«Дене шынықтыру оқу қызметінде қазақтың ұлттық ойындардың маңыздылығы»

 

Сарыбаева Мадина Камшыбековна ,
спорт нұсқаушы, жоғары санат
«Әсем» бөбекжай – бақшасы»
«Дене шынықтыру оқу қызметінде қазақтың ұлттық ойындардың маңыздылығы»

Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, тәрбиелейтін негізі іс-әрекет- ойын. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойындағанда қоғамдық ұжымдық сипатта болады. Кез келген бала еш уақытта жалғыз ойнамайды. Қатар құрбыларымен ойнайды. Ойын арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. Ал, мұның өзі оның дамуы үшін ерекше маңызы бар фактор. Баланың жаратылысы табиғаты тілейтін нәрседен баланы тыю дұрыс емес. Жүгіруден, ойыннан тыю сықылды. Баланы жаратылысы тілейтін нәрседен тыйсаң, бала бұл жасама тәртіпті оп-оңай бұзып кетеді.
Баланың жасы өсумен қатар ойнайтын ойынның мазмұны да өзгеріп отыратыны белгілі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың өмірінде ұлттық спорттық ойындар едәуір орын алады. Олар, «Тоғызқұмалақ», «Теңге алу», «Қыз қуу», «Көкпар» ойындары. Бір-бірімен жарыс кезінде бұл ойының ережелерін сақтауға балалар бар күшін салады. Осы ойында инициативаны жылдамдықты, ептілікті, тапқырлықты қажет етеді. Әр бала өз қимылдарын жолдастарына көмек беруді командасы үшін бар мүмкіндігін пайдаланады. Ойын кезіндегі жарысқа түсуде бірі-бірінен озу көзделеді. Осы спорт ойындарының бір жақсы жері балаға секіру, лақтыру, қарғу, өрмелеу сияқты атрибуттарды үйретіп қана қоймайды, оларды адалдық, шыншылдық принциптілік секілді адамгершілікке баулиды. Спорт арқылы денсаулықты да түзеуге болады. Спорт- денсаулық кепілі.
Дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу қызметінің міндеті — қимылдың белгілі бір кешенін жасап үйрену болып табылады. Мақсаты — баланы өнегелікке, сымбаттылыққа, күштілікке, төзімділікке тәрбиелеу. Ойынды тиімді пайдалану — ұйымдастырылған іс-әрекеттің әсерлігін, тартымдылығын, белсенділігін, баланың ынтасын күшейтеді. Ойын ережесі балалардың түсінуіне орай, қарапайым болуы керек. Ойынның ережеге сәйкес орындалуына — тәрбиешілердің ойынның мазмұнын дұрыс түсіндірмеуінен болады. Мұндай жағдайда балалар оған қызықпайды, зейін қойып тыңдамайды. Ойын барысында көрнекілікті алдын-ала дайындауы тиіс. «Аңшы мен ит және қояндар», 5-6 жастағылар үшін «Торғай мен мысық» ойындары барысында алғашқы күннен бастап өзін-өзі тежеуге үйрету керек. Барлық баланың қабылдау қабілеті бірлей емес екендігі, яғни белсенділер мен әлжуаз балалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау оларды әр түрлі орынға тарту арқылы шыңдау, ұмтылдыру, бірнеше рет бір ойынды ойнату барысында баланың физиологиялық өзгерісімен қатар психологиялық тұрғыдан сенімділігі артады. Ұлттық ойыннан ой-танымы жаттығуларын, тапқырлыққа, ептілікке машықтану көріністерін байқаймыз. Атап айтқанда: ұлттық ойындардың ішінде ер балалардың денесін шынықтырып, икемділігін, сергектігін, күш-қабілетін толықтырып, машықтандырытын да, ой тапқырлығы мен шешендігін жетілдіретін, ой сергітетін, білімін байытып, тапқырлығын танытатын түрлері бар. Ер балаларға арналған «Ат жарыс», «Қап киіп жарысу» баланың күшін дамытып, жігерін, денесін ширатып, бұлшық еттерін нығайтып, төзімділікке, батылдыққа баулиды. Өз бойындағы күшін, әдіс-айласын түгел пайдаланатын «Қазақ күресін» алайық. Күрестің «Білектесу», «Аударыспақ» сынды көптеген түрлері бар. Ойын барысында бала мінез-құлық ережелері мен нормаларын, өмірге көзқарасын, өзара қарым-қатынасын шығармашылықпен игереді. Қазақтың ұлттық ойындарының өзіндік ерекшелігі қыз балаларға арналған ойындардың болуы. Қыз баланың биязы болуы, дене икемділігі мен нәзіктігіне тәрбиелейтін ойындарды жас ерекшеліктеріне қарай пайдаланған. Қыздардың «Қуыршақ» ойынында қуыршаққа киім дайындау, отбасындағы ата-ана рөлдерін сомдау, кейіптендіру олардың психологиясына саналылық өзгерістер тудырады. Мазмұнды ойындар арқылы өз әрекетін өзгелермен үйлестіруге, түсінуге талпынса, өзінің ақыл-есін түгел сол ойынның мақсатына жетуге жұмсайды, шындыққа сенеді, тапқырлық пен табандылыққа ұмтылады. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекет барысында «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» сияқты ұлттық ойындарды жаңа материалдарды бекіту немесе қайталау кезінде қолдануға болады. Тәрбиеші ұйымдастырылған оқу іс-әрекетті ұлттық ойынмен сабақтастырып түсіндірсе, баланың пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруіне ықпал етеді. Мысалы: «Даусынан таны» ұлттық ойыны барысында балалар шеңбер болып отырады. Санамақ санау арқылы бір бала жүргізуші болып, көзін орамалмен байлайды. Ортаға шыққан жүргізуші атын атаған баланың даусынан тануы тиіс. Таба алмаса, айыбына тақпақ немесе ән айтуы керек. «Шалма тастау» ойынына қатысушылар алаңға топталады. Мәре сызылып, он метр жерге қазық немесе үшкір ағаш қағылады. Ұзындығы сол жерге жететін арқанның бір ұшы ілмекпен, шалма тастайды [3, 32 б.]. Қыз балаларға арналған «Үй тұсынан ақ қоянды ояту» ұлттық ойынында бір ырғақта әрекет жасап, ән айтуға, тіл байлығын молайтуға, моральдық, эстетикалық тәрбие беруге тигізер септігі мол. Ойынды қызықты өткізу үшін — ойынның шартын бұзбау, достарын ренжітпеу, жеңілсе ашуланбау, бастаушының айтқандарын орындау керек. Пайдаланылған ойындарды қортындылағанда баланың өздеріне талдау жасату қажет. Балалардың не себептен немесе қандай мүмкіндікпен жеңіске жеткендіктерінде көздерін жеткізу арқылы балалар ойын ережесін жете түсінетін болады.
Әдебиет: 1. Қалиұлы С.. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы: «Білім», 2003. — 151 бет. 2. Қалиев С., Аюбай Қ. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. — Алматы, 1996. 3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. — Алматы, 2007. — 9 том. — 32 бет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *