Сіз қалаған мамандық…
Мектеп табалдырығынан аттап шығып,ересек өмірге қадам басар уақытта әрбір жас өзіне маңызды сұрақ қояды.»Менің қалайтын мамандығым қандай?»
Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар мен ғаламтор желісінің дамуына байланысты,әрбір Қазақстан азаматы өзіне керекті құнды мәліметке жылдам қол жеткізе алады.Мамандықты таңдай білу,қызмет салаларын ажырату-келешектің келелі мәселесі.Болашақта көз жетпес асулардан көріне білу де,ең алдымен,дұрыс әрі нақты таңдау жасай білуге тікелей байланысты.
«Жылтырағанның бәрі алтын емес»деген ата-бабамыздың саналы сөзі де заманауи маңызға ие.Қазір сұранысқа ие мамандықтардың барлығы сізге сенімді болашақты қамтамасыз ете алатындығына сенімдісіз бе?Ең дұрысы-өзіңіздің таңдаулы мамандығыңызды табу.Тұлғаңызға сай,жағымды қызмет саласын таңдау үшін бірнеше ережені ескере кеткеніңіз дұрыс:
1.Республикадағы сұранысқа ие мамандықтарды анықтап алыңыз.
Белгілі бір саладағы білікті мамандардың аздығы болашақта сізге қызметке орналасуға сеп
болары сөзсіз;
2.Сұраныс бар салалар тізімінің сіздің талғам-таңдауыңызбен сәйкестігін тексеріңіз.Саладағы қаңырап тұрған орындар өзіңізге деген махаббат пен талпынысты қамтамасыз ете алмайды.Сондықтан да,ең маңыздысы-жүрек пен ақылдың келісімі.
3.Өз мүмкіндіктеріңізді айқын,саналы түрде бағалай біліңіз.Қиялға қарай мұрын созып,маһрұм қалғанша,сенімді де анық таңдау жасап,жетістікке жеткен жөн.Мүмкіндік пен таңдауды сәйкестендіру-сіз үшін ең пайдалы әрекет.
4.Сан-түрлі сұрақтарсыз нақты шешім қабылдаңыз,яғни,таңдау жасаңыз.Өз мүмкіндіктеріңізді барынша саралап болған соң,өзіңізге сәйкес жағын қарастырып,белгілі бір нұсқаны таңдаңыз.
«Мамандықтың жаманы жоқ,бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет,бұл жай күнелту,тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді,зор шеберлікті қажет ететін нәрсе»,-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай,әрбір мамандықтың өз шебері болатыны мәлім.Кез-келген сала сіз үшін табысты бола алмайды,сондықтан,тек өзіңізге қажетін іздеңіз.Ал егер де,сіз атап өткен сұраныс,сәйкестік,мүмкіндік және таңдау қағидаларын ескеретін болсаңыз,сіз өзіңіз үшін ең жақсысың сенімді түрде іздеп таба аласыз.Жүрекпен қалап,таңдаған мамандығыңыз сізге сәттілік пен жеңіс әкелері сөзсіз.