сөздік қорын дамыту мақсатында оқушыларды ауызша сөйлеуге дағдыландыру
Оқушылардың сөздік қорын дамыту мақсатында ауызекі сөйлеуге дағдыландыру
Баланың ерте жастан дамып, дүниетанымы қалыптасып , тең дәрежелі адам болып шығуы, ортаға сіңе алуы үшін ол біріншіден ана тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастырғаны дұрыс.Ал қазақтың тілі –әлемдегі ең бай тілдер қатарында.Әлем мойындаған ұлы Абай : « Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас» деп баға берген қарымды да,жағымды,өткір де өрнекті қазақтың ана тілі.
Ал бала жанына осы көркем де кербез тілді сіңіруге бізге ауыз әдебиет үлгілері, балалар әдебиеті көп көмек берері сөзсіз.Аталған өнер түрлері мазмұны шындыққа сай эстетикалық ортаның қалыптасуына бағытталған.Берілген әдеби шығармалар дұрыс таңдалып,көркемдік көрнекілермен кіріспесі жұмбақ түрінде келсе, оқушының зейінін қойып тыңдап, көркем мәтінді ықыласпен түсінгісі келетініне жол ашады.Бала тыңдаумен қатар оқиғаның желісімен ойша бірге жүреді,уайымдайды, аяқталуын күтеді. Әдеби шығарманы қабылдау- баланың жалпы дамуының көрсеткішіне ,оқытылуына ,қызығушылығына және қажеттілігіне байланысты.Шығармашылық қабылдау қабілеті дамыған бала ойланып ,ойын жинақтап сөйлеп,зейінмен ,сюжеттің ары қарай жалғасуын күтеді.Ал шығармашылық қабылдаудың негізгі қағидаты-оқушының шығарманың мазмұнын ұғып ,түсінуі.
Әдебиет ,тіл дамыу сабақтарында өнердің әр түрін қолдануға болады.Әдеби шығарма баланы жан-жақты тәрбиелейді,адамгершілік, көркем эстетикалық талғамды қалыптастырады.Ал баланың көркем әдебиетпен достығы қарапайым жұмбақ, жаңылтпаш,ертегілерден бастау алады.Халық ауыз әдебиетінде күнделікті өмірге ,тұрмыс пен тіршілікке,табиғатқа байланысты жұмбақтар көп –ақ. Мысалы, «Жалы- темір,жолы- темір,шымыр атты зымыраттым»деген қазіргі техникаға байланысты жұмбақты алсақ, баланың ойын,дүниетанымын ширатары сөзсіз. «Айдалада ақ отау,аузы мұрны жоқ отау»деген жұмбақта пішіні ақ отауға ұқсас,бірақ ауыз-мұрынсыз ,яғни жұмыртқаның бүтін болып келетіні жасырынған.Әрбір сабақтың басында немесе соңында жұмбақ жасыру немесе тақырыпқа сәйкес жұмбақ ойлату баланың ойын дамытары хақ.
Екінші бір өнер мен білімге, адамгершілікке тәрбиелеп ,өскелең ұрпақтың сана –сезіміне ,қабылдауына ,ойын толық ,нақты жеткізуіне себепші болар –бұл мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер.Дала данышпандары бола білген ата-бабаларымыз ұрпағын шешендік пен дәлдікке ,көркем де келісті сөйлеуге баулыған.Жалпы қазақ даласы қашаннан сөздің құдіретіне,тілдің қасиетіне,көсемнің өсиетіне тоқтай білген.
Әрбір жаңа тақырыпқа түйін сөзді сәйкес мақал-мәтелмен немесе шешендік сөздермен өрнектей алсақ ,жаңылтпаш пен жұмбақ жасырудан сайыстар өткізіліп тұрса ,болашақта біздің алдымыздан кеудесі намысқа толған,жанары алысты шалған, тірлігін түйін сөзбен салмақтаған,ойын көркем сөзбен өрнектеген ,әдебиеті мен мәдениеті келіскен тұлға шығары сөзсіз.Ана тілін жақсы меңгеріп,ауыз әдебиетіне қанық өскен бала-ананың қасиетін,даланың берекетін,елі мен халқының қадірін біледі.Ал ақындарша айтсақ ,«Ана тілін білмеген –ақылы жоқ желікбас». Ал ана тілінің қадір –қасиеті бұл ауыз әдебиетіне сусындаудан бастау алады.
Карамурзаева Чинаргул Аманбекқызы
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы С.Бегендікұлы атындағы № 4 орта мектеп мұғалімі