«Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады»
Баймуратова Набат Молдакаримовна
Мақсаты: Балаларға қуаныш әкелу. Ұлттық, тұрмыс салт-дәстүр туралы әсерлерін толықтыру. Ептілікті, шапшаңдықты, төзімділікті дамыту. Ұжым мақсат әрекетіне бағыну дағдысын, назар ықыласын дамыту. Бір-біріне деген құрмет, жеңуге деген ұмтылысты дамыту. Ой-өрісін, жадын дамытып, әрекет үйлесімін жетілдіру.
Міндеті:қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық дене қозғалыс белсенділігін арттыру.
Қажетті құралдар:Арқан, асық, теңге, резина, қоржын, майда доптар.
І.Кіріспе бөлім.
Тәрбиеші:Құрметті әріптестер! Бүгінгі «Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады» атты спорттық ойындар жарысына қош келдіңіздер! «Балауса» тобын ортаға шақырайық.
Қаражорға әуенімен балалар ортаға шығады.
Балаларды сапқа тұрғызу. Сәлемдесу.
Гимнастикалық оңға, солға бұрылу жаттығулары.
Баяу бір қалыпты қатар бұзбай жүру, жүгіру.
Ентік басу жаттығулары.
Қатарда жүріп орындалатын гимнастикалық жаттығулар.
Балалар екі топқа бөлінеді.
Жануарлар аэробикасы: (ағылшын тілі пәнінің жетекшісімен орындалады)
ІІ. Негізгі бөлім
Топ басшылары өздерінің топтарын таныстырсын Топ басшыларына сөз берейік.
І-топ. «Тұлпар» тобының басшысы мен- Балғабай Бақдаулет
«Тұлпар» тобының ұраны
Қатар өскен құрдасқа,
Жарыс ұнап тұрмас па!
Қуып жету жақсы ғой
Озып шығу бір басқа.
ІІ-топ. «Қыран» тобының басшысы мен- Жұбатов Дидар
«Қыран» тобының ұраны:
Босқа қарап тұрмайық,
Бағымызды сынайық
Намысты қолдан бермейік,
Жарысты озып шығайық.
Тәрбиеші: балалар сендерге сәттілік тілей отырып, жарысымызды бастаймыз. Осы топтардың жарысына әділ бағасын беретін сіздерсіздер. Сіздердің қолдарыңыздағы топтың түсіне қарай жасыл және қызыл түсті таяқшалармен бағалап отырасыздар. Қай түс басымырақ болса, сол топқа 1 ұпай қосылады.
Ал, енді сайысымыздың шарттарымен таныс болыңыздар.
- Қол күрес
- Өгіз тартыс
- Арқан тартыс
- Ханталапай
- Арынды арқан
- Қазақша күрес
- Теңге алу
1-ойын: Ұлттық ойын «Қол күрес»
Ойынның шарты: Ортаға екі ойыншы шығып, кілемнің үстіне жамбасынан жатады. Олар бас бармақтарын айқастыра қолдарын жымдастырып ұстайды. Қолының күші көп ойыншы қарсыластың қолын жерге тигізуі керек.
2-ойын. Ұлттық ойын «Өгіз тартыс»
Ойынның шарты: Екі адам еңбектеп, мойындарына арқан салып тартысатын ойын
3-ойын: Ұлттық ойын «Арқан тартыс»
Ойынның шарты: Арқанның екі жағынан екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ өз жағына арқанды тартып алса, сол топ жеңіске жетеді.
4-ойын: Ұлттық ойын «Ханталапай»
Ойынның шарты: Екі топ шеңбер бойымен отырады, қай топ асықты көп жинайды, соған ұпай береді
5-ойын: Ұлттық ойын «Қазақша күрес»
Ойынның шарты: Қарсыласты белден жоғары ұстап құлату немесе аяқпен шалып құлату.
6-ойын: Ұлттық ойын «Теңге алу»
Ойынның шарты: Керілген арқанның үстімен жүріп, жерде жатқан теңгелерді жинау.
ІІІ. Қорытынды бөлім
Балаларды сапқа тұрғызу. Тыныс алу жаттығуын жасату.
Тәрбиеші: Құрметті әріптестер сайысымызды қорытындылай келе екі топтың ұпай санын санап, қай топтың жеңіске жеткенін анықтап, балаларды мақтап, мадақтау.
Осымен ұлттық спорттық сайысымыз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рахмет!
Ал енді балалар, апайларымызға сау болыңыздар деп, қоштасайық.
Балалар музыка әуенімен алаңнан шығып кетеді.