Эссе «Мамандығым — мақтанышым»
Эссе «Мамандығым — мақтанышым»
Тәрбиешінің жеке басының жас жанға ететін ықпалы оқулықтармен де, жақсы әдет-ғұрыпты құлаққа сіңіретін уағызбен де, жазалау және мадақтау жүйесімен де, ауыстыруға көнбейтін тәрбиелеушілік күшке ие .
К.Д.Ушинский.
Менің түсінігімше, тәрбиеші тәрбие жұмысына үнемі атсалысып, балаларға қамқор болып жүретін, тәрбие мен өнерді үйретуші, үйлестіруші жан. Өйткені, тәрбиеші балалардың ортасында жүріп, олардың мінез-құлқын біліп, жан-жақты болып өсуіне бірден-бір септігін тигізеді.
Баланы жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін әрине, алдымен тәрбиешінің өзінің жеке басы соған сай болуы тиіс. Шындығына келгенде, тәрбиешінің өзі өзгеге үлгі боларлықтай болуы қажет деген сөз. Яғни оның бойынан барлық адамгершілік қасиеттер: мейірімділік, қарапайымдылық, әділдік, сыпайылық т.б. табылуы тиіс. Сондықтан тәрбиешінің жеке басына ерекше талаптар жүктеледі. Ерік-қайраты күшті, мінезге бай жасөспірімдерді қалыптастыру үшін тәрбиешінің жеке басы сол талаптарға сай болуы керек. Тәрбиешінің жеке басында, сөз бен ісінің арасында алшақтық болмау керек деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда тәрбиеші болу оңай жұмыс емес. Қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық — менің жүрек қалауым. Сондықтан да мен өз мамандығымды жоғары бағалаймын. Себебі түрлі тәрбиелік шараларды өткізе жүріп, олардың бойындағы қасиеттерін танып-біліп, бағалап-ескеріп, жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Әр баланың бойындағы көрінбей жүрген талантын жарыққа шығарып, жеке тұлға болып қалыптасуына көмектесемін.
Менің тәрбиеші болғандағы басты мақсатым — бүлдіршіндерді кейін мектепке барғанда бағдарламаны тез меңгеруіне өз септігімді тигізіп, әр баланың өз бойында бар бір өнерге деген икемін аңғарып, сол өнерін аша біліп ары қарай дамытуға үлес қосу. Тәрбиешілерге бұл мақсаттың қойылу себебі: балалар мектепті бітіргенде қай салаға баруын көбіне білмей жатады. Сондықтан тәрбиешілер баланың бойындағы талабын осы кішкентай кезінен бастап аша білулері керек. Тәрбиешілерге ақын ағаларымыз көптеген өлеңдер жазған:
«Анамыздай» — десек те,
«Әжеміздей» — десек те,
Жарасады апайға,
Тек жат қылық көрсетпе.
Бірге ойнайды бізбенен,
Бірге ойнайды бізбенен,
Шешеді өзі жұмбақты,
Біз шешімін білмеген.
Қасымызда күн бойы,
Бәйек болып жүргені.
Анамыздай ардақтап,
Құрметтейміз біз де оны.
Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеші міндеті:
білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы-өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-
қатынас жасай білуге үйретеміз.
Балабақшада баланы ойын арқылы тілін, ойын дамыту. Ойын кез-келген баланың пәнге қызығушылығын оятып, болжау қабілетін дамытады. Баланы балабақшадан бастап жақсы мінез-құлыққа, мейірімділікке, инабаттылыққа, жасы үлкенді және бірін-бірі сыйлауға үйрету ата-аналар, ұстаздар мен тәрбиешінің міндеті. Балалармен жұмыс тәрбиешіден көп күш пен қуатты талап етеді. Сондықтан, ұжымда қайырымдылық, сыпайылық, бір- біріне құрметпен қарау маңызды. Балабақшада бала тілінің дұрыс дамуына аса назар аударған жөн. Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары болмаса да өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ т.б. арқылы тәрбиелеп отырған. Тәрбие басы, біріншіден әдептілікке үйретуден бастаған. Екіншіден баланы қайырымды, мейірімді болуға баулыған. Үшіншіден тілалғыш, шыншыл, ата-ананы, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге, сонымен қатар ел қорғаған батыр болып, халық алдында қызымет етуге тәрбиелеген. Баланың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы мектепке дейінгі жас шағында қалыптасады.
Мектеп жасына дейінгі балалар түсінгенін, қабылдағанын, естігенін, қиялын, ойын тіл арқылы білдіреді. Балабақшада да тәрбиеші баланың ойын, тілін, сурет арқылы сөйлету немесе сөйлем құрау арқылы дамытады.
Балабақшаларда балалардың жан-жақты тәрбие және білім алуына жағдай жасалып топ бөлмелерін қажетті көрнекіліктермен жабдықтау арқылы баланың қызығушылығын ояту керек. Тәрбиеші тек қана тіл білетін адамды тәрбиелеу емес, сонымен бірге алған білімін іс жүзінде ойнау, еңбек ету, адамгершілік, ақыл- ой тәрбиесі қатар жүру болып саналады.
Ұлы Абай Құнанбаев «Адамның ерекше қасиеттері — ақыл-ой, сана-сезім, ішкі жан дүниесі жоғары, кәсіби-дәрежелі, шығармашыл ұстаздан қалыптасады» деп тегін айтпаған. Сондықтан, баланың бойындағы ерекше қасиетті, шығармашылық қабілетті ашу — тәрбиешіге жүктелер жауапты міндет.