Заманымыздың заңғар жазушысы
“Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – “Қан мен тер” трилогиясы мен “Соңғы парыз” дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды”.
Герольд БЕЛЬГЕР
Қазақ әдебиетінің бүгінгі көзі тірі абызы – Әбдіжәміл Нұрпейісов бір сұхбатында: -Тілді мен кейін үйрендім. Әскерде жүріп тек әскери тіл үйренсем, әдеби тілді соғыс біткен соң орыстың, әлемнің жазушыларын көп оқу арқылы үйрендім. Менің бұл білім алу, тіл үйрену әдісім активный – белсенді тіл үйренуге жатпайды, менікі пассивный – селқос, енжар үйрену. Мен кітапты оқып отырып сөздің мағынасын интуитивті түрде аңғару, жобалау, болжарлау арқылы үйрендім. Мен 1-курста орысшаны екі ай бойы күн сайын «Известия» мен «Комсомольская правда» газеттерін аударып, аударғанда алдыңғы сөзден кейін уақытты ұту үшін үшіншісін аударып, ортадағы сөздің мағынасын жорамалдап аудару арқылы үйреніп едім… Және осылай еткенде сөз тез жатталады екен.
– Мен талай рет ой-жорамалым дұрыс па екен деп тексеріп көрдім. Құдай оңдап, менің сол әдісім осы күнге дейін жаңылысуды білмейді, мені жарға жықпай алып келеді. Соның арқасында өз кітаптарымның орысшасын өзім редакциялайтын деңгейге жеттім, — дейді. Бұл дегеніміз адамға алла талант береді, бірақ оны дамыту адамның өзіне байланысты. Егер шын талат иесі боламын десең, талаттымын деп қана қоймай онымен бірге аямай еңбек ете білу қажеттігін Әбдіжәміл ағамыздың сұхбаты тағы да дәлелдей түсті.
Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика
майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған “Курляндия” романын жазуға кіріскен. Жастайынан зерек өскен жазушыны соғыс өмір қазанына ерте түсіріп тез шыңдады. Оның қаламынан шыққан әрбір туынды ондыққа дәл тигізілген жебе секілді уақыттың айнасы іспеттес заманның нағыз шынайы портретін жасай біледі. Өзіне қатал талап қоя білетін жазушы әрбір сөзіне, жазған әрбір әрпіне аса үлкен жауапкершілікпен қарауының арқасында бір ғасырды тұтастай бейнелейтін шығарма жаза білді. Халықтың ғасырлық қасіреті алуан қырлы адам тағдырымен өріліп, кең тынысты қалпымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осынау бес кітабына сыйып кеткен. Нағыз эпос! Атың әдебиет тарихында қалу үшін артыңнан том-том кітап жазу міндет емес, өмірдің шын бейнесін көрсететін, заманның тылсым бейнесін домбыраның нәзік ішегіндей өте сезімтал тілмен жеткізе білетін, адамға ауа қалай қажет болса, шығарма сол заманның қажеттілігін өтесе – ол өміршең шығарма емей немене?! Яғни жазушының ұлылығы оның кітабының санымен емес, сапасымен өлшенетінін өмір өзі дәлелдеп отыр.
Қайта қарап үстінен сан мәрте түземеген бір де бір кітабы жоқ. Бұл кісіге редактор болу – қияметтің азабы. Аудармашы болу – тамұққа түскенмен бірдей. Әдебиетіміздің адам жанына үңілуші спектр сәулесі, сезім шырғалаңы, натураға жақын мінез аясы – осы ағамыздың табандылықпен қосқан үлесі. Ой ағынын прозаға, қара сөзге алғаш енгізушінің бірі. Қара сөздің кемел сынықшысы. Ұлттық салт-дәстүрдің уызына жарып өскен, мәйекті тілімен тебірене білетін, оқырманды да тебіренте жүретін сөз зергерімен замандас болғанымызға мың мәрте тәубе айтамыз. Заманымыздың заңғар жазушысын 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысы «Алтын жұлдыз» белгісін табыс етті. Әбдіжәміл Нұрпейісов жұлдыз десе соған лайық заманымыздың қараңғы түнін өз шығармасымен жарық еткен нағыз талант иесі. Әңгімеміздің соңында жүз жылда, мың жылда туылатын талант иесіне денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.