Қашықтан білім беру сапасы қалай жүзеге асып жатыр?
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы
«Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 ЖББОМ» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қашықтан білім беру сапасы қалай жүзеге асып жатыр?
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізіліп, мектеп оқушылары тоқсандық каникулға бір апта ерте шыққан еді. Аяқ астынан келген жаңалыққа үдере көшкен жұрт секілді мектептегі қағаз-қаламымызды, кітабымызды көтере, үйден есеп-қисабымызды жіберіп, енді қалай болар екен деп артын күткеніміз анық. Қашан да сабыр сақтап, кез келген нәрсенің байыбына мән беретін халықпыз ғой. Жай жатпай заманды күн қалай болар деп наурыз демалысында үйде отырғандықтан, қашықтан қалай оқытамыз деп дайындықты бастап кеттік. Ерте бастағанымыз қандай жақсы болды. Ал кірісіңдер дегенде, сақадай сай әзір болып тұра қалдық. Басында үрке қарағанымыз рас, көбіне сабақта заманауи әдіс-тәсілдің бірі ақпараттық-коммуникативті технологияны қолданғаннан гөрі пәніміз бала жанына жақын жазу, сөйлеуге негізделгендіктен, мүмкіндігінше бетпе-бет қарым-қатынаста сабақ өткізгенді жанымыз қалап тұрады. Содан болар, компьютер мүмкіндігін бір кісідей білгенмен, кейбір бағдарламаларын меңгеруге мойын жар бермейтін еді. Енді міне, бетпе-бет келгенде қиналыңқырап қалғанымыз бар. Әйтсе де, біз алмайтын қамал жоқ, адамның істегенін біз неге істей алмаймыз деген намыс түрткі болып және мектеп әкімшілігі бекіткен шұғыл топпен өзара оқыту жұмысын бастап кеттік. Қашанда істің басында мектеп әкімшілігі тұрады. Біздің мектеп ұжымы үлкен, ұйымдастыру, қадағалау бір адамның қолынан келмейді. Сондықтан мұндай іс-шараның басына мектеп көшбасшылары, тьюторлар, эдвайзерлер, тренерлер топтастырылды. Шағын топта өзара оқыту, үйрету жұмысы өз нәтижесін беруде. Үйде отырмыз дегеніміз болмаса, тікелей эфирде отырдық. Үйрену, үйрету жұмыстары осылай іске асты. Тосырқай қараған ата-ананы да үйреттік. Ата-ана жиналысы, сынып жиналысы, педагогикалық кеңес, шұғыл топтар жиналысы сәтті өткен секілді. Өзімізді арнайы бағдарлама жүргізуші журналистей сезіндік. Іле-шала көмекке «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ Инновациялық білім беру және ақпараттық технология кафедрасының тренерлері, педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері көмекке келді. Онлайн вебинар жүргізу арқылы қашықтан оқытудың әдістерін ұсынды. Осылай жүріп, біраз кәсіптің қызметін үйреніп те алдық. Өзіміз режиссер, өзіміз сценарист, диктор, журналист т.б. Экран алдында отырып, құтты өзің үлкен іс атқарып отырғандай сезінесің. Осы мамандықтардың алғашқы құзыреттілігін оқушы бойына өзіміз қалыптастырғанмен, бұл қызметті атқарып көрмеген бізге қиындау тигені рас. Енді міне, жүйрік аттай үйреніп алдық. Өзіміз үйренгенімізбен қоймай, отбасын да үйреттік. Күнделікті ертемен тұру, оқушыларға хабар беру, сабаққа қатысын бақылау, ретімен келген сабаққа дайын болу, кері байланыс жасау – бүгінгі дағдымызға айналды. Әрине, бұл біз, мұғалімдер қауымы үшін көңіл толтырар жайт болғанмен, оқушымен бетпе-бет жүзіне қарап, ерекше көңіл күймен сабақ өткізгенге жетпейді. Оқушы апайын сағынып, апайы мектебін сағынып жүрген жайы бар. Әне-міне дегенше, IV тоқсанның бір айын тәмамдап қалдық. Бірақ жаһан халқын тәубесіне келтірген вирустың беті қайтар емес. Жылдық қорытындымыздың ойы аяқталмай, нүктесі қойылмай қалатындай бір шаруа болып тұр. Әйтсе де, БІЗ БІРГЕМІЗ! деген бүгінгі күннің сөзі жаныңды жылытардай. Кейде түсіме дәптер, кітабымды құшақтап, кабинетке кіріп келе жатқаным кіреді. Кабинеттегі гүлдерім есіме түскенде ұйқым шайдай ашылады. Бейбіт заманда да осындай болады екен. Бәрі-бәрі уақытша деп жұбатамыз. Әлі-ақ мектеп алды шулаған бала дауысына толары анық. Алдағы күнге сенеміз, сеніммен қараймыз. Біз біргеміз!