Адамгершілік, рухани тәрбие маңыздылығы
Адамгершілік, рухани тәрбие маңыздылығы
Мақпал Мамытова, «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарой ауылы
Өткен дәуірлерде де, заманауи қоғамда да адамзат баласы жас ұрпақтың тәрбиесіне зор мән бергені шындық. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты. Ата-бабаларымыз «тәрбие – тал бесік» деп бекер айтпаса керек. Тәрбие мен дұрыс білім бере білу кез-келген ұлттың өркендеуі мен алға қарыштап дамуы жолында маңызды рөлге ие. Осы орайда, тәрбиенің бастауы мен негізгі құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіріп өсіруге аянбай күш салатын мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіндегі адамгершілік, рухани тәрбие мәселелері жиі қозғалады.
Адамгершілік адамдардың өмірінде балалық шақтан бастап, белгілі бір кезеңдермен пайда болып, қоршаған ортадағы шындық пен адам бойындағы әдет-ғұрыптармен бірге дамып отырады. Адамгершілік қасиеттері отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, яғни балабақшада, мектепте, қоршаған ортада адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, араласуы кезінде қалыптасады. Сол адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, дамыту үшін көп жұмыстар жүргізіледі.
Адамгершілік – мағынасы мен аясы кең ұғым. Оның категорияларын қалыптастыру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Адамның адамгершiлiгi — оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi — адамдық ар — намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, “Өзiң үшiн еңбек қылсаң, — дейдi Абай, — өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық- қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол”. Ақылды, мейiрiмдi адам кез- келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам- ардақты» [1]. Қоғамға, өмірге дайын жеке тұлғаның бойында адамгершілік қасиеттерді, ар-ождан мен салмақты мінез-құлық қалыптастыру, оны рухани тұрғыда саналы да ұстамды азамат етіп шығарудың басты мақсаты – ең алдымен оның адам деген атқа лайық болуы, соған сай тәрбие мен білім бұлағын өз бойында ұштастыру болып табылады.
Асылында, адамгершілік тақырыбы аясында зерттеу жүргізбеген, жазбаған ғалым кемде-кем. Жалпы осы адамгершiлiк мәселесi төңiрегiнде белгілі психологтар Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Н.И.Ильминский, еңбектерi, қазақ зиялы қауымынан: А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер еңбектенген.
Сондай-ақ, ол көптеген философтардың еңбектерінде кездеседі. Солардың бірі неміс философы Иммануил Кант. Философияның басты обьектісі ретінде адамды, оның ақыл-ойының мүмкіндіктері мен шекарасын алған Кант адамгершілік қағидалары туралы зерттеулердің бастамасын жасады. Ол практикалық ақыл-ойдың адамгершілік заңдарын қалыптастырудағы рөлін көрсетті. Оның тұжырымдауынша, адамгершілік ережелерін жасақтауға ақыл-ой себеп болады. Оның пікірінше, адамгершілік талаптарды әркім орындауға тиісті. Канттың адамгершілік туралы ойларын Гегель жалғастырып, одан әрі дамытады. Ол: «бір рет қана адамгершіліктік ісәрекет жасаған адамды ізгілікті кісі деп құрметтеуге асықпау керек, бұл жоғары атаққа осы адамгершіліктік іс оның мінезінің тұрақты сипатына айналғанда ғана ие бола алады. Ешқандай комментарийді қажет етпейтін, қысқаша айтсақ, адамнан сөз бен істің бірлігін, тұрақтылық пен сабырлылықты талап ететін ой, ал бұл бірлікке жеткізеді» Гегельдің пікірінше. еңбектену, талпыну, қойылған мақсатқа ұмтылу [2].
Адамгершілік туралы ойлар, тәрбиелік маңыздылығы жайында қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларында да кеңінен баяндалған. Өз заманында қазақ халқын ағартушылыққа, білім-ғылымға жетелеген ақын, надандық, қараңғылық сынды қасиеттерден арылып, адамгершілік пен ізгілікке ұмтылуға үндейді. Абайдың адамгершілік идеалы, мұраты, принципі – қысқаша ғана «Адам бол!» деген тұжырым. Адам болу – кісіліктің кісісі, шын мәнінде азамат болу, қара бастың қамы, тіпті, бүкіл адамзаттың қамын ойлайтын, «өзін — өзі зор тұтып», «надандарды менсінбейтін», дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын Азамат адам болу. Абай қазақ жастарын желөкпе, әр нәрсеге көрсеқызар болмай, өнерді үйренуге, табиғатты тануға, ғылыми көзқарасқа негізделген тиянақты білім алуға үндеді. Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім — білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық мінездерді шенеуге арналады. Ұлы ақын осы пікірін өзінің «Үшінші», «Он бірінші» сөздерінде де толықтырып, ұштай түседі. Мал үшін ар — намысын сату, бірінің үстінен бірі арыз беріп жала жабу, ауызбіршіліктің болмауы тәрізді мінездердің бәрі де надандықтан, мәдениетсіздіктен, жалқаулықтан, еңбексіздіктен келіп туатынын дәлелдей келе, ақын өзінің оқырмандарын бұл мінездерден қашық болуға тәрбиелейді. Бұл әңгімелердің идеялық мазмұны да, келешек ұрпақ үшін құндылығы да осында.
Сол сияқты шығыс философы, кемеңгер ғалым Әл-Фараби: «Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм- адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi»- дейді [3]. Себебі, тәрбие, соның ішінде адамгершілік әрі рухани тәрбие ұлттардың, халықтардың өзіндік қасиетін атадан балаға сақтап қалуға, құндылықтарды өмірлік жағдайларда қолдануға негіз болады.
Әрбір адамның бойындағы әдеттер, қасиеттердің жетілуі әр қилы. Осыған сәйкес, бүгінгі күнге дейін адам мәселесі ғалымдардың, психологтардың, философтардың тарапынан көп зерттелді. Табиғатынан әр түрлі болып келетін адам баласының бойындағы қасиеттер, олардың жан дүниесіндегі болып жатқан дүниелер олардың даму заңдылықтары мен жолдарын зерттейді. Американдық психолог Л.Кольберг адамгершiлiк тәрбиелеудiң басты мақсаты мiнез- құлықты қалыптастыру емес, ұтымды пiкiр айту қабiлетi деп түсiндiредi. Дәстүр туралы мәлiмет беруде түсiндiру, ақыл-кеңес, нұсқау, бағыт- бағдар беру тәсiлдерiн қолдану адамгершiлiктi тұлға қалыптастыруға негiз бола алады.
Адамгершілік және рухани тәрбие, адам бойындағы қасиеттер туралы зерттеуші ғалымдар, қазақтың ақын-жазушылары, көрнекті тұлғалары да аз толғанбаған. Олардың барлығында адамгершілік мәселесі тереңінен қозғалып, жеке түрінде емес білім, оқу, әдет, қайырымдылық пен мейірімділік сияқты қасиеттермен ұштастырылып, жан-жақты қарастырылады. Мысалы, қазақтың ағартушысы, педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, жеті жақсы қасиет түрлері: Бiрiншi: Имандылық, екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк, үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк, төртiншiсi: Сыпайылық, момындық, бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру, алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық, жетiншiсi: Дұрыс заңдылық [4]. Қарап отырсақ, жоғарыда аталған қасиеттер ізгілікке, сыйластыққа және халықтық педагогикадағы жағымды мінез-құлық ұғымдарына жетелейді. Мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастағы адамды сыйлау, кішіпейілділік көрсету, мейірімділік таныту, ар-ожданды сақтау әрекеттері адамның адамгершілік тәрбиесінің белгілерін көрсетеді. Нақ осы белгілер арқылы оның алған тәлім-тәрбиесін айқын көруге болады. Сол себепті де, рухани-адамгершілік тәрбие беру, үйрету жолында мектепке дейінгі ұйымдарда ұлтымыздың әдебиеті мен өнегесінен артық құрал жоқ деуге болады. Абайдан бастап қазақтың барлық зиялыларының еңбектері осындай мазмұндағы өнегеге толы.
Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,-дейді [5]. Ізгілік отбасынан бастау алады, оған ата- ананың берген тәрбиесі, тұрмысы ықпал етеді. Халықтық мақал «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» адамгершілік тәрбиенің негізгі отбасында қалыптасатынын көрсетуде. Халық, жанұя құндылықтарын ауызша халық шығармашылығы арқылы тапсырады, мысалы, аңыз ертегілерді, ырымдарды, салттарды қолданады, дін арқылы, әртүрлі қоғамдық ұйымдар арқылы т.б. Халық ауыз әдебиеті адамгершілік –эстетикалық тәрбие беруде баланың ой- өрісін дамытады. Олардың тіл байлығы және шексіз шешендік мүмкіндіктерін арттырады.
Елімізде рухани адамгершілік тәрбиені жетілдіру мемлекеттік міндет деңгейінде көтеріліп келеді. Бұл міндеттің практикалық шешімі С.А. Назарбаеваның «Өзін – өзі тану» пәнінің енгізілуінде жатыр. Өзін – өзі тану пәнінің басты міндеті- өзінің дүниетанымына үңілу, өзіңді сүю мен сыйлай білу, өз ісіне жауапты болу, өз арыңмен келісімде өмір сүру, өзіңнің жанына жақын іспен айналысу, адамдарға мейірімділік таныта білу, ізгілікті болу. Бұл да өз кезегінде адамгершілік тәрбиесінің маңыздылығын айқын көрсетеді.
Биылғы жылы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, оларға жаңаша көзқараста қарау мен қайта саралау тұрғысынан қыруар жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, біз өз балабақшамызда тәрбиеленушілердің өзін-өзі тануы, педагогикалық әрі психологиялық дамуы үшін тарихымыздағы ұлы тұлғаларды таныстыруға, дәріптеуге көп күш салып келеміз. Қоғамымыздың жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, іскер, еңбексүйгіш, қабілетті тұлғаларын мектеп, жоғары оқу орындары тәрбиелейді, алайда олардың бастамасы, негізі балабақшалардан бастау алады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. А.Құнанбаев. Шығармалар жинағы. Алматы, 1991ж.
2. Кузнецов В.Н. Немецкая классическая философия. М, 1986 г.
3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна, 2010ж.
4. Л. Омарова. Адамгершілік тәрбиені қалыптастыру мәселелері // Бастауыш мектеп № 2, 2004 ж.
5. http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy