Математика сабағында деңгейлеп-саралап оқыту әдісін қолдану
Математика сабағында деңгейлеп-саралап оқыту әдісін қолдану
Бүгінгі таңда мұғалімнің қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Ұстаздарда білім жетерлік, бірақ оны оқушыға жеткізу үлкен шеберлікті қажет етеді.
Қандай пән болмасын, ең алдымен сол пәнге деген қызығушылығын ояту керек, олай болса зерттейтін объект – оқушы. Оның бойындағы қасиеттерді ескере отырып, сезімін, ынтасын оятар іс-әрекетті жоспарлап көр, әрі қарай оқушының таным белсенділігін арттыруды мақсат ет. Танымдық белсенділікті қалыптастыру көрсеткіштеріне интеллектуалдық, эмоцияналдық, жігерлілік іс-әрекетке оқушылардың белсене қатысуы жатады. Осындай нәтижеге жету үшін сабақ мазмұнының түрлерін, оқытудың амал-тәсілдерін түгелдей өзгерту қажет, қазір жалпылама баяндау, сұрақ-жауап, лекция тәрізді сабақ әдістері өз нәтижесін бере алмайды.
Бұл жерде математикалық дайын ақпараттарды қолдану ғана емес, ғылым мен техниканың дамуына ықпал ететін жаңа туындыларға жол ашу, мүмкіндік жасау. Бұл үшін қажет болған жағдайда жаңа идеялар айтатын, математикалық сауаты жоғары мамандар дайындау қажет. Қазіргі қоғамымызда болып жатқан түбірлі өзгерістерге байланысты әрбір мұғалім оқытудың сан қилы әдістері мен формаларын білуі қажет. Сабақ барысында шәкірттің білімге құштарлығын арттыру, өздігінен ойлау қабілетін жандандыру, еңбек етуге баулу, жауапкершілік сезімін қалыптастыру — мұғалімнің басты талабы. Жаңа талаптарға сай көптеген оқыту технологиялары бар. Бүгінгі таңдағы ғылыми – техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына мүлдем жаңа міндеттер қойып отыр. Ол — өз жұмысын орынды және бүкіл технологияның үздіксіз өзгерістеріне, жаңалықтарына бейімделе алатын орындаушының тұлғасын қалыптастыру. Қазіргі педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын қолдану. Сабақ үрдісінде небір күрделі қиындықтар кездеседі. Қашанда шебер ұстаз барлық қиындыққа төтеп беріп, сабақ үрдісін тиімді ұйымдастырып, тақырыпты жүйелі түсіндіріп отырады. Бүгінгі таңда озат педагог – ғалымдар, тәжірибелі мұғалімдер ойлап тапқан сабақты түрлендіре өткізудің жаңа тәсілдері жеткілікті. Осындай технологиялардың бірі – профессор Ж. А. Қараевтың деңгейлеп — саралап оқыту технологиясы.
Мұғалімі ретінде барлығымыздың мақсатымыз – сабақ барысында оқушылардың білімге құштарлығын арттыру, өздігінен ойлау қабілетін жандандыру, жауапкершілік сезімін қалыптастыру, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу. Өз сабақтарымда деңгейлеп — саралап оқыту технологиясының әдіс — тәсілдерін жиі пайдаланамын. Әр өткен жаңа тақырыпты оқушыларға шығармашылық ізденіс үстінде меңгертуге тырысамын. Сондықтан мұндай сабақтарда оқушының ынтасын, белсенділігін арттыру үшін оларға үнемі проблемалық сұрақтар қойып отырамын. Тақырып бойынша жасақталған деңгейлік тапсырмалар жүйесі дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Өйткені ол оқушының ойлауын, елестетуі мен есте сақтауын, белсенділігін, дағдысын, білім сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының екінші бір жағы – оқушыларды дүниежүзілік білім жүйесінде қолдананылаты рейтинг – ұпай жинау әдісіне баулу.
Деңгейлік тапсырмалар рейтинг-ұпай – балл жинау әдісімен бағаланатынын ескерсек, оқушылардың деңгейлік сабақ өткеннен кейін де сол тапсырмаларда жіберген қателіктеріне, тапсырмаларын орындауда қолданған тәсілдеріне анализ жасап, қателіктері мен кемшіліктерін анықтай білуге мүмкіндік береді. Келесі тапсырмаларда оқушы неғұрлым көбірек ұпай жинау үшін ізденіп оқытушыдан, жолдастарынан, қосымша материалдардан білім жинайды. Бұл әдіс арқылы оқушылардың сабаққа деген ынтасы жоғарылайды, өз білімін бағалай алады және баға әділдігіне көз жеткізеді.[1]
1-деңгей. Оқытушылық деңгей- міндетті, оқушылық деңгей — репродуктивтік деңгей:
жаттап алуға лайықталған анықтамалар, тұжырымдамалар, аксиома, теорема, т. б;
алдынғы сабақта жаңадан меңгерілген білімнің өзін өзгертпей қайталап, пысықтауға арналған сұрақтар; тапсырмалар жаңа тақырып үшін тиісті және өмірмен байланысты болу керек.
2- деңгей. Алгоритмдік деңгей – елеулі белгілерді есте сақтау дағдысына бағытталады:
өтіп кеткен материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар, бірақ оларды орындау үшін алған білімдерін түрлендіріп, тереңдете пайдалануды талап етеді;
логикалық есептер, тапсырмалар.
3-деңгей. Эвристикалық іздену түрде орындалатын тапсырмалар:
анализ бен синтез, салыстыру арқылы тақырыптағы негізгі білімді анықтау, қорытындылау, әр түрлі әдіс — тәсілдермен есептер шығару, өздігінен есептер шығару, ребрустар, сөзжұмбақтар құрастыру, диаграмма салу, өлшем жасау, проблемалық жағдайларды шешу, белгілі бір дағдыларды қалыптастыруға арналған сұрақтар.
4-деңгей. Шығармашылық оқушылардың жинаған өмірлік тәжірибесі мен қалыптастырған ұғым, түсініктердің қиялы мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмаған, белгілі бір дәрежеде олардың басының икемділігін байқататын дүние жасап шығуына негізделген (теорема дәлелдеу, заңдылықтарды оқулыққа сүйенбей мұғалімнің көмегінсіз қорытып шығару); олимпиада есептерін шығару; берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, ғылыми жобалар қорғау.
Деңгейлеп — саралап оқытудың басты мақсаты — сынып оқушыларын қабілетті, қабілетсіз жіктерге бөлуді болдырмау.
Қорыта келгенде, оқушылардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру, жаңа технологияларды пайдалану негізінде одан әрі дамытылуда. Оқыту жүйесіндегі жаңаша мазмұн жас ұрпақтың әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруінің басты нысаны. Тұлғаға бағытталған білім оның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жасау арқылы оқушының өзіндік жеке жолы, темпі, даму динамикасы, ынтасы, ойлауы, есте сақтауы, оқу сапасы арта түседі. Әр оқушының ой өрісі кеңейе түседі. Оқушыларды бағалау да ерекше, ол рейтингтік (көпұпайлы) жүйе бойынша жүзеге асады. Математика пәнінен оқушының білім сапасын жетілдірудегі қажеттілігі туады. Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушыны үнемі тапсырма орындайды, үш кезең арқылы өздігінен үзіліссіз білім алуға ынталандырады.