Қашықтан оқыту бізге не берді?
Қашықтан оқыту бізге не берді?
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары 4- тоқсанды оқытудың жаңа форматы бойынша қашықтан оқуда. Қалыпты оқытуға үйренген оқушы мен мұғалімге оңай болмағаны рас. Өркениетті заманда, заман көшіне ілеспеуге тағы болмайды. Нағыз ұстаз шәкіртінің жанынан табылып, ата-анаға бағыт – бағдар беріп, қолдау білдіру қажет. Алматы қаласы Түрксіб ауданы №198 жалпы білім беретін мектептің директоры Асемкуль Слямбекқызының басшылығымен «Ата-ана – оқушы – мұғалім» болып, ұйымдасқан түрде қашықтан оқыту үстінде. Мұғалім мен оқушы қашықтан оқыту барысында желілік технология, кейс-технологиялар, ТВ-технологиялар арқылы нәтижелі түрде оқу үшін жаңа ақпараттық технологияның кұралдарымен жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймагамбетовтың қолдауымен оқу процесін ұйымдастыру үшін барлық оқытушылар мен студенттерге электронды платформаларға қол жетімділік берілді. Құрал ретінде бейне сабақтар, дербес және онлайн жұмыс, онлайн курстар және т.б. қолданылуда. Сонымен қатар, балалар жақсы көретін «Балапан» және «Ел арна» телеарнасы арқылы тиісті кесте бойынша күнде сабақ беріліп отыр. Бізде қашықтан оқыту барысында бірнеше жүйелерді қолданып отырмыз. Нақтырақ айтсам, «Bilimland», «Daryn.online» және «Күнделік кз», «WhatsApp» мессенджері арқылы оқу мақсаттарын қамтитын ресурстар мен тапсырмалар беріліп, кері байланыс іске асырылуда. БЖБ мен ТЖБ алу бойынша дайындық жұмыстары да жүргізілуде. Қашықтан оқудың тағы бір ерекшелігі аты айтып тұрғандай, қашықтан оқыту кезінде ешқандай қатып қалған кесте жоқ, оқушы қалаған уақытында мүмкіндігіне қарай ұстаздармен байланыс орната алады. Осыған байланысты ата-ана баласының сабағын қадағалап, ұстаздар мен ата-ана арасында бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатылды. Мектеп әкімшілігі төтенше жағдайға байланысты ұстаздар мен оқушыларға қашықтан оқуға көмек көрсетуде, яғни интернет желісі, ноутбук және қажетті құрылғылармен қамтамасыз етті.
Қашықтан оқыту бізге не берді? Оқушыға белсенділігін арттыруға, өзіне сенімділігін қалыптастыруға, танымдық-шығармашылық қабілетін дамыту арқылы оқу мақсатын өздігінен игеріп, ойын еркін жеткізе білуге, өзіне жүктелген жауапкершілікті саналы түрде түсінуге көп көмегін тигізді. Мұғалімге қалыпты оқытудан екі еселенген жауапкершілікті жүктеді. Қысқа, төте жолмен діттеген мақсатқа жетуге негізделген ақпарат пен тапсырманы саралап, сынып оқушыларын толықтай қамтып, кері байланыс орнатуды үйретті. Ата-аналарға оқыту мен оқуда ұстаз бен шәкірт арасында ерекше мейірім мен жүрекке жол тауып, білім нәрін егудің тылсым күші бар екенін сездірді.