Сабақ жоспары Абай Құнанбаев

Сабақ жоспары

Бекітемін______________

Күні:
Пән оқытушысы: Сагинган Назерке Бериккызы
Пәні: Қазақ әдебиеті Курсы: І Қатысқан оқушы саны:
Сабақтың тақырыбы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы

Сабақтың мақсаты * Студенттерге ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жалпы түсінік беру. Адамгершілік, ақындық қасиеттерін таныту және тіл шеберлігін ұғындыру. Абай өлеңдерінің, қара сөздері мен жалпы шығармаларының мән-мағынасын ұғындыру;
* Абай шығармаларын талдай отырып, білімдерін жүйелеу, жинақтау және шығармашылық жұмыстар арқылы Абайды жан-жақты таныту;
* Қазақ елінің ойшыл ақыны Абайдың Құнанбайұлының өмірі мен ағарту саласындағы халқына сіңірген еңбектерімен жан-жақты таныстыра отырып, қазақ халқының тарихындағы орнын ашып көрсету;
* Студенттердің ой тұжырымдарын, әдеби тіл байлықтарын, есте сақтау қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту. Сөздік қорын молайту және тіл дамыту;
* Студенттерді адамгершілікке, имандылыққа, асыл қасиеттерге тәрбиелеу және туған жердің тарихы мен тілінің қадір-қасиетін ұғындыру..
Оқып үйренудің
нәтижесінде 1. * Ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы толық біледі.
* Талдау жұмысын жүйелі әрі нормаға сай орындай алады.
* Ақын шығармаларының тақырыбын, идеяларын, көркемдік ерекшеліктерін өзге ақындардан ажырата алады.
* Ақын өлеңдерін оқу арқылы елін, жерін, Отанын сүюді, халқын құрметтеуді үйренеді.
* Студенттердің сөздік қоры молаяды.
* Студенттердің тіл байлығы дамиды.
* Студенттердің ой-қиялы дамиды.
* Әдептілік, ұстазын сыйлау, адамгершілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді.
Үйрену мақсатында бағаны қоса бағалау * Табыс критерий арқылы оқушыны үнемі бағалау
* Зерттеудегі өзіндік үлесін бағалау
* Тақырып нәтижесінің нақтылығын бағалау
Әдіс-тәсілдер * «Сөзжұмбақ» әдісі
* «Қара жәшік» әдісі
* «Ребус» әдісі (ребус арқылы жаңа сабақтың тақырыбы, авторы айқындалады).
* «Әр шырқау» әдісі
* «DEAL» әдісі
* «Галереяға саяхат»
* «Синквейн» әдісі немесе «5 жолды өлең»
* «Бес саусақ» әдісі
Алдыңғы білім
Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы

Жоспар
Сабақ кезеңдері Оқытушының іс-әрекеті
Студенттің іс-әрекеті Ресурстар
Қызығушылықты ояту
( 30 мин) І. Ұйымдастыру кезеңі (2мин)
*студенттермен амандасу;
*топты түгендеу;
*оқу құралдарын тексеру;
*сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
*студенттердің зейінін сабаққа аудару.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
* Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы
* Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерін оқу, өлеңдерін жаттау
* Ыбырай Алтынсаринге хронологиялық кесте жазып келу

І. *мұғаліммен сәлемдеседі;
*оқу құралдарын дайындайды;
*зейіндерін сабаққа аударады.

ІІ. Студенттер
дәптерлерінен және тақтада үй жұмыстарын көрсетеді, жұмыстар талданады, ауызша сұралады.

Ы.Алтын-сарин. Қазақ хрестоматиясы.
Әңгімелер жинағы.
Мағынаны тану
(45 мин)

ІІІ. Жаңа сабақ:
Кері байланыс. Өткен тақырыпты қайталау
Сөзжұмбақ
Сөзжұмбақ жаңа тақыпты ашу мақсатында жүргізіледі:
1. «Менің атым — Махамбет», «Мен, мен едім, мен едім», «Қызғыш құс», «Нарын» өлеңдерінің авторы, өршіл, рухшыл, батыр Махамбет Өтемісұлының серігі, бауырының есімі кім?
2. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсетіп, қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлаған Дулат Бабатайұлының ерлік, туған жеріне оралып, еліне қамқор бола білген батырдың жан қияр ерлігі мен көзсіз батырлығы туралы жазған дастаны қалай аталады?
3. Отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан сынды ақындарға белгілі жазушы, зерттеуші-ғалым Мұхтар Әуезов қандай атақ береді?
4. Жамбыл Жабаевтың ұстазы, «Айтыс өнерінің алтын діңгегі деген» деген атаққа ие болған қазақтың ұлы айтыскер ақыны кім?
5. Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханов кімнің қолында тәрбиеленеді?
6. Қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин әкесінен ерте айырылған соң кімнің қолында тәрбиеленеді?
7. Айтыскер ақын, жырау, «Зар заман» өкілі Мұрат Мөңкеұлы 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз, 25-інде қандай ақынмен айтысып, жеңіп шыққан?
8. Ол әке-шешесінен 14 жасында жетім қалып, жоқшылық, мұқтаждық көп көрген, ержете келе жаттап өлең айтып, өнер жолына түсу арқылы елге танылады. Тіпті Сүйінбаймен кездесіп, онымен сөз қағыстырған айтыскер ақын, «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт» атты толғау-өлеңдерінің авторы?
И С А Т А Й
Е С П Е Н Б Е Т
З А Р — З А М А Н
С Ү Й І Н Б А Й
Ә Ж Е С І А Й Ғ А Н Ы М
Б А Л Қ О Ж А Б И
Ж А С К Е Л Е Ң

М А Й Л Ы Қ О Ж А
— Сонымен, студенттер, біздің сөзжұмбағымыздың жауабы өздеріңіз көріп отырғандай «Абай жолы» болып табылды. «Абай жолы» дегеніміздің қандай шығарма екенін білеміз ғой, иә? (Студенттер өз жауабын айтады).
— Иә, «Абай жолы» белгілі жазушы, ғалым, зерттеуші Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұлы тұлға, қазақ елінің ойшыл ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының балалық шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі ғұмырнамасын қағаз бетіне түсіріп жазған ұлы шығармасы. Олай болса, бүгінгі жаңа тақырыпты ашу үшін экранға назар аударайық (Абай шығармашылығын ашу мақсатында видеоролик көрсетіледі).
— Міне, студенттер, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, шағын видеороликтен Абай өмірі мен шығармашылығынан біршама мәлімет алдық. Қазақтың «Дара Абайы», «Дана Абайының» бейнесін көз алдымызға елестеттік, үлгі өнеге ала алатындай әсер алдық. Енді кезекте слайдқа көз жүгіртсек (Слайд көрсетіледі).
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады.
Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез.
Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды.
Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді.
Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты.
Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді.
Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады. Мұны оның мына өлеңінен көруге болады:
…Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Жасы отыздан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды. 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді.
Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.
Абайтанудың білгірі М. Әуезовтің атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды.
Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді.
Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.
Абай өлеңдері бай философиялық, курескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.
«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» — Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.
Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.
Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.
Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.
Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.
Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.
Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті — өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.
Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.
Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

— Слайдтан біраз мағлұмат алдық деп ойлаймын, студенттер. Олай болса, келесі тапсырмамызға кезек берсек.
«Қара жәшік» әдісі
1. Жидебайда — Абайдың мұражайы орналасқан.
2. 1909 жылы Петербургте — Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы басылып шықты.
3. Ырғызбай — Абайдың қоңыраулы балуан атанған атасы.
4. Ғабитхан — Абай ең алғаш дәріс алған татар молдасы.
5. Құнанбай — Өскенбай – Ырғызбай – Айдос – Томан – Тобықты – Арғын — Абайдың жеті атасы.
6. «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» — Абайдың үш поэмасы.
7. Баймағанбет — Абайдың атақты ертекшісі.
8. «Май түні», «Желдірме», «Торжорға» — Абайдың күйлері
9. Әлмағанбет — Абайдың атақты әншісі.
10. «Медғат-Қасым» поэмасын — Абайдың баласы Мағауия жазған.
11. 1886 жылы «Жаз» өлеңі — Табиғат лирикасының ішіндегі ең алғашқы жазылған өлеңі.
12. Қарқаралыда — Құнанбай мешіт салдырды.
13. Мұқа — Абайдың талантты скрипкашысы.
14. Көкбай — Абайдың алғашқы өлеңдерінің атынан шыққан.
15. Абайдың «Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды… Мен ішпеген у бар ма!…» деген тарихи сөзі — Мағауияның өліміне байланысты айтылған.
16. 1895 жылы — Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болған жылы.
17. Михаэлис — Абайдың орыс досы.
18. «Май түні», «Торы жорға», «Абай желдірмесі» — Абайдың күйлері.
— Міне, «Қара жәшігіміздегі» жасырын сөздердің жауабын таптық. Бүгінгі тақырыбымыз Абай және оның шығармашылығына арналғанын білдік. Қазақтың Абайы сонымен кім екен? (Студенттер өз жауаптарын ортаға салады)
— Иә, дұрыс айтасыздар, құрметті студенттер. Абай — ұлы ақын, жазушы, аудармашы, философ, ағартушы, композитор. Ал композитор дегеніміз кім? (Студенттер өз жауаптарын айтады) Өте жақсы, Абай өз сөзіне жазылған өлеңдерге ән жазу арқылы сазгер да болған екен. Олай болса, келесіде «Ребус» әдісіне кезек берсек. Ребуста Абайдың сөзі мен әніне жазылған ән атауы жасырынады.
Ребус шешіледі. Жасырын тұрған сөз — «Желсіз түнде жарық ай» әні.
— «Желсіз түнде жарық ай…» — Абайдың 1888 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең — ақынның табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындыларының бірі. Онда пәк, таза махаббаттың белгісіндей жарық айлы, желсіз түн жан толқынысына үн қосып, сыбырласқандай қалың ағаш жапырағы, жүрексінген көңіл, бұлықсыған сезіммен астасып, көлеңкелі, терең сайға гүрілдей құлаған өзен дыбысы, жалпы алғанда табиғат көрінісі әсем де айшықты суреттеледі. Ән Абайдың композиторлық талантының сегіз қырлы, бір сырлы қуатын, оның көркемдік талғам-танымының биіктігін танытады. Олай болса, студенттер, «Ән шырқау» әдісі арқылы өздеріңізбен «Сазгер Абайдың» туындысынан осы бір әнді бірге шырқасақ…
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбдырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?
— Өте керемет, барлығыңызға үлкен рақмет. Абай әнін шырқау арқылы оның шығармашылығын насихаттап әрі бой сергітіп алдық. Жалпы, Абай мұраларының қомақты бір бөлігін құрайтын, философ екенін дәлелдейтін өмірінің соңғы кездерінде жазылған еңбегі – қара сөздері болып табылады. Абай ғақлиялары ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Олай болса, келесі бір тапсырма алдарыңызға ұсынылған осы қара сөздерді оқи отырып, әр топ өздеріне берілген қара сөздердің мағынасын «DEAL» әдісі арқылы ашып, мазмұнын түсіндіреді (Қара сөздер жазылған карточкалар ұсынылады, студенттер оқып, баяндайды, түсіндіреді, талдайды, байланыстырады).
— Тамаша! Келесі кезекте «Галереяға саяхат» әдісін қолданып, постер қорғаймыз.
Қабырға газеті тақтаға ілінеді, мұғалімнің белгісімен топтар кабинет ішінде қозғалысқа түседі, талдайды, сараптайды, жапсырма қағазы арқылы пікірін не сұрағын жапсырады. Галереяға саяхат аяқталған соң, өз газеттерін алып, пікірлерін оқып, сұрақтарға жауап береді. Қорытынды жасайды. ІІІ. Берілген тапсырма бойынша студенттер алдымен ауызша
жауап беріп, артынша тақтаға жазады.

Студенттер интерактивті тақтаға зер салады, тыңдайды.

Тапсырманы топ бойынша орындайды, слайд және видеодан көрсетілген мәліметтер бойынша жауап береді.

Ребусқа назар сал арқылы өз жауаптарын айтады.

Әдіс бойынша студенттер хормен Абай әнін шырқайды.

Слайдқа назар аударады.

Студенттер топпен жауап береді.
Постер қорғайды.
Ой қозғау
( 15 мин) IV. Сабақты бекіту мақсатында төмендегі сұрақтармен жұмыс жүргізіледі:
— Өте жақсы. Біз қазақтың Абайы туралы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы біршама мәлімет алдық деп ойлаймыз. Олай болса, келесі тапсырмаға кезек берсек. Келесі әдісіміз «Синквейн» әдісі, яғни 5 жолды өлең. Әрқайсымыз Абайға 5 жолды өлең жазамыз.
Кім? — Абай
Қандай?- Абай — сауатты, көреген
Не істеді? — Шығарды, оқыды, жазды.
Сөйлем — Абай — қазақтың ұлы ақыны.
Синоним — Ақын.
Студенттер тапсырманы айтады.
— Өте жақсы, студенттер. Абай атамыз сонда тек қана талантты ақын емес, сондай-ақ көрнекті жазушы, дарынды драматург, шебер аудармашы, керемет сыншы, сырлы сазгер, ұлағатты ұстаз, көрегенді философ болғанын білдік. Ендігі кезекте сабағымызды қорытындылау мақсатында «Бес саусақ» әдісін қолданайық.
1. Бас бармақ — өзімді қалай сезіндім?
2. Балаң үйрек — басқаларға көмегім тиді ме?
3. Ортан терек — бүгінгі көңіл күйім қандай болды?
4. Шылдыр шүмек — бүгінгі сабақ ұнады ма?
5. Кішкентай бөбек — бүгін не үйрендім? IV. Студенттер
Берілген тапсырманы өздігінше дәптерге жазып жауап береді.

Студенттерге плакат беріледі, сол плакатқа топпен әдіс тапсырмасын орындап, ортада қорғайды.
Бағалау
(1-2 мин) Қарастырылған тақырып бойынша бір-бірін бағалайды (жұлдызша — өте жақсы, шаршы — жақсы, дөңгелек — талпын)
Үйге тапсырма
(2-3мин) * Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын оқу
* Өлеңін жаттау
* Хронологиялық кесте толтыру

Пән оқытушысының қолы: ______________

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *