«Қыс қызығымен тамаша»

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы

№7«Алпамыс» бөбекжай балабақшасы КМҚК тәрбиеші

Асанова Сауле Турсуновна.

 

Тақырыбы: «Қыс қызығымен тамаша»

Мақсаты: Балаларға қыс мезгілінің басқа мезгілдерден өзгешелігін түсіндіру. Қысқы табиғат көрінісіне, қысқы ойын түрлерін атату. Сурет бойынша әңгіме құрауға, өз ойларын толық жеткізе білуге, жүйелі әңгімелеуге үйрету. Қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру. Бірден төртке дейінгі сандарды санау және қосып алу, алыс, жақын, жоғары, төмен, оң, сол ұғымдарын түр-түстерді ажырата білуге тәрбиелеу. Өз ойларынан суретті әсемдеу, әр кейіпкердің өз орнын тауып жапсыру. Кеңістікті бағдарлап дұрыс пайдалана білуге үйрету. Қоршаған ортаға қызығушылықтарын арттыру.

Көрнекіліктер: суреттер, шыршалар, мұз, қысқы көрініс.

Әдіс-тәсілдер: әңгімелеу, сұрақ-жауап.

Музыка әуенімен топқа кіру. Қонақтармен амандасу.

Шаттық шеңбер:

Аспан түрді түндігін,

Жерге сәуле жайылды.

Неткен ашық күн бүгін,

Қайырлы таң балалар

Қайырлы күн қонақтар, — деп

Иіліп сәлем береміз.

Тәрбиеші: Балалар әр топ өз орындарына отырыңдар. Біз бүгін сурет бойынша әңгіме құраймыз. 1-топ Қыс бейнесіне әңгіме құрайды.

Тәрбиеші: Мен сендерге жұмбақ жасырайын.

Аяз қысып, өрнек сызып

Терезені торлайды.

Қарға омбығып,

Бет домбығып

Сырғанап жастар ойнайды.

Кейде ұлып,

Кейде ысқырып,

Ұйтқып боран соғады.

Айтыңдаршы балалар!

Бұл қай кезде болады?

Балалардың жауабы: қыс.

Тәрбиеші: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Балалардың жауабы: Қыс мезгілі

Тәрбиеші: Қыс айларың атандаршы?

Қыс айлары: желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Қыстың қандай белгілерін білесіңдер?

Қыста күн суық болады, қар жауады, боран соғады, аяз болады, адамдар жылы киінеді.

Тәрбиеші: Өте дұрыс жауап бердіңдер балалар.

Балалар қыс мезгілі туралы және қысқы ойындар туралы жақсы әңгіме құрап, толық жауап бере алдыңдар.

Тәрбиеші: Ал, балалар енді қыс туралы тақпақ кім біледі?

Біз тебеміз сырғанақ,

Таудан төмен сырғанап.

Бір шанада екеуіміз,

Құламайды екенбіз.

 

Ақ шанамыз зырлайды,

Ақ қар оны шындайды.

Біреуі шаңғы тебеді,

Құйындатып келеді.

Тәрбиеші: Өте жақсы айттыңдар. Енді қыс мезгілі жайлы жаңылтпашты кім біледі екен?

Сұрап Мұрат

Коньки тап,

Байлап, майлап,

Аттай шап.

 

Таң ата заңғар,

Шаңғы алдырар.

Шаңғыны теуіп,

Заңғар қанғырар.

Өте тамаша жауап бердіңдер, балалар!

Тәрбиеші: Балалар, кәне бір-бірімізге қыс жайлы жұмбақ жасырайық.

Шанамен зырлап желетін,

Шаңғы, коньки тебетін,

Аққала жасап ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлайсың? /қыс/

 

Мамықтай ұлпа,

Қанттай ақ.

Қыста жер бетін басады,

Жазда сайға қашады. /қар/

Тәрбиеші: Балалар, сендер тақпақ, жұмбақты, жаңылтпаштың бәрін біледі екенсіңдер. Өте жақсы жауап бердіңдер. Енді шаршаған боларсыңдар. Енді демалайық.

  Сергіту сәті:

Атам алып күрегін,

Ауланың қарын күредім.

Әжеме мен құдықтан,

Су әкеліп беремін.

Еденді де жуамын,

Шаң-тозаңды қуамын.

3-4 рет қайталау.

Тәрбиеші: Ал, енді «Шаңғы» тобының білімдерін көрейік. «Шаңғы» тобы математика сабағы бойынша сандық ұғымдарды айту. Балалар, алдарындағы сурет бойынша әңгіме.

Тәрбиеші: Балалар, мынау не?

Балалар: шырша.

Тәрбиеші: Шыршаның түрі қандай?

Балалар: Жасыл.

Тәрбиеші: Неге ұқсайды?

Балалар: Үш бұрышқа.

Тәрбиеші: Неше шырша?

Балалар: төменде біреу, жоғарыда төртеу деп жауап береді.

Тәрбиеші: Неше бала коньки теуіп жүр?

Балалар: үшеу.

Тәрбиеші: Шананы неше бала теуіп жүр?

Шаңғыны неше бала ойнап жүр?

Мынау не?

Балалар:  Аққала.

Аққала неше бөлшектен тұрады? Пішіні қандай?

Балалар: Аққала үш бөлшектен тұрады. Пішіні – дөңгелек деп жауап береді.

Тәрбиеші: Балалар, сендер оң жақта, сол жақта, жоғары, төмен, алыс, жақын, біреу, төртеу деген ұғымды біледі екенсіңдер! Өте жақсы жауап бердіңдер!

Тәрбиеші: Кәне, балалар отырып шаршаған шығарсыңдар. Орнымыздан тұрып ойын ойнайық.

«Табиғатпен сырласу» ойыны.

Ойынның мақсаты: Балалардың арасынан жолбасшы тағайындалады. Балалар шеңберге бірінің артынан бірі тұрып жолбасшының қимылын жасайды.

Мұздан аттау,

Тауға өрмелеу,

Шаңғы тебу,

Ормандағы ағаш арасынан өту.

Ашық алаңға жетіп, қуанып дем алу. 2-3 рет қайталау.

Тәрбиеші: Ал, енді 3-ші топ «Шана» тобының қыс бейнесін көз алдарына елестете отырып, қыс бейнесіне қысқы ойын заттарын жабыстыра білу керек. Ал, балалар алдарында нелер тұр?

Балалар: Шана тепкен баланың суреті, аққала, шырша, коньки тепкен балалар, шаңғы тепкен балалардың суреттері.

Тәрбиеші: Олай болса, балалар өз ойларыңмен қыс бейнесін әдемілеп жабыстырыңдар.

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы біздің балалар қыс бейнесін қандай әдемі етіп жабыстырып жатыр. Мансүр сен не жабыстырдың?

Мансүр: Мен шана теуіп келе жатырған баланы жабыстырдым.

Тәрбиеші: Айшабибі сен нені жабыстырдың?

Айшабибі: Мен коньки тепкен балаларды.

Тәрбиеші: Абылай сен нені жабыстырдың?

Абылай: Мен шыршаларды жабыстырдым.

Тәрбиеші: Манас сен нені жабыстырдың?

Манас:  Шаңғы тепкен балаларды.

Тәрбиеші: Балалар, сендерге «Қыс бейнесінің» жұмысы ұнады ма?

Балалар: Иә, ұнады.

Тәрбиеші: Балалар, сендер бүгін қандай тапсырма орындадыңдар? 

Балалар: Қыс бойынша әңгіме.

Тәрбиеші: Қыста қандай өзгерістер болады екен? Қандай ойын түрлерін білдіңдер? Қаңдай математикалық ұғымдарды білдіңдер? Деген сұрақтар қою арқылы балаларды мақтап, мадақтап, сабақты қорытындылау. Ал, енді балалар, қонақтармен қоштасайық.

Орнымыздан тұрайық,

Үлкен шеңбер құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау саламат болайық.

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *