Тәрбие-отбасынан басталады
Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатыр. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын – тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.
Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, білім беру, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы; ал балалары алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады.
Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Балалар ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп, оны түсінуге тырысады. Ата-аналар да балаларының күн сайынғы әрекеттерін қадағалап жағдайларын біліп отырады. Отбасының берік негізі міне, осы рухани мүдденің бірлігінде. Оның біртұтас ынтымақта болуы, береке бірлігі ең алдымен ата-ана мүддесінің мәні мен мағынасында, әке мен шешенің бір-біріне, балаларына, олардың достары мен жолдастарына деген қарым-қатынасына байланысты болады.
«Ұяда не көрсең ұшқанда соны аласың» дегендей бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Бала өскен сайын, оның тәрбиесі де күрделеніп, оған қойылатын талаптар да күшейе түседі. Ақыл-ойының дамуы, ұнамды мінез-құлқын қалыптастыру ең негізгі міндетке айналды. Оның негізгі отбасында мектепке дейінгі жаста қаланады. Бала жақсы адам болып өсуі үшін ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды, ең әділетті қарым-қатынастардың куәсі болуы керек.
Ол ата-анасының өзіне қандай қамқоршы, сүйеніш екенін сезінуі керек. Анасы баласына әкесіне өз әрекеттері арқылы қуантып, сыйлап құрметтеуді, оның жұмысын жеңілдетіп, оған қолқанат болып жүруін талап етіп түсіндіріп отырады. Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, жарқын сезімдер мен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасындағы өмір сүре білуге үйрету. Балаға дүниеге келісімен көп көңіл аударып, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей оның өнегелі қасиеттерін отбасында қалыптастырған жөн.