«1 қыркүйек – Білім күні»
Туралиева Каламкас Кариматовна
Мақсаты:
Балаларға 1-қыркүйек күні – білім күні жайында түсінік беру. Өз туған елдеріне, жерлеріне, балабақшасына сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Байланыстырып сөйлеуге, сөйлем құра білуге үйрету.
Көрнекі-құралдар: Қазақстан Республикасының рәміздері, суреттер.
Әдіс-тәсілдер: көрнекілік, сөздік, сұрақ-жауап.
Барысы: І. Кіріспе бөлім.
Естігенде көк аспанның астында,
Тік тұрындар айтылғанда Әнұран.
Бар қазақтың үніндей шарықта,
Шарықташы, Әнұраным, шарықта! Мемлекеттік гимн орындау.
Тәрбиеші: Шаттық шеңбері:
Жаңа қадам жасадым,
Қош болып тұр, бесігім.
Мен қуанып ашамын,
Балабақша есігін.
Тәрбиеші: Құрметті тәрбиешілер! Қымбатты балалар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймын!
Тәрбиеші: Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бүгінгі оқу қызметіміз біздің білім күніне, бірінші қыркүйек күніне арналады. 1-ші қыркүйек күні барлық балабақшаларда, мектептерде басқа да білім беру мекемелерде сабақтар басталады. 1-қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бұл күн сендер үшін, яғни оқушылар үшін және біздер үшін, ұстаздар, тәрбиешілер үшін үлкен мереке күні болып саналады. Әр бір мектептерде, балабақшаларда, басқа да білім беру мекемелерде тұңғыш қоңырау соғылады (тәрбиеші қоңырау соққан баланың суретін көрсетеді).
Осы тұңғыш қоңыраудан бастап күнделікті оқу басталады. Балалар, жақсы, білімді, тәрбиелі азамат болу үшін, ерінбей оқу оқып, білім алу керек. Ол үшін сендер балабақшаға күнде келіп, сабақ оқып, тәрбие алу керексіңдер.
Балалар, біз өткен оқу қызметімізде Қазақстан Республикасының рәміздері жайында білім алғанбыз, ендеше есімізге түсірейікші, біз қандай Қазақстан Республикасының рәміздерін білеміз.
(балалардың жауабын тыңдау)
Тәрбиеші: Дұрыс, Гимн, Елтаңба, Ту.
Балалар, айтыңдаршы, біз қай Республикада тұрамыз?
Балалар: Біз Қазақстан Республикасында тұрамыз.
Тәрбиеші: Дұрыс. Қазақстан Республикасының президенті кім?
Балалар: Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы
Тәрбиеші: Өте жақсы. Біздің Қазақстан Республикасының елордасы қай қалада?
Балалар: Қазақстан Республикасының елордасы Нұр-сұлтан қаласы.
Тәрбиеші: Өте жақсы балалар. Айтыңдаршы, біз қай қалада туып, өмір сүріп жатырмыз?
Балалар: Біз Атырау қаласында туып, өмір сүріп жатырмыз.
Тәрбиеші: Балалар, айтыңдаршы, біздің балабақшамыздың аты қалай?
Балалар: «Әлия» бөбекжай-бақшасы.
Тәрбиеші: Өте жақсы балалар. Сендер өздеріннің Республикаларын, рәміздер жайында, елорда жайында барлығын білесіңдер. Жарайсыңдар!
ІІ. Негізгі бөлім.
Ендеше біз бүгінгі мерекеге арналған өлең тақпақтарымызбен оқу қызметімізді жалғастырайық.
Шаттық шеңбері:
Күндей болып күлеміз,
Гүлдей болып өсеміз.
Құстай болып ұшамыз,
Көбелектей қонамыз.
Тәрбиеші: Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім — ғылым бастауы, мерекелі
Құтты болсын бүгінгі Білім күні! (шапалақ).
Кәусар: Жымыңдап күз келді,
Күліңіз сіз де енді.
Бірінші қыркүйек
Қарсы алшы біздерді!
Амир: Өсті міне бойымыз,
Өсті міне ойымыз.
Қуанышқа ортақпыз,
Құтты болсын мерекеміз.
Әмір: Сырлары көп ғылымның
Шешілмеген әлі де
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!
Қасиет: Білім — менің ертеңім
Өсу үшін өркенім
Жүзем оқу — айдында
Жайып білім желкенін
Бейбарыс: Қиындықтан өтуге
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей
Еліме қызмет етуге!
Тәрбиеші: Қыркүйектің бірінде,
Кеудем толы дірілге,
Құлақ түйем елеңдеп,
«Бақша» деген бір үнге.
Тәрбиеші: Енді балалардың мақал-мәтелдерді жалғастырайық
Білекті бірді жығар,
Білімді мыңды жығар.
Кітап- білім бұлағы,
Білім – өмір шырағы.
Ақыл азбайды,
Білім тозбайды.
Оқы да біл,
Ойна да күл.
Тәрбиеші: Білім күні құтты болсын!
Ойын:Ғажайып қоржын
Мақсаты:ғажайып қоржынның ішінен бірнеше заттар ойыншықтар,оқу құралдары бар.Сол заттардың ішінен оқу құралдарының бірі бөлек,ойыншықтарды бір бөлек жинап алу керек.(балалар оқу құралдары мен ойыншықтарды ажыратып,бөлек жинайды)
ІІІ. Қорытынды бөлім.
Шырылдаған тыным алмай
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы
Ғалымдық та асқаралы
Бар білімнің нұр бастауы —
Балабақшадан басталады!
Тәрбиеші: Міне, балалар, осы күннен бастап бізде күнделікті оқу қызметіміз, қызықты да көп нәрсеге үйренетін күндеріміз басталды. Әрқашан бүгінгідей жақсы көңілмен, барлығын үйренеміз. Бүгінгі оқу қызметіне жақсы қатысқандарың үшін көп рахмет. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! Бүгінгі күн Сіздер үшін үлкен үміттер күні болсын!
Бүгінгі 1-ші қыркүйек – білім күніне арналған оқу қызметіміз осымен аяқталды. Сау болыңыздар!!!