Оқытудың тиімді жолдары
Оқытудың тиімді жолдары
Еліміздегі білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында ұлтымыздың болашағына тірек болар азаматтардың білім деңгейі жоғары, ой өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеудегі басты фактор ретінде қарастырып отыр. Әлемдік білім беру жүйесінің көшінен қалмай, дамудың басым бағыттарын негізге ала отырып, өркениетке аяқ басу білім беру жүйесіндегі жаңарулар, ең алдымен, жастардың мәдени, эмоцияналдық, зияткерлік, әлеуметттік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталуда.
Қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» — деп , мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы керек. Менің ойымша, қазіргі заман мұғалімі – рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман болу керек.Ал шығармашыл ұстаздың алдына қойған үлкен міндеті -оқушыларымызға заман талабына сай тәлім-тәрбие беру болып табылады.
Еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ болғандықтан оларға терең де, сапалы білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін құрастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізілуде. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – ұстаздың басты міндеті деп білемін.
Бастауыш сынып оқушылары жалпы алғыр,шапшаң, сезімтал,ештеңені жасырмай еркін айтады.Мақтау сүйгіш, мұғалімнің жетегіне тез ілескіш, үлкендердің ой-пікіріне сүйенеді. Сондықтан баланың шығармашылығын дамытуда ұстаз көп еңбек сіңіруге тура келеді. Баланың қиялын дамытып, ойын ілгері жетектеуде мұғалім оқушыға үнемі шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын нұсқап көрсетсе,онда балалардың өздері де ізденіске түседі.
Ал, дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі — жалпы педагогикалық, ғылыми- теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.
Нағыз өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге ие бола алады. Ал білікті маман болу үшін көп ізденіс керек екені даусыз.
Мен де өз әріптестеріммен қатар бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне өз үлесімді қосып келемін. Жоғары сыныптарға сабақ беруде әр оқушының жүрегіне жол таба білу, оны қызықтыра білу, ойландырып сөйлете білу менің міндетім деп түсінемін. Оқушының ойлау қабілетін артыру, сол қабілетін белсенді ету — басты мақсатым. Ойланып, толғанған оқушы, әрине, сөйлей де біледі, тыңдай да біледі, тұжырымдап пікір де айта алады.
Өзім осы бағыттағы тәжірибемде оқыту әдістерінің тиімділерін іріктеп жиі пайдалануым көп нәтиже беруде. Әсіресе, мен баланың білімге деген қызығуын арттыратын жүйелі іс-әрекеттер ұйымдастыруға талпынамын.
Әлем елдері соның ішінде Латвия мемлекетінің тәжірибесінде орын алған топтық жұмыс XXI ғасыр оқушысын өмірден өз орнын таба білетіндей тәрбиелеу және білім беруде, өзгермелі өмірге бейімдеп оқытуда маңызды болуға тиіс деп ойлаймын. Топтардағы бірлескен жұмыс сыныпта пайдаланылатын әдіс қана емес, жеке философия екендігі бізге мәлім. Адамдарды бірлікке шақыратын нәрсенің бәріне ашық болуымыз керек. Топтардағы бірлесу топтың жекелеген мүшелерінің қабілеті мен іске қосқан үлесі құрметттелетін, ескерілетін, билік пен жауапкершілік топ мүшелері арасында бөлінетін,ұжымдасу арқылы бітімге,келісімге қол жеткізуге негізделетін оқыту мен оқу тәсілі ғой.
Жаңашылдық, өзгеріс керек екені деңгейлік, тренер, жаңартылған бағдарлама бойынша өткен курстардан маған түсінікті болды десем, осы тәжірибені өзімнің мектебімде іс-тәжірибемде қолдануға толық негіз бар деп ойлаймын.
Қазір топтық жұмыс тәжірибемізден түспейтін әдіс- тәсіл болып табылады.
Бүкіләлемдік тәжірибеде білім беру саласында білімнің де дағдының да маңыздылығы кең. Заманауи тәсілдің басты ерекшелігі- білімді алып қана қоймай , оны орынды жерде қолдану. Осы ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында . Топтық жұмыс барысында оқушының бойында оқушылық кезеңіне ғана емес, кейін де пайдасын тигізетін әлеуметтік өзара әрекет ету дағдысы, қарым- қатынас дағдысы, проблемаларды шешу дағдысы қалыптасады. Қазір осы мәселе төңірегінде әріптестеріммен іс- тәжірибе алмасып, оқушылармен жұмыс жүргізіп жатырмын. Оқу үдерісінде топпен жұмыс жүргізуге оқушылар қалыптасып, дағдыланып қалды. Тапсырма топқа беріледі. Тапсырма орындау барысында топтың әрбір мүшесінің жеке үлесі ескеріледі. Топпен жұмыста белсенді оқитын оқушы әлсіз оқушыға көмектеседі де, басқаларды тыңдағанда ол білімін арттыра түседі, бір сөзбен айтқанда ынталанады.
Мектептегі сабақ беру әдістемесіндегі диалогтік оқытудың маңызы үлкен. Диалогты оқытуды таңдаудағы себебім –баланың сөйлеу тіліне көп көңіл бөлу және баланы сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің бірден-бір тиімді тәсілі деп ойлаймын.
Бұрынғы дәстүрлі әдістерде диалог көбіне мұғалім мен оқушы арасында өтіледі және бірнеше ғана оқушы арасында диалог өтілетін, онда да диалогқа оқушыларды таңдап шығарылатын, сондықтан оқушылар ашылып ойындағысын нақты сұрай алмай, тұйықталып қалатын. Ал курстан кейін сабақтарымда жұптық жұмыс ретінде алынған диалог топ ішіндегі барлық оқушы мен оқушы арасында өтіп, оны топ ішінде талқылап отыру оқушының ойын кеңейтіп, тілін дамытып отырды. Сонымен қатар сыни тұрғыда еркін ойлау қабілетін кеңейте отырып, еркін сөйлеуге ықпал етеді.
Атақты педагогтардың зерттеу жұмыстарына сүйене келе, сабақ жоспарын құру барысында диалогтық оқыту бағытын кеңінен қолдануға тырыстым. Яғни, сабақтың басынан бастап аяғына дейін сауалдар арқылы оқушылардың тілдік бағдарын азайтуға жұмыс жасадым. Сыныптың білім деңгейін анықтауда, алдыңғы сабақтарды қайталауда және негізгі бөлімде диалогтық оқыту бағыты пайдаланылды. Осы жерде сөйлеу мәдениеті туралы айтып кеткім келеді. Диалогтың ары қарай жалғасын табуы немесе таппауы сөйлеушілердің әңгімелесу барысында «егер де, ойлаймын, мен есептеймін, бірақ сіз ойламайсыз ба, сонымен сіз айтасыз ба, иә, бірақ, сіз қайдан білесіз және мүмкін» деген сияқты және де басқа осы тәрізді мәдени лингвистикалық сөз мәнерлерін қолдануына көп байланысты деп ойлаймын. Мұғалім оқушыларға тек теориялық немесе практикалық білім беріп қана қоймай, олардың мәдениетті сөйлеу нақыштарына да назар аударулары керек сияқты. Осы әрекеттер үрдіске айналғанда барып сыныптағы өзара әрекеттесу процесі толық ынтымақтастықта дамиды деп санаймын.
Бұл пікірлердің шындыққа жанасып жатқандығын менің өз тәжірибемде көзім жетті. Себебі, 9 «Ә» сынып оқушыларымның топтық, жеке, жұптық жұмыстарды атқару барысында және өзімнің ашық, жабық сұрақтарыма жауап беру нәтижесінде диалогтік әрекет сабақтың үстінде бірнеше рет іске асырылып отырды. Менің пайымдауымша диалогтық оқыту әрбір мұғалімнің барлық сабағында жүзеге асырылып жатады. Яғни, ашығын айтсам, мұғалім өз сабағына қатысып отырған оқушыны жансыз бейне ретінде қарамай, оқушының ойымен санасуға және ойын ашық түрде жеткізе білуге мүмкіндік берсе, диалогтық оқыту осы жерде көрініс табады. Жаңа сабақты игеру мақсатында оқушылар жазған сұрақтарына оқулықты пайдалана отырып, жауаптар жазды. Топтар өздерінде туындаған сұрақтарды диалогтық оқыту арқылы басқа топтарға қоя отырып түсіндірмелелер жүргізілді. Мұғалімнің түсіндірмесіне қарағанда оқушы мен оқушы арасындағы диалогтық оқыту қызықты болады. Себебі оқушы өз құрдастары арасында өз ойларын ашық, әрі түсінбеген сұрақтарын еркін қояды. Топтық тапсырмалар орындауда оқушылар оқулықтағы тапсырмаларды шығарып қана қоймай, бір-біріне сұрақтар қоя отырып, диалогтық қарым-қатынас жасады. Сабақтарымда жұпқа берілген тапсырмада да диалогтік оқыту көрініс тапты, себебі әрбір жұптағы оқушы сұраққа қалай жауап беру керектігін сыныптасымен ақылдасып, парақты толтырып отырды. Құнды сұрақтар қойып, қасындағы сыныптастарынан, басқа оқушылардан жауап алып жатқандығын көріп, топ ішінде тұлғааралық байланыс орнаумен қатар, диалогтік оқыту жүзеге асырылып жатқанын көрдім. Әрбір оқушының бойында белсенділік, қызығушылық, бәсекелестік сияқты қабілеттер көрініп, оқушылар бір-бірлерімен жақсы қарым-қатынас жасады. Барлық сабақтарымда диалогтық оқыту көрініс тауып жатыр. Алдағы уақытта оқушыларды ашық сұрақтар, құнды пікірлер, идеялар айтуға дағдыландырып, болашақта қиналмауына себепші боламын. Диалогтік оқытуды ұйымдастыру прoблeмaлық , aқпaрaттық жәнe түсiндiрмeлi , иллюстрaтивтi мaзмұндa жәнe рeпрoдyктивтi жәнe шығaрмaшылық тaпсырмaлaрмeн кeлeтiнiн бiлдiм . Мұндa шығaрмaшылық нeгiзгe құрылғaн тaпсырмa бiрнeшe шaғын тaпcырмaлaрғa бөлiндi. Жұмыcтың бұл түрi бaрлық oқyшылaрдың бeлсeндiлiкпен ic-әрeкeттe бoлуынa жaғдaй тyғызды .
Сабақтарымда жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, топтастырып, формативті бағалау түрлерін қолданып, ашық сұрақтар қоюға дағдыландырып оқушылардың қызығушылығын ояттым.
Оқушылар жұппен не топпен жұмыс жасау барысында, әуелі идеялармен өзара бөліседі, содан соң бір-біріне сұрақ қою, яғни диалог арқылы жұмыстарын жүйеге келтіреді. Жұмыстарын қорғау кезінде, оқушыларға өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе алу, кез-келген іс-әрекеттің белгілі бір жағдайға тигізетін әсері жөнінде ойларымен бөлісуге мүмкіндік беру мақсатын көздеп, қосымша сұрақтар қоямын. Балалардың жауаптарына сүйене отырып, оқушылардың мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеп таба алатынын, болашаққа болжам жасай және шешім қабылдай алатынын байқадым. Осы сабақтағы оқушыларымның әрекеттестігін зерттей отыра, келесі қорытындыға келдім: «серіктестермен әңгімелесу» әдісі оқушыларды бір-бірінің ұстанымдары мен идеяларын жақсы танып білуге мүмкіндік бере отырып, жауапкершілікті, талапты болуға итермелеп, өз ойын дәлелді жеткізу қабілеттерін дамытып, оқушы бойында іскер адамға тән қасиеттерді оятады.
Өткізген сабақтарымның топтамасына сүйене отырып, диалогтік оқыту әдісі қолданылған сабақтарымның талдауын жасау арқылы, дұрыс құрастырылған сұрақ оқушының білімін тексеріп қана қоймай, оның ойлау, жүйелі сөйлеу, пікірін білдіру дағдысын да жаттықтыратынын, яғни әлеуметтік ортада өзін ұстай білу дағдысын қалыптастыратынын түсініп, келешек тәжірибемде диалогтік оқытуды жүйелі пайдалануды көздедім.
Мұғалімге өз тәжірибесінің негізінде шешім қабылдау үшін өз іс- тәжірибесін сыни бағалау да қажет. Кез- келген жүріп өткен қадамыңды жоспарлау оны орындау үшін іс- әрекет жасау , ал сол жасалған іс- әрекетіңе рефлексия жасау маңызды болып табылады. Бұл өз ісіңе есеп беру, өз әрекетіңді сыни талдау және бағалау барысында мұқият ойлану үдерісі екенін мен осы жаңартылған бағдарламаны оқу барысында түсініп жатырмын.
Білім беру жүйесіндегі әлемдік өзгерістер әсіресе мұғалімдерге өзгерістің қажеттігін дәлелдейді. Себебі мұғалімдер болашақты дайындайды, ал болашақ -қазіргі мектеп оқушылары болып табылады. « Балаңды өзің өмір сүріп отырған кезеңге емес, болашаққа қарай тәрбиеле» деген екен мұсылман ғұламалары. Сондықтан бала тәрбиешісі ретінде мұғалімге өзгеріссіз қалу қауіпті деп ойлаймын.
Қорыта келе әрбір жаңашыл мұғалім өз сабағын оқушы сұранысына жауап беретіндей қызықты мазмұнды етіп жоспарласа оқушылардың да сабаққа деген қызығушылығы тамаша болары сөзсіз. Осы мақсатта балаға сапалы заман талабына сай білім беруді мақсат еткен әрбіріміз өз сабағымызды түрлендіріп жаңаша әдіс-тәсілдерге негіздеп өтуге күш салуымыз тиіс.