«Абай жолы» роман-эпопеясындағы ұлттық өнеге

Шығыс Қазақстан облысы
Күршім ауданы
Қайыңды негізгі орта мектебі

«Абай жолы» роман-эпопеясындағы ұлттық өнеге

Директордың тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары: Л.К.Кабылова

2019-2020 оқу жылы
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы ұлттық өнеге
Қай кезен, уақытта да таланттымен
танылған тұлға – руханият байлығы,
қалың көпке ортақ қазына
Ұлттық ары мен ұяты, ырысы…
Адамзаттың арғы бергі тарихында қоғам өмірімен, халықпен бірге жасайтын тұғырлы тұлғалар көп болған. Мұның мысал дерегін алыс-жақын елдер тәжірбиесіне, нақтырақ айтсақ қазақ топырағындағы ұлттық мақтанышымыз, «Әлемнің Әуезові» атанған ұлы Мұқан – Мұхтар Әуезов те осындай тұлғалардың биік шоғырынан берік орын алған. Дарынды суреткер жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы халық талантының жарқын көрінісі, нағыз ұлттық құбылыс. Әйгілі романды зерттеп, талдап құнарлы пікір айтқан зерттеулер қазақ әдебиеттану ғылымында көп. Әйтсе де романның сыр-сипатын әр қырынан тексеретін зерттеулерді уақыт талабы ұсынып отыратынын акедемик М. Қаратаев сияқты ғалымдар айтып кеткен. Акедемик З. Қабдолов «М. Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақтардың өзіне қазақ дегендердің кім екенін танытты», — деп жазды.
Егемендік алған жаңа дәуірімізде романды талдап оқу үстінде ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық сезім, мінез, ой, таным, әдет-ғұрып, салттық қолдану қажеттігі туып отыр. Осы мақсатқа орай біз роман-эпопеясы ұлттық өнеге тәлім-тағылым жағынан танып білуге барлау жасадық.
Дәстүрлі ұлттық өнерге, тәлім – тәрбие – халық педагогикасының негізі. Ол өткен қоғамдық өмірдің барлық сатысына ортақ. Халық педагогикасы халықтың рухани өмірінің жиынтығы. Ересек ұрпақтың өмір үшін күресі-кейінгі ұрпақ үшін өшпейтін үлкен тәрбие мектебі. Халық педагогикасында ұлттық мінездің ерекшеліктері, қалыптасқан салт-дәстүрі, асыл ойлары мен адамгершілік идеялары танылады. Халықтық педагогика тәрбиесіне халық білімі, тәрбие дәстүрлері әр шаңырақтағы отбасы тәрбиесінің тәжірибелері жатады. Ғылыми педагогикадағы адамгершілік, еңбек, эстетикалық, достық, патриоттық тәрбиесі болып бірнеше салаға бөлінетін тәрбие түрлері халық өмірі тәжірбиесінде біртұтас қалыптасып, ұрпақтарға жалғасып өтіп жатыр. Жалпы мақсаты – өмір үшін күрес, адамдарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
Сөз өнеріндегі халықтық тәрбиенің бастауы ауыз әдебиеті шығармаларында жатыр. «Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікте жат бөпем», — деп басталатын бесік жырлары – отбасындағы бала тәрбиесінің бастауы болумен бірге халық педагогикасының қайнар көзі. Отбасы – бала, ана, әкеден тұратын «шағын мемлекет». Бала – өмір жалғасы. «Бесіксіз үйде береке жоқ» деген халқымыз баланы жастайынан адмгершілікке, инабаттылыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді. Отбасындағы басты тәрбиеші – ата – ана. Әсіресе, ана балаға өмір сыйлаумен ғана жақын емес, ол өзінің тәжірибесін, бар білгенін туған күннен бастап баланың сіңіруге жұмсайды.
Аналық мейірімен төгеді. «Дүниедегі жақсылық күннің нұрымен, ананың сүтімен адам бойына сіңеді» деген қағида текке айтылмаса керек.
«Абай жолы» роман – эпопеясындағы ананың баланы тәрбиелеудегі қызметіне назар аударсақ, Ұлжан мен Зере бейнесі оқырманның зейін-зердесін мықтап тұтқындайды. Абайдың азаматтық ой-санасының өсіп халқының қалаулы азаматы болуына анасы Ұлжан мен Зере әжесінің Абай бойына жасынан дарытқан тәлімі мол. Аналары Абайды тек адамгершілікке, әділеттілікке, ізгілікке, имандылыққа тәрбиелей білді.
Жанұя тәрбиесінен қалыптасатын тәлімдік дағдының бірі – сәлемдесу. Оқудан оралған жас Абай шешелеріне бет алғанда Ұлжан баласына: «Әуелі әкеңе сәлем бер» деп бұрып жібереді. Бұл тәрбиелі қазақ әйеліне тән азаматын сыйлаған дәстүрлі қасиет. Екіншіден, «бала әкені, үлкенді сыйлауы керек» — деген тәлімді аңғартады. «Әке – асқар тау» деген халқымыз әкенің отбасындағы орнын жоғары қоюдың бір белгісін өнеге етеді. Бұл – бүгінгі жастарға да тәлім. Аналарының балаларына айтқан сөзі – әрдайым ақыл-кеңес боп, жөнсіздікке ескерту жасалады. Қорардың өлімінен шошынған Абайды көрген Ұлжан Жиреншеге: «Абайды бұндай жерге бастай көрме. Үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр» дегені – аналық қамқорлығы. Ұлжан ананың мінезі бүгінгі аналар үшін де аса өнегелі қажетті тәлім.
Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Құнанбайдың да Абайға берген тәрбиесін баяндайды. Жас абайды әкесі ел ішінің өз мүддесіне қарай шешімін табатын әр түрлі істерге араласуына баули бастап, Құлыншақ, Сүйіндік, Байдалы сияқты елдің игі жастарына жұмсауы Абайға әділет пен адамгершілік деген қасиетті саралап, өз бойына жинақтауына әсер етті. Халықтық тәрбие тағылымын игеруге қадамдар жасайды.
Абай аналар махаббатына ерекше бөленді. Абай оқу іздеп Семейге ізденер алдында анасы Ұлжан: «Қарағым, әжең марқұм сені жалғызым деуші еді. Сен оған бір төбе едің. Есіңде бар ма, сырқаттанып жатқан шағында бір тілек айтып еді. Осы қарағыма өзгелердің тас бауыр мінезін бере көрме деген еді»… деп үнемі аяулы әженің ақыл сөзін есіне салып отыратын. Осы жерде Мұхтар Әуезов – адамға деген қамқорлық пен құмарлықтың көзі үлкеннің ақыл сөзі, тәлімі ел анасындай болған әжеден туындап отырғанып айқын жазады. Абай алған халықтық өнеге, тәрбиесінің көзі сан тарау. Халықтық тәрбиенің жалғастығын, Абай азаматтығын туысы Құдайбердімен қатынасынан да көреміз. Ауырып жатқан Құдайберді Абайға өз балалары Шәке, Шұбар, Нұртаза тағдырын тапсырады. Абай азаматтығын Құдайберді туысының балаларын тәрбиелеумен көрсетті.
Халықтық тәрбиенің бір саласы – эстетикалық сезімге тәрбиелейтін көркемдік таным-өнеге. Адамның рухани жан дүниесіне баурайтын, тебірентетін қазақтың әні мен күйі, жылы, сөз өнері, шешендігі, қыз-келіншектер, сері-салдар киімінің жарасымдылығы оқиғаларда көз тартар көрініс боп бейнеленеді. Сол оқиғаларды Мұхтар Әуезов Абайдың айналасында суреттейді. Абай ауылы – өнерпаздар ауылы болып, ән-өлең, сазды әуез өнерінің орталығына айналды. Бір сәт Абайдың қолдауымен Әйгерім ән салса, бір сәт өзі шабытты көңілмен домбыра тартып, не бір ырғақты күйлер шертеді. Адам жанына ләззат беретін әншілік өнерді айрықша дарын деп есептеп, жас буынның өнер үйренсін, үлгі алсын деп мәдени тәрбиеге баулыған. Жастар Біржан әндерін ел арасына таратады. Осындай халық өнерінің қанат жаюына, көркемдік тәлімнің таралуына Абайдың үлесі зор болды.
Базаралы ауылының жастары алтыбақанда «Айттым сәлем Қаламқас», «Алыстан сермеп», «Көзімнің қарасы» әндерін орындауы да өнерпаздық тәлімінің дала жастарының рухани азығы болып бара жатқанын одан әрі айқындай түседі.
Жасынан сөз өнерінен рухани азық алып өскен Абай кейіннен інілеріне, қасындағы жолдастарына оқығаны мен тоқығанын «Мың бір түн» сияқты хикаяның әңгімелеп мазмұнын айтып беруі өзінің әжесінен алған дәстүрлі рухани тәлімінің жалғасындай сезіледі.
Эпопеядағы Абай бейнесі күрделі тұлға. Адамгершілікті, имандылықты, қайырымдылықты, әділдікті, парасаттылықты, өнеге-тәлімді Абай ісінен көреміз. Абай әділдікті сүйгендіктен жалаға, зорлыққа, шындықты сүйгендіктен жалғандыққа, достықты сүйгендіктен опасыздыққа, парасаттылықты сүйгендіктен надандыққа қарсы келіп отырды. Балқыбектегі дауда Абай Жиренше мен Оразбайға, қара қылды қақ жарғандай: «Мен Кенгірбайдың ұлы емеспін. Адамның ұлымын» деп, әділдіктің туын жоғары көтерді.
Әдебиет-өмір оқулығы. Онда бүкіл дүние тынысы бар: сұлулық та, сүреңсіздік те, қаталдық та, қайрымдылық та, елдік те, махаббат достық, адамгершілік-бәрі-бәрі бар.
Қазақ әдебиеті – халқымыздың тарихы. Шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы. Әдебиет халқымыздың өткен ұрпағы, қазіргі және келешек ұрпағын, тарихи біртұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құралы.
Соғыс кезеңі мен онан кейіндегі жылдардағы әдебиеттегі таланттар тарихы мен тағдырына қарап отырсақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгермей кеткен. Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» — Әуезовтың бас кітабы. Ол өзінің осынау ұлы шығармасын жазып үлгі етіп кетті. Оның суреткер ретіндегі бақыты да осында.
Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы асқар белі – Абай болса, ХХ ғасырындағы заңғар биігі – Мұхтар Әуезов болады. Әдебиетке ең қатал сыншы, ең әділ төреші уақыт десек, сол уақыттың өзі осыны дәлелдеп отыр.
«Абай жолы» бүкіл тарихи романшылар алдында тұрған идеялық-көркемдік міндетін шешуде де көрнекті қызмет атқарды. Абай және оның заманын бейнелеу арқылы жазушы қазақ тарихын белгілі бір кезеніндегі іргеліншіл және кертатпа күштердің ара жігін сипаттап, оқиғалар мен қаһармандарды талғап, екшеуде асқан шеберлік көрсетті. Барлық суреттелген құбылыстардың орны мен мәні тарихи принціп тұрғысынан беріліп отыруы шығарманың тәрбиелік бағасын арттырды. Халықтың азаттыққа, бақытқа деген арманы мен күрестерін алғы кезекке шығарып көрсету, бұрынғы мен бүгінінің жанды жалғастығын сездірі мәселесінде де «Абай жолы» бүкіл әдебиетке жақсы жаңалықтар қосты.
Осылайша қаламгердің әрдайым жүрегінің түкпірінде жүрген асыл бейне ұлы көркем туындының бас кейіпкері болып оқырманға тіл қатты. Ұлы Мұхаңның ұлы тұлғасы бұл роман-эсседе айрықша әсерлі, айрықша терең сөз құдіреті арқылы қазақ жүрегіне жол тартты. М. Әуезовтің ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен мерейтойына арналған бұл біртуар дүние. З. Қабдолов қаламынан шыққан көркем прозаның санлақ үлгісі. Осылайша қазақ сөзінің қас шеберіне айналған тарлаң қаламгердің барлық көркем туындылары, ғылыми-зерттеу еңбектері, бір сөзбен айтқанда тұтас адамдық, азаматтық және ұстаздық тағдыры ұлы Мұханның суреткерлік әлемімен терең астасып жатты.
Қысқасы, Мұхтар Әуезов әуел баста жер бетіне дәл осылай өмірді өнерге, өнерді өмірге айналдыру үшін ғана келген құдырет – күш болуға тиіс. Оның болмыс – бітімі тумысынан бөлек екені де сондықтан шығар.
М. Әуезовтың классикалық эпопиясы этникалық мәдени білім мен тәлім тәрбиенің сан алуан түрлерін бейнелеген биік гуманизімнен туған үлкенге де, кішіге де қажет халық педагогикасының көркем оқулығы. Абай жолы – ұлттық өнеге мен тәлім-тәрбие жолы.
Қорта айтқанда, Ұлы суреткердің үлкен суреткерлікпен шұрайлы да құнарлы тілмен баяндалатын тартысты оқиғалар арнасы, толыққанды кеәіпкерлер шоғыры, ең бастысы Мұхандай қалам қайраткерінің ішкі жан дүниесін қопара танытатын, күллі дүниетанымын, әдебиетке, өнерге деген әлемдік деңгейдегі, ауқымды көзқарасын тұтастай, шынайы бейнелеп бере алған көркем туындылары қазақ әдебиетінің әсемдік әлеміндегі үлкен табысы ретінде бағалау өте орынды.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. «Қазақ әдебиеті» газеті, мамыр 1992 ж.
2. «Қазақ тілі мен әдебиеті» 1997 ж 68-82беттер.
3. «Абай» энциклопедиясы.
4. С. Кенжеахметов «Қазақ халқының салт-дәстүрлері.
5. З. Қабдолов «Арна», 1998 ж. жазушы баспасы
6. М. Әуезов Жақсы пьеса – сапалы әдебиет үлгісі / 20 томдық шығармалар жинағы 1983 ж.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.