Оқушылардың сауаттылығын дамыту кезіндегі каллиграфиялық шеберлікті қалыптастыру

Ақмола облысы Көкшетау қаласы
Красный Яр №1 орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі:
Булегенова Гульмира Жаксылыковна

Оқушылардың сауаттылығын дамыту кезіндегі каллиграфиялық шеберлікті қалыптастыру

Білім беруде әр түрлі өзгерістер болып, әр түрлі жаңалықтар енгізіліп жатыр. Білім берудің негізгі іске асыралатын түрі – сабақ болып табылады.
Жазудың пайда болуының тарихына аздап тоқталып кетейік. Ерте заманда адамдар жазу үшін әр түрлі табиғи құралдарды пайдаланып, бір біріне белгі беру үшін түрлі таңбалау түрлерін қолданған. Алғашқы кезде тасқа, ағашқа басқа да заттарға таңба қалдырған. Бірте бірте заман дамуына байланысты жазу үшін әр түрлі материалдар пайда бола бастады. Қағаз пайда болғаннан кейін қағаз бетіне жазу үшін түрлі қалам түрлері пайда бола бастады. Яғни бұл жазудың алғашқы пайда болған кезеңі деп айта аламыз.
Оқушылардың сауаттылығын қалыптастыруда көркем жазудың мәні өте зор деп ойлаймыз. Оқушылардың оқуға қызығушылықтарын арттыру үшін сабақты әр түрлі деңгейде қызықты әрі тартымды етіп өткізген дұрыс. Мектепке алғаш келген оқушы үшін сауат ашу пәнінің маңызы зор. Себебі, ең алдымен оқуды да, жазудың қалыптасуын да осы кезде меңгереді. Сауат ашудың негізгі мақсаты – балаға әріп танытып, оқуға және сауатты жазуға үйрету. Баланың әріпті дұрыс жазуы, каллиграфиялық талаптарға сай жазылуы да осы бастауыш кезеңнен басталады.
Оқушылардың сауаттылығын қалыптастыруда, көркем жазу сабақтарында әріптерді дұрыс таңбалап жазу, әдемі етіп салуға үйрету мұғалімнің негізгі мақсаты болып есептелінеді. Жазудың түрлі әдістерін меңгерту, белгілі ережелерге қарай жазылу түрлерін мұғалімнің өзі жақсы меңгергені дұрыс.
1 сыныпта көркем жазу сабағы сауат ашу пәнімен қатарласа жүргізіледі. Балалардың жазуының қалыптасуына көп уақыт бөле алмаймыз. Жаңа әріпті білгесін, сол әріптің жазуының үлгісін сол сабақта меңгереміз. Жазудың әр түрлі әдістері: ауада жазу, құмда жазу т.б. әдістерді пайдалана отырып жазудың алғашқы түрлерін қалыптастырамыз. Сол сияқты мектептерде «Көркем жазу» деген факультатив сабақтар да ұйымдастыралады. Бұндай сабақтардың негізгі мақсаты оқушылардың сауатты жазуын қалыптастыру мен әсемдікке тәрбиелеу.
Көркем жазу кезінде оқушылардың жеке басына және мектепке қойылатын гигиеналық талаптар да ескерілуі керек. Ол парталардың дұрыс орналасуы, оқушының бірі біріне бөгет болмауы, оқушы дәптеріне жарықтың дұрыс түсуі, қалам, қарындаштың балаға ыңғайлы болуы, дәптер мен көздің арақашықтығын мұғалім оқушыларға ескертіп, талаптарды орындауы тиіс. Әр сабақ сайын, жаңа әріпті үйренерде мұғалім оқушыларды әр түрлі көрнекі құралдар арқылы, дидактикалық материалдар арқылы оқушылардың зейінін өзіне қаратып, сабақта тыныш әрі мұғалімді мұқият тыңдауын ескерту керек. Себебі көркем жазу сабағы мұқияттылық пен шыдамдылықты талап етеді. Сабақ барысында мұғалім: «Қазір жазу сабағы», «Әріпті көркем жазамыз», «Қаламды оң қолмен ұстаймыз», «Бір бірімізге бөгет болмаймыз» тағы басқа әр түрлі ескертулерді әр сабақ сайын айтып отыру керек. Әріптің көлемі бірдей болуы 1-2 сыныптарда көп көңіл бөлінеді. Мысалы, 1 сыныпта кішкентай әріптің биіктігі 4 мм, жұмыс жолының көлемі және жоғарғы сызығынан аспау керек. Бос әріптің биіктігі 8 мм, жоғарғы жағы жұмыс жолының сызығына жетпеу керек. 2 – 3 сыныптарға арналған дәптерлер арақашықтығы 9 мм болатын бір түзу сызықпен сызылған. Кіші әріптің биіктігі – 3 мм, бас әріптің биіктігі 7 мм.Көркем жазудың принциптері жалпы дидактикалық принциптерге сүйенеді.
Оқушылардың жазуын қалыптастыруда әр түрлі педагогикалық принциптерді қолданған дұрыс. Мысалы; Я.А.Коменскийдің көрнекілік принципін атап өткім келеді. Оқушыларға сабақ беруде көрнекілік принципін қолданған бұл нәтижелі, себебі оқушыларды қызықтырып, сабақты тартымды етіп өткізуге болады. Көрнекілік принципін ары қарай дамытып, өз ілімін қосқан орыс педагогы К.Д.Ушинский көрнекілік принципі арқылы балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береміз, оқушылардың ойлауы, қиялы, сабақты меңгеруі осы принципке сай жүргізіледі делінген.
Сонымен қоса оқушыларға жаңа әріпті танытарда түсіндіре отырып жазғызудың маңызы өте зор. Себебі, оқушы мұғалімнің айтып, түсіндіруі бойынша, тақтаға жазып, үлгі ретінде көрсетуі арқылы оқушы миында тез сақталады. Мысалға, оқушылар жазудың көлбеу жазу не екенін білмеуі мүмкін, сондықтан мұғалім түсіндіру арқылы, оқушыларға жаңға сабақты меңгерте алады. Көрнекілік принципімен қатар, қайталау принципін айтқымыз келеді. Яғни бұл принцип арқылы оқушылардың жазу дағдысы қайталану арқылы дамып, бір жүйеге келеді. Сабақ барысында көптеген педагогикалық принциптерді жүзеге асыра аламыз. Соған мысал ретінде тағы жеңілден қиынға қарай жүру принципін атап өткім келеді. Бұл жазудың дағдысын бірте бірте күрделендіру болып табылады. Мысалы; 1 сынып оқушысы алдымен әріп үйренеді, кейіннен мұғалім әріптерді қосуды үйретеді, соңында сөз және сөйлем жазуды үйренеді. Яғни балада алдымен жеңіл түрде жазу үлгілері болса, кейіннен күрделене түседі. Сонымен қоса әр сабаққа қойылатын гигиеналық талаптарды мұғалім оқушыларға ескертіп отырғаны жөн.
Сыныпта партада дұрыс отыру, оқушының өзін – өзі ұстау ережесі, гигиеналық талаптарға сәйкес жасалынған ескертпелер болуы керек. Егер бастауыш сыныпта ережелерге сай жазу үлгілері дұрыс қалыптасқан балалардың каллиграфиясы 2-3 жыл мерзім ішінде қалыптасады. Бірақ бұл оңай жұмыс деп айта алмаймын. Сондықтан ата-аналар тарапынан да балаға көп көңіл бөлінуі керек. Қазіргі кезде бастауыш сынып оқушылары үшін «Көркем жазу» сабақтарынан әр түрлі олимпиадалар өткізіліп тұрады. Ең басты міндет – оқушылардың жазу дағдысы мен каллиграфиялық талаптарға сай жазуын ескереді. Біздің мектепте де бастауыш сынып оқушылары арасынан осындай олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларымыз бар.
Тағы айтып өтетін мәселе, қазіргі кездегі жас мамандар, яғни мектепке енді ғана келген бастауыш сынып мұғалімдерінің көбі каллиграфиялық талаптарға сай жаза алмайды. Бұл өзімнің жұмыс барысымда байқағаным. Бастауыш сынып мұғалімі оқушылардың дәптеріне әріп баспасын жазады, күнделікке тапсырма, не болмаса ескертулер жазады. Сондықтан мұғалімнің жазуы көркем, әрі талаптарға сай болуы керек деп ойлаймын. Алдымыздағы оқушы мұғалімге қарап бой түзейді. ЖОО оқып жатқан болашақ мұғалімдерге «Көркем жазу технологиясынан» көбірек сағаттар бөлініп, жазудың технологиясы мен мәнерін оқып үйренсе, жас келген ұстаздар біраз дайындықпен келеді деген ойдамыз.
Ойымызды қорытындылай келе оқу мен жазу қатар жүретін үрдіс, әсіресе әріп пен жазуды енді ғана таныған бүлдіршіндерге бұл кезең аса жауыпты әрі маңызы зор. Кейін оқуы да жазуы да біртіндеп қалыптаса бастайды. Көркем жазу сабағы арқылы оқушыларды көркемдікке, әсемдікке тәрбиелей отырып, оқушыға өз жұмысының нәтижесін көре алуға үйретеміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Г.Ж. Тұрдалиева Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Астана, 2007.
2. С. Рахметова Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту методикасы. – Астана, 1997.
3. А. Исабаев Қазақ тілі дыбыс жүйесі методикасының негіздері. – Астана, 1965.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.