Қанқызы және құмырсқа
Бабыш Жадыра Рахаткызы
Білім беру саласы: Таным.
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекет түрі: Экология. Тақырыбы: Қанқыз және құмырсқа. Мақсаты: қанқыз және құмырсқамен таныстыру. Жәндіктердің тіршілігіне қызығушылығын тудыру.Оларға қамқорлықпен қарап, қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Жәндіктердің суреттері. Алдын ала жасалатын жұмыстар: Жәндіктерді бақылау, өсімдіктер мен жәндік, жануарлардың суреттерін жинақтау. Әдіс — тәсілдері: сөздік, көрнекілік, практикалық.
Шаттық шеңбері:
Тәрбиеші музыка қойып, балаларды шаттық шеңберіне шақырып, өлең жолдарын айтқызады.
Алдымыздан кезіккен, Көп танысты көреміз. Бәріне де ізетпен, Иіліп сәлем береміз.
Тәрбиеші: Балалар , біз серуен кезінде қандай жәндіктерге бақылау жасадық? Бүгін біз тағы бір жәндікпен танысамыз. Ол үшін сендер қолдарыңды созып, алақандарыңды тосып тұрсаңдар, ол жәндік сендердің алақандарыңа өзі қонады. (Балалар көздерін жұмып, қолдарын созып тұрады, тәрбиеші олардың қолына кішкентай қанқызды қояды.) — Балалар, көздеріңді ашыңдаршы, сендердің алақандарыңа қандай жәндік қонды. Сендер бұл жәндікті көрген жерлерің бар ма, қайдан көрдіңдер? ( Балалар көздерін ашқан кезде қанқызын көріп, таңғалады, қуанады, бір — біріне көрсетіп, қуаныштарын бөліседі.) Тәрбиеші: Қанқызын бәрің де білесіңдер, ал олардың тіршілігі туралы көп білмеулерің мүмкін. Сол себепті мен сендерге бүгін қанқызы туралы айтып беремін.Қанқыз — қызыл түсті, үстінде жеті нүктесі бар кішкентай жәндік. Ол кішкентай болса да ештеңеден қорықпайды. Неліктен? — Егер де оны қолыңа алып, басып қалсаң, олар сап — сары жағымсыз иісі бар уын шығарады. Сол себепті оған құстар тиіспейді. Тіпті қызыл түсті нүктелі зат көрсе болғаны олар жоламауға тырысады. Міне, қанқыз осылайша қорғанады екен. Қорғанудың тағы бір түрі, оларды ұстап алсаң, ол өлген сияқты болып қатып қалады да, қауіп төнбегенін байқаған уақытта қайтадан өзінің ісімен айналыса береді. Тәрбиеші: Қанқыз немен қоректенеді? Балалар: Олар өсімдіктерге зиянды ұсақ жәндіктерді жейді. Тәрбиеші: Иә, балалар, олар алма битін, өсімдік бітесі, жапырақ бүргесі, өрмекші, кене т. б. ұсақ жәндіктерді жейді. Демек, қанқызының пайдасы үлкен екен. Себебі: олар өсімдік зиянкестерін жесе, өсімдіктерді дәрілеудің қажеттігі болмайды. Олар қандай жерлерде қыстайды? қыстайды. Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Қанқыз алғашқы суық түкен күннен бастап таулы, орманды жерлерге ұшып кетеді де, татардың ,ағаштардың т.б. қуыстарына тығылып көктем шыққанша жатады. Көктем шыққанда өздерінің үйреншікті жеріне ұшып келеді. Міне, біздің кішкентай қанқыз деген досымыздың тіршілігі осындай. — Балалар, сендер ең күшті қандай жануар деп ойлайсыңдар? Балалар: Піл күшті,арыстан күшті т. б. Тәрбиеші: Дұрыс балалар. Піл және арыстан күшті аңдарға жатады, және де ең күшті жәндік — құмырсқа. Себебі: ол өзінен он есе үлкен затты көтере алады. Сонымен бірге олар құрылысты да шебер салады. Олар қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан илеу жасап, тіршілік етеді. Әрбір илеуде «жұмысшы» және «жауынгер» құмырсқалар болады. Құмырсқалардың кейбір әрекеттері адамдарға ұқсайды. Олар енді ғана туылған құмырсқаларды илеуден таза ауаға шығарып, тәрбиешілері қадағалап жүреді. Ал ауруға шалдыққан құмырсқаларға дәрігерлері қарайды. Олар қажет болған жағдайда ауруларды алшақтатып, тіпті операциялар жасауға мүмкіндіктері бар. Ал құмырсқалардың негізгі қорегі басқа жәндіктер, өсімдіктердің жапырақтары мен тұқымдары, шырындары. Міне, балалар, құмырсқалар да адам мен табиғатқа осындай пайдасын тигізеді екен.
Сергіту сәті:
Ұзын мұртты құмырсқа, Келе жатты жұмысқа. Допты көрді жолында, Оңға қарады, солға қарады Үлкен тау деп ойлады.
Тәрбиеші: Балалар, біз бүгін қандай жәндіктермен таныстық?
Балалар: Қанқызы және құмырсқамен.
Тәрбиеші: Олардың бізге, табиғатқа қандай пайдасы бар екен?
Балалар: Олар өсімдік зиянкестерін, ұсақ жәндіктерді жейді,сондықтан олар жақсы, әдемі болып піседі.
Тәрбиеші: Балалар, сендер және қандай жәндіктерді білесіңдер?
Балалар: Ара, шыбын, көбелек, инелік, масаны білеміз.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар.
Күтілетін нәтиже:
Біледі: қанқыз және құмырсқаны танып, ажыратуды, олардың дене бөліктері туралы, олардың жәндіктер тобына жататындығын, табиғат үшін маңыздылығын. Игереді: қанқыз және құмырсқаны таниды, ажыратады, жәндік екенін біледі, қанқыз және құмырсқаның тіршілігі туралы түсініп айта алады. Меңгереді: қамқорлықпен қарайды, жәндіктерге жәбір көрсетпеу керектігін ұғынады.