Саяси мәдениет және ұрпақтар сабақтастығы
М.Сапарбаев институтының
Парасат колледжінің оқытушысы
Қурманбекова Ақбаян Елеусиновна
Саяси мәдениет және ұрпақтар сабақтастығы
Кеңес одағы ыдырап, посткеңестік мемлекеттер өз тәуелсіздігіне ие болған тұста өз егемендігін жариялаған Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде мемлекет құрудың жаңа кезеңіне қадам басты. Демократиялық дамудың жолына түскен жас мемлекеттің алдында үлкен міндет тұрды. Ол — мемлекеттің саяси жүйесін уақыт пен қоғам талабына сай және демократиялық құндылықтар негізінде құру. Осындай келелі міндеттерді сәтті түрде іске асырған Қазақстан өз экономикасы, өз шекарасы, дербес саясаты бар мемлекетке айналды. Еліміз зайырлы, демократиялық қоғам құруға бағыт алып, саяси жүйені жаңғырту істерінде елеулі жетістіктерге жетті. Демократияландыру үрдістерін қолдай отырып, таза батыстық үлгідегі азаматтық қоғамды жалаң түрде көшіруге бой ұрмай, жергілікті халықтың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне бейімделген қоғам құру жолындағы салмақты да сындарлы саясат елімізді дәйектілікпен дамуға жеткізіп келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан ел тұрғындарының ортақ мүдделері негізінде тиімді ішкі саясат жүргізе білді. Сол арқылы еліміздің ең маңызды жетістігі — ішкі саяси тұрақтылық пен келісім орнады. Бұл жылдары мемлекеттің іргесі нығайтылды, бірқатар әлеуметтік экономикалық өзгерістер жүзеге асты.
Кеңес одағы ыдырап, посткеңестік мемлекеттер өз тәуелсіздігіне ие болған тұста өз егемендігін жариялаған Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде мемлекет құрудың жаңа кезеңіне қадам басты. Демократиялық дамудың жолына түскен жас мемлекеттің алдында үлкен міндет тұрды. Ол — мемлекеттің саяси жүйесін уақыт пен қоғам талабына сай және демократиялық құндылықтар негізінде құру. Осындай келелі міндеттерді сәтті түрде іске асырған Қазақстан өз экономикасы, өз шекарасы, дербес саясаты бар мемлекетке айналды. Еліміз зайырлы, демократиялық қоғам құруға бағыт алып, саяси жүйені жаңғырту істерінде елеулі жетістіктерге жетті. Демократияландыру үрдістерін қолдай отырып, таза батыстық үлгідегі азаматтық қоғамды жалаң түрде көшіруге бой ұрмай, жергілікті халықтың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне бейімделген қоғам құру жолындағы салмақты да сындарлы саясат елімізді дәйектілікпен дамуға жеткізіп келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан ел тұрғындарының ортақ мүдделері негізінде тиімді ішкі саясат жүргізе білді. Сол арқылы еліміздің ең маңызды жетістігі — ішкі саяси тұрақтылық пен келісім орнады. Бұл жылдары мемлекеттің іргесі нығайтылды, бірқатар әлеуметтік экономикалық өзгерістер жүзеге асты. Осылайша, қазақ мемлекеттілігі, оның біртұтастығы, саяси экономикалық дербестігі, табиғи байлықтарын халық мақсатына пайдалануға құқылығы және өзге мемлекеттермен тең дәрежедегі қарым-қатынасы қалыптасты. Осының бәрі мемлекеттің дамуы ондағы халықтардың өзара келісімі, ішкі саяси тұрақтылық, бейбітшілікке тәуелді екендігін ұғыну арқылы жүзеге асырылды.
Тәуелсіздік жылдарында жаңа азаматтық қоғам қалыптастыру барысында еліміздің саяси жүйесі де тұтастай өзгеріске ұшырады. Жалпы саясаттың өзі де үнемі өзгеріп, дамып отыратын құбылыс екені белгілі. Саяси жүйенің, халықтың саяси тұтастығының белгісі — мемлекет толыққанды өмір сүріп, қоғам игілігіне қызмет етуі қоғамның тұрақты дамуына байланысты. Ал қоғамның тұрақтылығы мен оның дамуы ең алдымен мемлекеттегі билік жүйелерін реттейтін саяси жүйеге, саяси мәдениетке негізделеді. Саяси мәдениетті дамыту демократияны орнату жолындағы табысқа жетудің басты кілті болып табылады. Ол үшін қоғам мүшелерінің саясатқа белсенді қатынасуын қамтамасыз ету маңызды. Саясатқа араласу дегеніміз әрбір азаматты саясатшыға айналдыру деген сөз емес. Ол қоғамның әр мүшесі мемлекет өмірінде өзіне тиесілі міндеттерін атқаруы тиіс екенін түсінуіне мүмкіндік беру дегенді білдіреді.
Бүгінгі күні «Саяси мәдениет» терминінің әлеуметтік мазмұны күрделеніп барады. «Саяси мәдениет» деген терминді бірінші болып Американың Алмонд деген саясаттанушы ғалымы айналымға енгізген еді. Алмондқа жүгінсек, тарихи тәжірибе, әлеуметтік қоғамның жадысы мен саясат алаңындағы адам мен оның саяси өмірге ықпалы, саяси әрекеттерге қатысты ұстанған бағыты саяси мәдениет деген ұғымды білдіреді. Саяси мәдениетті адамдардың саяси объектіге психологиялық қатынасының жиынтығы дей келе, саяси мәдениет түрлерін патриархтық, бодандық және қатысу саяси мәдениеті деп бөледі Халықтың мәдени-саяси болмысының бірі — саяси төзімділік. Бүгінгі тілмен айтсақ, қоғамның толеранттылығы болып шығады («толеранттылық — басқалардың пікіріне, сеніміне, тәртібіне шыдамдылық көрсету»). Егер қазақ хандығының тарихына қарайтын болсақ, тақ үшін таласып, қырқысқан оқиғалар соншалықты көп емес. Қазақтың дәстүрлі қоғамында барлық мәселе көптің кеңесіне түсіп, билерімен, хан әулетімен келісіп шешіліп отырған.
Саяси жүйе институттарының біріне жататын саяси партиялар саяси мәдениет жеткілікті дамыған кезде пайда болады. Саяси партия «пікірлестердің ұйымдасқан тобы, ол халықтың белгілі бір тобының мүддесін білдіріп, оған мемелекеттік билікке келу немесе оны жүзеге асыруға қатысу арқылы қол жеткізуді мақсат етеді». Демократиялық қоғамда партияның рөлі ерекше, оларсыз демократиялық саяси жүйенің өмір сүруі мүмкін емес. Бүгінде Шығыстың саяси мәдениетінің Батыстың саяси мәдениетінен артықшылықтары туралы пікірлер кең таралған. Шығыстың саяси мәдениеті дегенде алдымен Қытай, Үнді, Жапония мемлекеттерін атап айтуға болады. Аталған елдердегі саяси мәдениеттің өзгешелігі бірпартиялық жүйеде болса керек. Үндістанда, мысалы, Ұлттық конгресс партиясы жалпы 50-60 жылдан бері билікте. Ал осы елдердің экономикасы бүгінгі қаржы дағдарысына жан-жақты дайын болып шықты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл жайт Қазақстанға да қатысты. Қазақстанның саяси жүйесі көппартиялы болғанымен, бүгінгі күні «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ғана көпшіліктің қолдауына ие болып, ел дамуында жетекші рөлді атқарып отыр.
Осы тұрғыдан келгенде партия лидерінің партияның ішкі өмірін ұрпақтар сабақтастығымен қамтамасыз етуі, партияға жас буын өкілдерін әкелуі партия жұмысын барынша жандандыруға септігін тигізетіні даусыз. Елбасы партия қызметіне жігерлі жас жігіттерді баули бастады. Мемлекет басшысының бұл әрекеті «Нұр Отанның» ұзақ жылдарға арналған стратегиялық мақсатын әйгілейді. Ел болашағы — жас ұрпақты бүгінгі заман талабына сай тәрбиелеу кез келген мемлекеттің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Ол саяси және мәдени қарым-қатынастардың кешенді мәселелерін де қамтиды. Осыған орай, саяси мәдениетте саясаттанушылар екі типке бөлінетінін атап өтуге болады. Бірінші типке енетін саясаткерлер саяси өмірді жаңартудың негізгі күші буын алмасу, ұрпақтар сабақтастығы екенін түсіне отырып, жастардың жолын ашып береді. Солардың күш-жігеріне сүйенеді. Мысалы, Жапонияның либералдық демократиялық партиясы, Қытай коммунистік партиясы, Үндістанның Ұлттық конгресі ұрпақтар сабақтастығын терең түсініп, бағалай білді. Сондай жасампаздықтың біздегі көрінісі — ҚР Президенті Н. Назарбаевтың пәрменімен «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқып, білім алған жас менеджерлердің саяси аренаға келе бастауы.
Мұндай әрекеттерге иек артатын саясаткерлердің азаматтық ұстанымы, саяси іс-әрекеттері жаһанданудың көшіне еремін деп, көлеңкесінде қалып бара жатқандығын байқатады. Осы тұрғыда жаһанданудың жағымсыз қасиеттеріне біздің жас ұрпақ қана емес, аға буын да бой алдыра бастағаны жалған емес. Жаппай тұтыну психологиясы адамдарға нақтылықтан жоғары талаптар қойып өмір сүруге дағдыландырады. Егер өмір ол адамдардың тұтыну қажеттілігін қабылдамаса, олар біржақты ақпаратты ғана қабылдайтын ауруға ұшырайды. Мұның бәрі жаһанданудың көлеңкелі тұсы болып табылады. Мұндай кезенде ұлтты ойландыратын мәселе ұрпақтар сабақтастығы, ізгілікті ойларды жалғастырып, алға апаратын буындардың өзара бірлігі екені даусыз.
Саяси мәдениет — ел мәдениетінің мәйегі. Көне дәуірлерден сұрыптала келіп, қазақ халқының тұрмыс салтында да саяси мәдениеттің өзіндік мазмұны қалыптасқанын аңғарамыз. Гумилевтің сөзімен айтсақ, бізге дала кеңістігіне көлбей шөккен үстірт жоталар мен қиғаш қырлардың темпераменті сәйкес келеді. Бағзыдағы қазақ даналары «ханы терең ойлайтын, қарашасы ханын қолдайтын ел қара жерде кеме жүргізеді» деп айтып кеткен. Хан мен қарашасы бір тұлға, ханды ұната отырып, қарашасын қаралауға болмас, қарашасына қарсы болсаң, ханның жауысың. Бұл хатқа түспеген ұлы дала саясатының заңы, аксиомасы.
Әлемді шарлаған жаһандану процестері Қазақстанды, Қазақстанның саяси, әлеуметтік, рухани өмірін айналып өтпейтіні белгілі болды. Қоғам өмірінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Осы тұрғыда мемлекет, қоғам, елдегі түрлі саяси күштер ел бірлігі, қоғамның тұрақты дамуы жолында бірлесе қимылдауы қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жылғы Жолдауында: «Ішкі саяси тұрақтылық — 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың сенімді іргетасы. Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз» — деп, ел болашағының негізі — қуатты мемлекет, дамыған экономика, саяси тұрақтылық пен келісім екенін дәлелдеп, жаңа онжылдық бағдарларын бектіп берді [4].
Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз ел атанып, дүние жүзіне белгілі, аймақтағы жетекші елге айналып отыр. Ең бастысы, 90-жылдардан бастап қазақ қоғамында ұлттың рухани ұстындарын сақтап қалу жолындағы іс шаралар белең алып, ел ішінде ұлтқа, ұлттың мүддесіне, тіліне, діліне деген оң көзқарас, сілкініс пайда болды. Сондықтан да, елдегі барлық саяси күштер осы құбылыспен санасуы тиіс. Бұл тұрғыда ықпалды саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясының жауапкершілігі үлкен. Партия дағдарысты жеңу және елді жаңарту процестерінде де ауқымды шаралар атқаруда. Дегенмен, партия тек саяси, экономикалық іс-шаралармен шектеліп қалмауы тиіс. Жалпы алғанда, «Нұр Отан» партиясының басымдықтарының бірі жетекші, рухани тұлғалар тәрбиелеп, мүмкіндігін ашу, яғни, адам факторы болып табылады. Бұл тұрғыда жастарды белсенді қоғамдық өмірге тартудың маңызы зор. Бүгінгі жастардың құндылықтық бағдарлары заман өзгерістеріне орай мүлдем басқа екені рас, сол себепті оларға аға ұрпақ тарапынан назар аудару, қолдау қажет. Екі ұрпақ арасындағы өзара байланысты дамыту олардың өзара тіл табысуына септігін тигізеді. Осылайша, аядай ауылдан бастап, үлкен мегаполиске дейін озық ойлы, қазақтың салт-дәстүрін жетік білетін, Алаш идеясын бойына сіңірген азаматтарды тәрбиелеу — партияның ғана емес, бүкіл еліміздің алдында тұрған міндеттердің бірі.
Саяси мәдениетте табысты және табыссыз мемлекеттер деген ұғым бар. Қазақстан табысты мемлекеттердің қатарына енді. Бірақ осы үрдісті ары қарай дамыту үшін ұрпақтар сабақтастығымен бірге Елбасымыз ерекше мән беріп айтатын «ұлттық бірлік, ұлттық келісім керек». Қоғамдық келісімді нығайту ел дамуына серпін беріп, мемлекет алдындағы биік міндеттерді ойдағыдай орындаудың негізі болып табылады. ҚР Президенті «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген 2007 жылғы Жолдауында саяси жүйені дамытуға баса назар аудара отырып, былай деп атап көрсетті: «Жаңа кезеңдегі негізгі міндет — жалпыға танылған демократиялық құндылықтар мен өзіміздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың дәстүрлері үйлесімді ұштасатын ашық, демократиялық және құқықтық мемлекеттің негіздерін одан әрі нығайта беру». Бұл тұрғыда саяси партиялардың рөлін арттыру, азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу қажет .Уақыт шындығы көрсетіп отырғандай, бірде-бір мемлекет, бірде-бір ұлт басқалардан оқшау, жеке дара өмір сүре алмайды. Жан-жақты интеграция, өзара ынтымақтастық қана бүкіл әлем алдында тұрған ауқымды проблемаларды, оның ішінде әсіресе, экономикалық, экологиялық, саяси және т.б. шешуге мүмкіндік беретіні сөзсіз ақиқатқа айналып отыр. Бүкіл адамзаттың одан әрі өмір сүруі мен дамуы әлем халықтарының арасындағы, және сондай-ақ жеке мемлекет ішіндегі саяси келісімге, тұрақтылыққа, бейбітшілікке тығыз байланысты.
Қазіргі жұрттың санасындағы демократия деген ұғым — халықтың әділетті қоғам жөніндегі арманынан пайда болып, Батыс елдерінде дәстүрлі саяси мәдениетке айналған құбылыс. Әрине, демократия — барлық мемлекеттер талпыныс жасап жетуді армандайтын үлкен жол. Осы тұрғыда саяси мәдениетті талапқа сай дамыту демократиялық мемлекет орнату жолындағы табысты қадам болып табылады. Қазақстанда демократия институттары толық қалыптасып жұмыс істеуі үшін дүние жүзі мемлекеттерінің арасында, әсіресе, ықпалды мемлекеттердің арасында шынайы әділеттілік пен тең құқылы қағидалар орнауы керек. Ал бүгін дүние жүзі тұрақсыздық пен турбуленттіліктің аясына енуде. Сондықтан бізге қазақ халқының Тәуелсіздік тұғырын асқақтататын мұраттардан биік мұрат жоқ.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Алмонд Г. Азаматтық мәдениет // Әлемдік саясаттану антологиясы. Т.7. — Алматы: «Қазақстан» баспа үйі, 2007.
- Панарин А.С. Политология.- М.: «Проспект», 1999.
- Қуандық Е. Саясаттану негіздері.- Астана: «Елорда», 2000.
- Назарбаев Н. Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу -Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Ана тілі.- 4-10 ақпан.- 2010 жыл.
- Назарбаев Н. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. — Алматы, 2007.