Ағылшын тілі сабақтарында диалогтік оқыту мен айтылым дағдылары арқылы оқушылардың қызығушлығын арттыру
КІРІСПЕ
«Адамның танымы неғұрлым биіктей берген сайын дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек» А.Н.Радищев.
Жаңа ғасырдың білікті, білімді, ақыл-ойы дамыған азаматын даярлау – бүгінгі күннің талабы. Әр оқушының сапалы және терең білім мен іскерлікті болуын, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуін, ойлауға қабілетті болуын талап етеді.
Оқу-танымдық қызметі барысында оқушылар қажетті көлемдегі білімді игеріп қана қоймай, қабілеті мен шығармашылық ойлауы да дамытылады.
Шәкірттің жеке тұлға ретінде дамуына ұстаздың өткізген әрбір сабағы шешуші роль атқарады. Оқушының білімінің сапалы болуы ұстаздың дәріс беру шеберлігі мен кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты. Оқушы үшін мектепте оқылатын әрбір пәннің орны ерекше. Шәкірт әрбір пәннің бастауынан нәр алып, келешек өміріне пайдаланады. Оқушының пәнге қызығуын арттыру үшін әр сабақты дұрыс ұйымдастыру, педагогикалық шеберлікті үнемі ізденістермен жаңартып отыру бағытында өз ұстанымы болуы керек.
Менің ұстанымым:
Оқу материалдарын өз бетімен игеруге ықпал ету;
Қысқа, нұсқа негізділікке үйрету;
Логикалық ойлауы мен түсіну әрекеттерін жетілдіру.
Оқушылардың танымдылық белсенділігінің артуы нәтижесінде оқу әрекетінің іргетасы қаланатыны белгілі. Оқу әрекетінің нәтижелі болуы белгілі дағды мен іскерлікті меңгеруді ғана қажет етпейді. Мақсатқа сәйкес туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын түрткілер мен қажеттіліктердің пайда болуымен сипатталады. Мұндағы басты нәрсе оқушының оқи білуі ғана емес, оқығысы келуіне байланысты, яғни таным әрекетінің басымдық алуына байланысты. Оқушының танымдық әрекетін нәтижесінде әртүрлі оқу тапсырмаларын орындаудағы құзыреттілігі артып, ол білімді меңгеру барысында бақылау, бағалауды, нәтижесін берілген үлгімен салыстыруды үйренеді.
Философтар таным дегеніміз – адамның жаңа білімін молығу үрдісі тұжырым жасайды. Олай болса, білім адам қызметіндегі таным үрдісінің нәтижесі. Оқушылардың танымдық белсенді іс-әрекетінің көздейтін мүддесі – білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, қоғамға қызмет ету қарқынын үдету қажеттігі негізінде дамиды. Ақпаратты іс-әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және жеке адам игерген ұжымдық тәжірбиенің оқытушының беретін білімі мен шектеп қана қоймай, оны әрі қарай өз бетінше нысаналы танымдық іс-әрекеті нәтижесінде игеру тиіс.
Адам өзін қоршаған ортаны, әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі қасиетін анықтап, даму заңдылықтарын біледі. Ондағы өзінің орнын біліп, басқа адамдармен қарым-қатынасын анықтайды. Осылардың негізінде өзі белсенді іс-әрекетке араласады, өзінің сұранысын, қажеттілігін қанағаттандырады. А.Құнанбаев адамның танымдық қасиетінің табиғаты туралы 31 сөзінде: «Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі ояу, байлаулы берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибраттану керек. Көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғыну керек. Үшіншіден – сол нәрсені бірнеше уақыт қайталап, ойланып, көңілге
бекіту керек» деген тұжырым жасаған. Бұдан шығатын қорытынды, таным барысында адам өзінің қоршаған ортаны иегереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі, адамның заттар мен құбылыстар туралы жалпы мәліметі ішкі мәнге қарай ұмтылып, жүйелі шынайы білімге айналады. Олай болса, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп есептеуге болады.
Көрнекті ғалым А.Н.Радищев «Адамның танымы неғұрлым биіктей берген сайын дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек», – деп сипаттама берген болатын. Адам өмірде дұрыс жол таба білу үшін саналы ой түйіндеп, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Жеке тұлғаның танымдық қабілетін танып білу үшін олардың қабілет деңгейі әр алуан болатынын ескерген жөн.
2.1. Диалогтік оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру
Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат.
К.Д.Ушинский
Сондықтан баланың білім алуға деген құштарлығын ояту үшін қазіргі заманда мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді өтуіне жұмыс жасауы қажет. Білім сапасы оқушының білімге деген құштарлығымен, қызығушылығына тікелей байланысты.
Сабақ барысында оқудың белсенді әрекет әдістерін қолданудың нәтижелілігін осыдан көруге болады.
Оқудың белсенді әдістеріне: пікір-таластар, өзін-өзі бағалау, тест құру және бірін – бірін тексеру жатады.
Бұл бағыт мұғалімнің жұмысын түбегейлі өзгертеді. Жаңа білім алу үрдісі оқытушы мен оқушыға шығармашылықпен жұмыс жасауға итермелейді, себебі оқушы білімді өздігінен іздену арқылы алу керек болса, мұғалім оқушының білім алуына себептер, жағдайлар тудыру керек. Ол үшін мұғалімнің сабақты жан-жақты дайындауы қажет, сабақ үстінде қандай болмасын оқушы тарапынан әртүрлі сұрақтар туындау мүмкін сол жерде мұғалім қажетті бағдар беріп жіберуіне тура келеді.
Сонымен, қазіргі заман талабына сай мұғалім «білім бұлағы» емес, «білім бұлағына» жеткізуші, яғни білім алу жетекшісі болуы тиіс. Осы кезде мұғалімнің талапқа сай оқушының білім алу белсенділігін жоғарылату мақсатында жаңа технологиялар меңгеруі қажеттілігі туындап отыр.
Жоғары технологиялар заманында адамға жан-жақтан түрлі ақпарат келіп түседі, сондықтан казіргі заман адамы ақпараттармен жұмыс жасай біліп, қажетін алып қолдана алу бейімділігін қажет етеді.
Сабақ беруге және оқытуға барынша мақсатқа сай және креативті амалдарды дамытуда орталық аспект мұғалім мен оқушы арасындағы қарым — қатынастардың түсінікті болуы керек. Егер оқытуға белсенділік пен өзара әрекет кіретін болса, ол тиімдірек бола алады.
Оқуды белсендіруге және диалог түрінде оқытуды белсендіруге ықпал ететін кез келген тәсілді қолдау мектептің басынан бастап құқықтар тең бөлінген орын екенін білдіретін фактіні растайды; сабақ беру мен оқыту талқылау үдерісінде жүзеге асырылуға және ынтымақтастық қолдануға тиіс, сондықтан мұғалімдер оқушыларға өз бетінше орындау құқығын беретін, сыныпта аса демократиялық атмосферасын қалыптастыратын тәсілмен оқыту үдерісін көңіл бөле ұйымдастыруы керек.
Бағдарламаға сай, сабақ барысында «Сабақ беру мен оқытудағы жаңа тәсілдер»-ді қолдануда «диалогтік оқыту» тәсілін басшылыққа алдым. Оқушылар диалог әдісін қолдана отырып, мысалы:талқылау, білімді бірлесіп құру, түсіну мен дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алады. Әрбір сабақта оқушыларға сұрақтар қою арқылы, тақырып бойынша өз ойларын айтуға мүмкіндік бердім. Өзара талқылау арқылы, түрлі ойлардың болатындығын, бір — бірінің түсінуіне көмектесетінін көрсетті. Сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысты. Оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Диалогтік тәсілдің оқушылардың ашылуына, ойын жеткізуіне, сөздік қорының молаюына көмектесетінін түсіндім.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтың маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатынын атап көрсетті. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым — қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнативті дамуына әсер ететіндігі айтылған.
Выготский когнетиві дамудың оқушылар өздерінің«Жақын арадағы даму аймағында» (ЖАДА) жұмыс істесе жағдайда жақсаратынын атап көрсетеді. Диалог барысында оқушылар нәтижеге жету үшін күш-жігерін жұмсайтын және Мерсер(2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Пікір алмасу оқушылармен диалог құру арқылы жүзеге асады
Оқушылар өз сабақтарында тақырыпта не оқылатынын, нені білу керектігін, ненің маңыздылығын түсініп сезінді.
Оқушылар тақырып бойынша мұғалімге оқушылардың білім деңгейінің қандай екенін түсінуіне ықпал ететінін сабақ барысында бақыладым.
Барнс пен Мерсер зерттеушілік әңгіме — мұғалімнің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде өзара дамыту қажет болып табылатын әңгіменің түрі деп айтқан.
Барнс пен Мерсер зерттеушілік әңгіме – мұғалімдердің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде оларды өзара дамыту қажет болып табылатын әңгіменің түрі деп айтқан. Ендеше, оқушылардың өзара әрекет дағдыларын дамытудың бір тәсілі — топтарға берілген ортақ проблемалар арқылы түйінді шешімге келетіні анықталды. Сыныпта сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізуі үшін мұғалімдер қолданатын сұрақтардың екі түрі — төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар қолданылады.Кей кездері төмен дәрежелі сұрақтарды «жабық» немесе «дұрыс емес» сұрақтар деп те атайды. Олар жаттап алуға бағытталған және де оған берілген жауап бағаланады. Ал жоғары дәрежелі сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге, бағалауға және талдауға тиіс болады.
Тиімді педагогика аясында бұл сұрақтардың екі түрі де қолданылады, тек қойылатын сұрақтың түрі оның мақсатына қарай өзгеріп тұрады. Сұрақты оқушылардың білім алу қабілеттеріне сәйкес болатындай етіп құру қажет. Оқушының білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты түрлі техникаларын пайдалануға болады. Ол үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынамалау, қайта бағыттау сияқты әр түрлі технологияларды пайдаландым.
2.2. Тұлғаның айтылым дағдылары арқылы қабілеттерін
арттыру жолдары
Мақсатым: белсенділіктерін арттыру, еркін сөйлеуге дағдыландыру, сөздік қорын молайту, логикалық ойлауын қамтамасыз ету, оқу материалдарын өз бетімен игеруге ықпал ету, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, ізденіске жетелеу. Алдыма осындай мақсат қоя отырып, мынадай нәтижелерге қол жеткізуге тырыстым:
Оқушылардың еркін сөйлеуі мен жазуына мүмкіндік туғызу;
Тіл байлығын дамыту;
Мәдени-әдеби тарихи құндылықтарды меңгерту;
Оқуға деген қызығуын арттыру;
Өзіне деген сенімділігін қалыптастыру.
Бұл үшін әрбір мұғалім оқу-тәрбие жұмысын жан-жақты қалыптастыру, оқушылардың білімге ынтасын барынша арттырып, олардың сана-сезімін дамыту жолында сай тынымсыз жұмыс жасауы тиіс. Осы бір үлкен сенім мен жауапкершілікті терең түсініп, өскелең ұрпақтың өмір талабына жауап бере алатын өз ісінің шебері ретінде болуы қажет. Жаңашыл ізденуден танбайтын ұстаз ғана оқушылардың жан-жақты дамуына қызығуын арттыра алмақ. Оқушы мен қарым-қатынас кезінде мұғалім әртүрлі ойындарды пайдаланғаны жөн. Оқушылардың ағылшын тіліне пәніне қызығуын арттыруда пән мұғалімдеріне көп ізденіп, жаңа оқу технологияларын меңгеруі, әртүрлі әдіс-тәсілдері білуі қажеттілікке айналып отыр. Мектептерде ағылшын тілін оқытудың негізгі элементтерінің бірі – сөздік жұмысын жүргізу. Оқушының сөздік қорын тексеру әдістері бар. Олар мыналар: 1. Әңгімелесу, әңгіме құрату, өзі қоршаған орта туралы, үй-іші, ата-анасы, оқу-құралдары т.б. 2. Оқушының күнделікті жиі пайдаланатын заттарын көрсету арқылы оны аттату. 3. Сөзді түсініп, айту дәрежесін тексеру.
Сөздік жұмысын ұйымдастырудың басты мақсаты – оқушының лексикалық материалды белсенді түрде меңгеріп, оны сөйлеу тілінде түрлі тұлғада қолдана білуі, яғни оқушы ол сөзді кез келген грамматикалық формада қолдана алуы қажет. Ағылшын тіліндегі сөздер тек лексикалық түрінде ғана меңгертіліп қоймай, ол лексика-грамматикалық бірлікте іске асырылуы қажет. Ал, жаңа сөздерді оқушыға бірінші рет түсіндіруде зат есім, сын есім, сан есім, есімдік формасындағы сөздермен беру қажет. Ағылшынша сөздерді дұрыс айта білуге дағдыландырып, сөз тіркесін екі-үш сөзден тұратын сөйлем құрай алатын дәрежеге жеткізуге тырысамын. 6-7 сыныптарда синонимдік, антонимдік сөздіктер жасатудың тиімділігін түсіндім. Мақал-мәтел бала ұғымын, түсінігін кеңейтуде, оның тілін, ойын дамытуда маңызы зор.
Сондай-ақ, ойын әдіс-тәсілін жиі қолданамын. Ойын арқылы ұстаз қойған мақсаттарына жетеді деп ойлаймын. Ойын арқылы тақырыпты меңгеру оқу үрдісінде ерекше орын алады. Ойынның қызметі мен ерекшеліктері мынадай:
Теориядан алған білімі бекітіледі;
Көру қабілетін нығаяды;
Қабылдау мүмкіндіктері молаяды;
Байқау қабілеті дамиды;
Сенімдік қабілеті күшейеді.
Мысалы, «Домино», «Бинго» ойындары, «Адасқан әріптер» тағы басқа ойындар сөзді дұрыс айтуға, қатесіз жазуға, нақты біліктері мен дағдыларын дамытуға орны ерекше. Ең бастысы, белгілі бір нәтижеге жету үшін сабаққа үздіксіз дайындалып, көп ізденіп, тиімді жолдарын таба білуіміз керек.
Адам – іс-әрекетшіл жан. Ол өзі үшін және ұрпағы үшін дүниені өзгерітіп, жақсартып дамытады. Адам – қоғамдық тіршілік иесі. Табиғат – балалардың дүние танымын, ақыл-ойын, тілін, танымдық қызығуын қалыптастырудың құралы. Мектеп оқушыларын өлкетану материалдары арқылы елжандылыққа тәрбиелеуде мұражай материалдарын, тарихи орындарды, құнды деректерді т.б. пайдалану арқылы баланың туған жері туралы білімін тереңдетеміз, елжанды ұрпақ тәрбиелейміз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ағылшын тілінде сөздік қоры мен жазу мәдениетіне төселдіре отырып, қазақ даласының «Елім» деп еңіреген, «Жерім» деп жыр төккен, ұлттың рухани-мәдени мұраны, ғылым мен білімді ту еткен ғұламаларды насихаттауды басты мақсатым деп түсінемін. Сабақтың әр кезеңінде оқушылар мен танымдық іс-әрекеттер іске асырылады. Ғалымдарымыздың зерттеуінше, бала жас кезінде тілді қиналмай, еркін меңгереді. Осы ретте Білім мен Ғылым Министрлігінің ағылшын тілін бастауыш сыныптап бастап үйретуге назар аударуы дұрыс талап.
Қазақстан алпауыт мемлекеттер алдында өз келбетін, бейнесін таныта білуі керек. Ол мұндай әрекет үшін дүние жүзу мойындаған ағылшын тілін игеру аса қажет.
Қазақтығымызды, салт-дәстүрімізді, имандылығымызды, өз жерімізде ғана емес, өзге шет жерде де дәлелдей алатын тіл – ағылшын тілі.
Жаны қазақ жүрегі «Отаным» деп соғатын, ана тілін еркін меңгерген білімді ұрпақ өз елімінің табысы мен жетістігін ағылшын тілінде өзгелерге танытып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Ұлт болашағы жеті түрлі білім, жеті жұрттың тілін білген ұрпақта. Қазақ деген елді өзгелер дарынды түлегімен, ойшыл ғалымымен, ұлтжандылық данасымен таниды, ал осындай асылдарды әлемдік биікте таныту көп тілділік арқасында жүзеге аспақ.
Ана тілін қадірлей отырып, өзге тілді білуге ұмтылу – өскелең ұрпаққа қойып отырған өмірдің талабы. Жаңа заманның жаңа тұлғасы боп қалыптасуға қадам жасаған шәкірттеріміз көбейе берсін.