тобы түйе мүсінін түйе жүнін пайдаланып, желіммен жапсырады.

-Түйе: Рахмет сендерге балалар мына сыйлық менің ботама ұнайды. Балалар ендеше ауылға Зере әженің үйіне қонаққа барайық.

Балалар түйемен сиқырлы кілемшеге мініп, әженің үйіне қонаққа келеді.

Зере әже: Амансыңдар ма балаларым, қалдарың қалай? Шаршап қалмадыңдар ма? Келіңдер, төрлетіңдер. Мен сендерге арнап бауырсақ, құрт дайындап қойдым.

-Балалар рахмет әже, бауырсағыңыз дәмді болыпты.

-Тәрбиеші: Біздің балалар сізге арнап өлең жаттады.

«Жақсы көрем әжемді» әні орындалады.

-Тәрбиеші: Әже сіздің немереңіз Балғынбекке балалар көмектесті, тапсырмаларды орындады. Немереңіз бұдан былай қиналмайтын болады. Енді біздің балабақшаға кететін уақытымыз да таяп қалды.

-Балалар: Әже, Балғынбек, бота сау болыңдар! Сендер де бізге қонаққа келіп тұрыңдар.

Әже: Сау болыңдар балалар! Рахмет сендерге, ауылымызға жиі-жиі қонаққа келіп тұрыңдар!

Сиқырлы кілемшемен ұшып, тобымызға ораламыз.

Қорытынды

-Балалар бүгін біз не жайлы әңгімелестік? Біз қайда бардық?

-Балалар:Үй жануарлары туралы әңгімелестік, түйенің көрпесін әшекейледік, мақал-мәтел айттық. Әже ауылына қонаққа бардық.

-Балалар бүгінгі оқу қызметіне өте жақсы, белсенді қатыстыңдар, Жарайсыңдар балалар! Енді екі топтың жұлдызшаларын санап, жеңген топты жариялаймын.

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *