Баланың мектепке дайындығы туралы егжей-тегжей диагностикасын ұсыну

Балтабаева Гүлмира

Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін реформалау барысында әрбір баланы мектептегі оқу және әлеуметтік ортаға еркін бейімделе алатындай жағдай жасау аса маңызды міндет. Демек, қазіргі талап бойынша мектептің бірінші сыныбына келетін балалардың физиологиялық жағынан мықты, адамгершілік, мәдениеттілік, еңбексүйгіштік қасиеттері мол, ерік-жігері күшті, жұмыс қабілеттеріне ие, білімге қызығушылық сипаттары мол болуы қажет. Сондықтан да мектеп пен мектепке дейінгі мекеменің, ата-аналардың басты міндеті — баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау.

Мектепке алғаш бару — бала өміріне үлкен жаңалық, өзгеріс енгізеді, қоғамдағы жаңа орынға көшуі мен өсіп-жетілуінің бір бастамасы. Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар балаға әріптерді және санауды үйретумен ғана шектеледі. Әрине баланың оқуға дайындығын ақыл-ойының даярлығымен ғана шектеліп қоймай, оның оқуға психологиялық жағынан даярлауды қарастыру қажет. Яғни, бұл баланың мотивациялық-қажеттілік және психикалық үрдістерінің дамуы оқуда, қарым-қатынаста қиындыққа кезікпеуіне мүмкіндік береді. Бұл қауырт кезеңде мектеп бірінші күннен бастап оқушыға бірнеше талаптар қойып және баланы ұқыптылық пен зейінділікке тәрбиелейді. Сондықтан да балалар оқу ісіне машықтануға, қимыл-әрекетерінің ықтиярлы басқарылуы қабілетін, ақыл-ой еңбегін, мақсаткерлігін, дағдысын қалыптастыруға аса көңіл бөлінеді.

Мектепке психологиялық даярлықты жүзеге асыру ісін ғалымдар түрліше жіктейді. И. Шванцар, Л.И. Божович зерттеулеріне сүйене отырып, мектепке даярлықты жүзеге асыру ісін үш бағытта жүргізу қажет деп тұжырымдайды. Ал Е.Е. Кравцова мектепке даярлықтың төрт бағытын қарастырды:

1 бағыт — балаларды мектептегі  оқуға қажетті нақты іскерліктер  мен дағдыларды қалыптастыру;

2 бағыт – мектеп жасына дейінгі  кезеңнің аяғында байқалатын  жаңа құрылымдар мен бала психикасындағы  өзгерістерді зерттеу;

3 бағыт — оқу әрекеттерінің алғы  шарттары;

4 бағыт — баланың берілген ережелер  мен ересектер талабына саналы  түрде бағыну іскерлігі.

Демек, баланы мектепке психологиялық жағынан  даярлау тақырыбын зерттеп жүрген психологтер (В.В. Холмовский, Л.А. Венгер, Н.И. Непомнящая т.б.) даярлықтың төменгі  бағыттарын бөліп көрсетті:

 

Баланың мектепте табысқа жетуінде бұл бағыттар аса маңызды болғандықтан, әрбір бағыт жайлы ақпаратпен қамтамасыз етуді жөн көрдім.

  1. Ақыл-ойының даярлығы.

Бұл мектепке дейінгі баланың білімі және біліктілігі. Кез-келген бала жазып  және санаумен ғана шектеліп қана қоймай, ең маңыздысы салыстыра білуді,талдауды, ойлай білуді, өздігінен қорытынды жасай білуі тиіс. Көрнекі -әрекеттік ойлау қабілеттілігі жоғары бала көрнекі үлгімен жұмыс істегенде,заттардың кейпімен, мөлшерін ұйқастырғанда, қойылған міндеттерді шешуде тиімді әрекеттердің барлық түрін орындап шығады.

Сонымен бірге баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы және өзіне сөйлеген сөздің мағынасын түсініп,өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Бала өзбетімен сөйлем құрастырып, ұқсас дыбыс тіркестерін анық айта алуы маңызды. Әрбір бала әңгімені құрастырумен қатар әрі бала заттарды, суреттерді, әрекетттерді бейнелеп және оның мазмұнын айтып беруі қажет. Яғни, баланың сөздік қорының мөлшері, таным үрдістерінің даму деңгейі, логикалық операцияларды орындай алуы, баланың оқуда білімді табысты меңгеруінің негізі болып табылады.

  1. Биологиялық кемелденуі.

Мектептегі  оқу әрекеті — бұл ағзаның барлық жүйелерінің қатты жұмыс істеуін  қажет ететін үрдіс. Баланың ағзасында  жаңа ережелер мен іс-әрекеттерге  үйрену өзгерістер туғызады. Оқушы  мектептің талаптарын орындап, жаңа күн режиміне, сабақтарда тәртіп сақтап отыруыға дағдылануы қажет. Алайда кез-келген баланың денсаулық жағдайы мұндай өзгерістерге бірден бейімделе алмайды. Сондықтан баланың денсаулық жағдайы (дене салмағы, бойының ұзындығы т.б.) нормадағы 6-7 жасар баланың дене көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс. Сонымен бірге көру ,есту, моторикасының дамуы және жүйке жүесінің физиологиялық жағдайын жатқызуға болады.

  1. Жеке басының қалыптасуы мен  әлеуметтік даярлығы.

Мектепке  келген бала оқимын деген ниетпен  мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ кейде бала оқуға барғым келеді дегенмен, оның мотиві әртүрлі болады. Біреуі мектепте көп бала бар және онда көңілді десе, біреуі партаға отырғысы келгендіктен мектепке баруы мүмкін. Алайда мұндай ықыласпен мектепке келген балалар, біраз уақыттан кейін мектептің қатал тәртібіне және күнделікті оқу сабақтарына шыдай алмайды. Жалпы, бала оқу үрдісінің өзіне қызығуы қажет. Сонда ғана бұл баланың таным қызығушылықтарының дамуына, жаңа білім алуына мүмкіндік жасайды.

  1. Ерік сапаларының қалыптасуы  мен эмоционалдық даярлығы.

Бұл баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя білуі. Сонымен бірге баланың әрекеттерді жоспарлап, олардың орындалуын жүзеге асыруда күш жұмсай білуі, қиындықтарды жеңуі баланың психологиялық үрдістердің қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Егер  баланың мектептегі оқуға дайындығы  осы бағыттармен ұштасып жатса, баланың оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.

Мектепке  дейінгілердің негізгі іс-әрекеті  ойын болғандықтан, оларға бірден оқу  әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш  аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінің өзіне жағымсыз эмоция сезініп, қорқыныш пайда болады. Осыдан келе нашар оқитын балалар және екінші жылға қалып қоятын балалар пайда болады. Сонымен бірге баланың көңіл-күйінің болмай, себепсізден жиі ауыруы мектеп неврозы сипатында көрінеді, яғни мектепті еске алса болғаны жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стрессогендік факторға айналып, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады.

Мектеп өмірі баладан эмоциональдық тұрақтылықты талап етеді Оқушылар арасында келіспеушіліктер, реніштер және конфликтік жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе ерке балалар мұғалімнің ескертулерін ауыр қабылдайды, яғни мектепке барудан бас тартады, жылайды және т.б. әрекеттер арқылы көрінеді. Баланың өз бетімен шешім қабылдай алатындай және еріктілікті дамытуға жағдайлар жасап және бір жұмысты аяқтамай келесі жұмысқа кірісуіне рұқсат етпей, кез-келген істі аяғына дейін жеткізуге үйрету керек.

Баланы  оқуға дайындауда үлкен және кіші моторикасына ерекше мән берген жөн. Ғалымдардың айтуынша баланың саусақтарының  дамуы ақыл-ойы мен сөйлеуінің қалыптасуында маңызды роль атқарады.

М.М. Кольцова өзінің еңбектерінде «Бала мектепке барар алдында көру-моторлы координациясы біршама дамыған болуы тиіс және қолдың саусақтары мидың сөйлеу аймағы болып табылады» деген. Яғни, бала жүгіріп, секіріп допты лақтырып және ұстап алу әрекеттерін еркін орындап, қайшымен, қарындашпен, қыл-қаламмен жұмыс істеу біліктілігі дамыған болуы керек. Балаға сурет салғызу, әртүрлі заттардан құрастыру, пластилинді илеу баланың саусақтарын дамытып қана қоймай, ойлау қабілетін де дамытады. Сурет сала алмайтын және пластилинмен жұмыс істей алмайтын баланың жазуға икемі болмайды. Кез-келген 5-6 жастағы бала 3 минуттан артық жаза алмайды тез шаршап қате көп жіберетін болады және 2-3 минут сайын баланың қолын демалдырып отыруды қатал есте сақтағаныңыз жөн. Бала жазу дағдыларын меңгеруде әрбір жетістігін мақтап «Сенің қолыңнан келеді,біз көмектесеміз», «Сен істей аласың» деген сенімділік сөздерді жиі айтуыңыз қажет, өйткені қуатты сөздер баланың табысқа жетуіне әсерін тигізеді.

Бала  жазу жазуда қарындашты немесе қаламды  дұрыс ұстап үйретуіңізді ұмытпаңыз. Сонымен бірге баланың сөйлеуін дамытуда сурет бойынша сөйлем құрастыртып, ертегілерді немесе әңгімелерді оқып, кітаптағы суреттерге зейін қойып қарауына аса мән беріңіз және «Мына суретте не бейнеленген? Адамдардың аты кім? Олар не істеп жатыр?» деген сұрақтарды қою арқылы кітапқа қызығушылығын арттыруға болады. Ата-ана баласын санауға үйретуде «Үстелде неше кесе? Суретте неше доп? Киімде неше түйме?», — деген сұрақтар қойып баланы санауға жаттықтыруға болады. Мектепке дейінгі баланың оқу материалын меңгеруде, кеңістікті және уақытты қабылдай алуы маңызды рөл атқарады. Сөйтіп, бала мектепте оқудың жаңа жағдайларына еркін ене алатындай дайындықтан өтеді. Мектепке дайындық баланың үйлесімпаздылығынан туындайтын кезде оңтайлы мүмкіндіктері арқылы жан-жақты тәрбиеленуі мен дамуын талап етуі бала оқу және тәжірибе мәселесін шешу үшін өзіндік білімін пайдалануы, танымдық әрекеттері мен ойлануы жеткілікті даму деңгейін көтерілуі тиіс.

Сонымен бірге коррекциялық – дамыту жұмыстарын жүзеге асыруда бағдарлама құрылады. Ал педагогтарды оқу жылдың басында болашақ бірінші сыныптағы балалардың мектептегі оқуға психологиялық зерттеуде алынған нәтижелермен таныстырады. Әсіресе мектептегі оқуға дайын емес балалардың жағдайларына ерекше көңіл бөліп, қандай оқушылармен жұмыс істеу керектігін жайлы ақпарат алып және оқу-тәрбие үрдісінде жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін өзбетімен немесе психологтың көмегімен таңдауға болады. Мектепке дайын емес балаларды оқытуда оқушыларды жиі мадақтап,оқуда баланың табысқа жетудің жағдайларын тудыру керек. Сабақ барысында оқушылар бір орында отырудан әбден жалығады. Оларға эмоциялық бәсеңдеу қажет болған соң айғалайды. Сондықтан сабақта қозғалыс ойындарды тиімді қолданып және сергіту сәттерін жиі өткізіп тұрған дұрыс. Егер баланың сабақта көп қозғалуына мүмкіндік жасаса, ағзаның барлық жүйесінің қызметін және физиологиялық күш қуатын жақсартуға мүмкіндік жасайды. Бұл сабақты тез игеруіне көмектесіп, баланың жұмысқа қабілеттілігі жоғарылайды.

Кез-келген ата-ана баласының өсіп-жетілуінде, рухани күшті етіп тәрбиелеу жолында  алуан түрлі қуаныш пен қиыншылықтарды бастарынан өткізе отырып, оның рухани және ақыл-ойы мен дене құрлысы жағынан жан-жақты даму дәрежесіне жеткізуге баулиды. Мұғалім баланы оқуға дайындауда ата-анасымен бірлесе отыра жүргізеді. Оларға іс-әрекеттің мазмұны өзгерген кезде баланың мінез-құлқы да, ішкі психикалық өмірі де өзгеретінін және осы кезде баласына аса қажет екендігі түсіндірілуі керек.

Баланың мектептегі оқуға дайындығы біртіндеп  қалыптасатын аса күрделі үрдіс  және бұл үрдісті жүзеге асырудың бірден бір жолы — ата-ананың, мұғалімнің және психологтың бірігіп жұмыс  істеуі. Бала балалық шақтан өзіне белгісіз, таныс емес дүниенің есігін ашқаннан кейін, баланың өмір сүру тіршілігін түбегейлі өзгертеді. Яғни, баланың мектеп өміріне еніп және өзінің әлеуметтік ортада «МЕН» дегенін қалыптастыра алып, жоғарыдан көріне алуы, баланың білімді, табысты және нәтижелі игеріп кетуіне ықпал жасайды. Түйіндей келе, бұл баланың жеке тұлғасының қалыптасуы және ақыл-ойының, таным үрдістерінің дамуы болып табылады. Демек, баланы мектепке даярлау мәселесі өз өзектілігін жоғалтпайтын әлі де зерттеуді қажет ететін міндетті мәселелердің бірі болып қала бермек.

 

 

 

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Кравцова Е.Е. Психологические  проблемы готовности детей к  обучению в школе. — М.,1991.
  2. Мухина В.С.Детская психология.- СПб., 1992.
  3. Овчарова Р.В. Практическая психология  в начальной школе.- М.:ТЦ Сфера, 2002.
  4. Рогов Е.И. Настольная книга  практического психолога в образовании.- М., 1995.

5.Чейпи  Дж. Готовность к школе: Как  родители могут подготовить детей  успешному обучению в школе  / Пер.с англ. – М.: Педагогика –Пресс, 1992.

  1. http://turboreferat.ru/pedagogy/balany-mektepke-dajyndyyn-anytau-damu/70036-358742-page2.html

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.