МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДА ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ АТҚАРАТЫН НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТТЕРІ
Қытай даналығында: «Маған айтсаң, мен ұмытып қаламын; маған көрсетсең, мен есімде сақтаймын; ал өзіме әрекет жасауға мүмкіндік берсен, мен үйренемін» деп айтылғандай, біз балаға бір ақпаратты тек айтып қана қойсақ, ол ұмытып кетуі мүмкін, көрсетсек есінде қалуы мүмкін, ал ойын үрдісінде баланың өзіне жасауға мүмкіндік берсек, бала өзі үйреніп кетуі әбден мүмкін. М. Жұмабаев «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе» — деп атап көрсетсе, ал, шетелдік ғалым Ж. Пиаже «ойын-баланың рухани дамуының негізі» — деген, сонымен қатар, К. Левин, Л.С. Выготский, Д.Б. Эльконин сияқты ғалымдар да өз еңбектерінде ойын әрекетінің оқу үрдісінде маңызды құрал болып табылатындығын атап көрсеткен.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс — әрекет. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.
Дидактикалық ойындар өзімен көп жоспарлы, күрделі педагогикалық құбылыстарды ұсынады: ол мектепке дейінгі жастағы балаларды оқытудың ойын әдісі және оқыту түрі, өзбетінше ойын әрекеті баланың жеке тұлға болып жан – жақты тәрбиеленуінің құралы болып табылады.
Ойын арқылы баланың білімі мен бейімін, жеке тұлғалық қасиет-қабілеттерін арттыру мүмкіндіктері зерттелген. Ойындардың қажеттілігін іріктеп ала білу-ұстаз шеберлігіне байланысты. Баланың тілін дамытуда сөздік ойындарын қолдану тиімдірек.
Дидактикалық ойындар балаларды оқытудың түрі ретінде екі: оқулық (танымдық) және ойындық (қызық) негізден тұрады. Мұғалім бір мезгілде оқытушы және қатысушы болып табылады. Ол үйретеді және оқытады, ал балалар ойнап жүріп, үйренеді. Егер сабақта балалардың білімі кеңейетін және тереңдетілетін болса, ал дидактикалық ойындарда (ойын – сабақтарда, дидактикалық ойындардың өзінде) балаларға тапсырмалар жұмбақ, сөйлемдер, сұрақтар түрінде ұсынылады.
Дидактикалық ойындар өзбетінше ойын әрекеті ретінде осы үдерісті түсінуге негізделген. Өздігінен ойын әрекеті,мынадай жағдайларда жүзеге асады: егер балалар ойынға оның ережелері және қозғалыстарына қызығушылық көрсетсе және оның ережелерін өздігінен игерген болса жүзеге асады.
Дидактикалық ойындар – баланы жеке тұлға етіп жан-жақты тәрбиелеудің қажетті құралдары болып табылады.
Дидактикалық ойындардың мазмұны балаларда қоғамдық өмір құбылыстарымен, қоршаған орта заттарымен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастырады. Отан, әскер, мамандықтар,еңбек әрекеті туралы білімдерін жүйелейді және тереңдетеді
Дидактикалық ойындар балалардың сенсорлық қабілеттіліктерін дамытады. Сезім және қабылдау үдерістері баламен қоршаған ортаны тану негізіне жатады. Мектепке дейінгі балаларды заттың түсімен, пішінімен, көлемімен таныстыру, сенсорлық тәрбие бойынша баламен заттардың сипаттамалық белгілерін қабылдауды жетілдіруге бағытталған дидактикалық ойындар мен жаттығулар жүйесін құру.
Дидактикалық ойындар: сөздікті толықтырады және белсендіреді, дыбысты дұрыс айтуды қалыптастырады, байланыстырып сөйлеуді дамытады, өз ойын дұрыс айта білуді үйретеді және тілін дамытады. Мектепке дейінгі балаларда қоршаған заттарға ұқыпты қарау, ойыншықтарға ересектер еңбегінің өнімі ретінде, мінез-құлық ережесі туралы, ересектер және құрдастарымен өзара қатынас туралы, жеке тұлғаның жағымды және жағымсыз қасиеттері туралы адамгершілік түсініктері қалыптасады. Жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуде ойынның мазмұны мен ережелері ерекше рөл атқарады.
Көптеген дидактикалық ойындар балаларда еңбекші адамына құрмет, ересектер еңбегіне қызығушылық, өздерінің еңбек етуге ынтасын қалыптастырады.
Кейбір еңбек дағдыларына балалар дидактикалық ойындарға материалдар дайындауда иеленеді.
Дидактикалық ойынның мәні мынада:
1.Дидактикалық ойын баланы қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі.
Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Мұғалім балалардың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді. Мысалы, бір заттың түсін атаңдар. Бояудың қандай түрлерін білесіңдер? Үй жануарларын атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгертіп, түсінігін тиянақтайды.
2. Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл – ой қызметін қалыптастырады. Ойынның шартын орындау баланың сақ отыруын, өзінің еркін меңгеруін, қабылдауын, өзінше талдауын, салыстыруын, тиісті қорытынды тұжырым жасай білуін керек етеді. Осының бәрі баланы мектепке, ондағы оқуға тәрбиелейді.
3. Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады.
Дидактикалық ойындарға қойылатын талаптар:
1.әрбір дидактикалық ойын баланың ақыл – ойын дамытуға пайдалы моральдық қасиетті бекітерлік жаттығулар беруге тиіс;
2. дидактикалық ойын тиісті міндетті орындау барысында түрлі қиындықты жеңе отырып, ақыл- ой жұмсауды керек ететін қызғылықты да тартымды болуға тиіс;
3. дидактикалық ойын шешуін іздеп табарлықтай қызғылықты жайлармен ұштасып жатқаны жөн. Қызыға ойнаған ойын баланың ақылын өсіреді, құмарлығын арттырып – қойылған міндетті жөндеп орындауға
ұмтылдырады.
Дидактикалық ойындар – балалардың білімдерін арттырудың құралы. Ұйымдастырылған оқу іс — әрекетінде ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар.