Ақпараттандыру әлеміне саяхат

Білім беру саласы: «Таным»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Ақпараттандыру
Тақырыбы: Ақпараттандыру әлеміне саяхат
Мақсаты:
1. Ақпараттандыру пәні арқылы балаларды ақпаратты технология әлемімен таныстыру;
2. Балалардың бойында шығармашылыққа, жаңашылдыққа баули отырып, техниканы меңгеруге деген құлшынысын арттыру:
3. Заманауи өзгерістерден хабардар болып, жаңа технология мен техниканы тиімді қолдануға, рухани жаңғыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға өз үлестерін қосуға бағыттай отырып, жауапкершілік қабілеттерін шыңдай білуге тәрбиелеу;
Көрнекілік: Проектор, компьютер, сөйлейтін әліппе, арқан, асық.
/Балалар сырттан кіреді. Жарты шеңберге тұрып, қонақтармен амандасады./
Біздер жақсы баламыз,
Өсті ақыл санамыз.
Қонақтармен ең алғаш,
Амандасып аламыз.
Сәлеметсіздерме!
Здраствуйте!
Good morning!
Мұғалім: Балалар бүгінгі біздің оқу қызметіміз өте қызықты болмақ. Балалар біз қандай болуымыз керек?
Балалар: Ақылды, білімді, туған жерімізді, Отанымызды сүюіміз керек.
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, Отанымызды сүю, өз елімізді, туған жерімізді құрметтеу, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді тарихымызды білуіміз керек. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша еліміз жақандану дәуірінде. Елбасымыз балабақша бүлдіршіндерінен бастап 3 тілді білім беру, ұлттық мәдениетімізді меңгерту арқылы жас ұрпақты рухани тарихымызды білуге тәрбиелеу керектігін айтқан болатын. Адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету, цифрлы Қазақстанға өту керек деген болатын. Сол мақсатта осы күнге дейін қандай жұмыстар атқарылғанын білу үшін, түрлі сала қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырғым келіп отыр. Олай болса «Мәдениет», «Туризм», «Денсаулық», «Жазушылар одағы» салаларынан шақырған қонақтарымызды ортаға шақырайық. Бұлар біздерге құр келмеген шығар. Танысып отырайық, олар біздерге жақандану әлемінен қандай жаңалықтар алып келді екен сөз кезегін осы кісілерге берейік.
Мұғалім: Қош келдіңіз, жазушы одағының өкілі. Өзіңізді таныстырып өтіңіз.
Бала — жазушылар одағы: Мен жазушылар одағынан келіп отырмын. Қазіргі заманда адамдардың көпшілігі кітап оқуға уақыт таппайтыны белгілі. Жазушылар одағымен бірлесіп кітаптың аудионұсқасын алып келіп отырмын. Балаларға әріп тануға, мақал-мәтел, жаңылтпаш жаттауына ыңғайлы етіп шығарылған. Бұнда мына түймені басу арқылы Республикамыздың Гимнін тыңдауымызға да болады.
Мұғалім: Ендеше балалар құрылғының көмегімен Республикамыздың Гимнін дәстүрімізге сай орындайық.
/Республикамыздың Гимні орындалады/
Мұғалім: Рахмет сізге, біздің жазушылар одағы жаңа технологияны пайдалануда қандай жетістіктерге жеткенін көрсетіп бердіңіз. Алдағы уақытта мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал. Енді келесі қонағымызбен танысайық.
Бала – туризм: Мен туризм саласынан келіп отырмын. Біздің өлкеміз бай, тарихқа толы мекен. Осы Маңғыстау өлкесіне, табиғатына, табиғи ресурстарына қызығушылық танытып отырған мемлекеттер көп. Сол себепті біздерге Туризм саласын дамытып, ел экономикасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқаруға болады. Шет елдерген келген туристерге өзіміздің тарихи ескерткіштерімізбен, әсем табиғатымызбен мақтануымыз керек. Олай болса, сендердің білімдеріңді тексеріп көрейін. Өлкеміздің тарихи жерлері экранда көрсетіледі, сендер соны атап берулерің керек. Мұғалім: Ендеше сіз техникалық құрылғының көмегімен тарихи жерлерді көрсетіп отырыңыз. Біздің балалар жауаптарын берсін.

Шерқала Отпантау Бекет ата мешіті Шақпақ ата
Балалар жауабы: Шерқала, Отпантау, Бекет ата мешіті, Шақпақ ата
Мұғалім: Өте жақсы жарайсыңдар балалар. Биылғы жылы 5 мемлекеттің бас қосуына орай, қаламызда әдемі үңгір, жаңа теңіз жағалауы ашылды. Осы жерлерге де шет елдерден келген қонақтарымзды апарып мақтануымызға болады.
Бала – туризм: Менің сендерге тағы тапсырмам бар.
Ойын: «Төртіншісі артық»
Шарты: 4 сурет оның ішінде 3 сурет бір тақырыптық топқа жатады, ал төртінші — басқа тақырыптық топқа жатады.

Мұғалім: Жарайсыңдар балалар, өте жақсы. Кезекті келесі қонағымызға берейік.
Бала-денсаулық: Мен денсаулық саласынан келіп тұрмын. Біздің саламызда да әр түрлі жұмыстыр жүргізіліп жатыр. Менің сендерге тапсырмам қазіргі таңда көп ойнала бермейтін ұлттық ойын алып келіп отырмын.
Ұлттық ойын: «Арқан түю»
Шарты: Балалар шеңбер жасап тұрады. Қолында арқаны бар жүргізуші топ арасынан шығады да:-ойын басталды –деп дауыстайды.Сонан соң арқанның түйілмеген басын ұстан шеңбер бойымен айналдырады,арқанды балалардың аяқтарының астынан жібереді.Балалар арқан үстімен секіріп тұрады. Кімде-кімнің аяғына арқан ілініп,секіре алмай қалса ол бала ойынды тоқтатып өнер көрсетеді,тақпақ,өлең айтады немесе билеп береді. Ойын осылай жалғаса береді.

1. Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз,
Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз.

2. Жалықтырса ұзақ сапар, жат мекен
Туған елдің түтіні де тәтті екен.

3. Аққу айдынын аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.

4. Ұлан байтақ жері бар,
Пайдалы қазба кені бар.
Тәуелсіз ел-Қазақстан
Көркіне көркі жарасқан.

5. Туған жер – ата қоныс, атамекен,
Бауыры талай жанға болған мекен.
Әр ұлттың басын қосқан бір арнаға
Қазақ елі – ұлы ел, менің өлкем.

6. Жері кең, сахарадай неткен көркем,
Әлемде 9 санын тұрақ еткен.
Мұнайлы алтын, күміс, жер қойнауы
Мен осы өз өлкемді мақтан етем!
Мұғалім: Рахмет сізге біздің балалар бір сергіп қалды. Келесі қонағымызбен танысайық.
Бала –мәдениет: Мен мәдениет саласынан келіп отырмын. Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластырудамыз. Менің тапсырмам компьютерден оюланған киіздің суретін салу.
Мұғалім: Балалар компьютерге жайғасамыз. Халатымызды киеміз. Компьютерді ашып, киіздің суретін саламыз.
Мұғалім: Жарайсыңдар. Өте жақсы. Тапсырманы орындап болсақ, компьютерді сөндіреміз. Көз жаттығуын орындаймыз.
Жарайсыңдар балалар. Өте жақсы бүгінгі оқу қызметіне өте жақсы қатыстыңдар. Осымен оқу қызметіміз аяқталды.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *