Тәрбие  – отбасынан

Прмагамбетов Аскарбек Сериккалиевич

Ақтөбе қаласы, №5 ЖББОМ

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Тәрбие  – отбасынан

 

Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, әдептілікке ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. «Жақсы сөз жан азығы» деп бекер айтылмаса керек. Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Тәрбиенің мақсаты пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы Адамды тәрбиелеу. Бүгінгі күні біз – әлем халқы, бір кісідей жаңа дәуір, жаңа ғасыр — жаңа мыңжылдыққа аяқ басып отырмыз. Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»- деген сөзі бар. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді. Бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.
Ана — тілінің тағдыры отбасынан басталады. Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасынан осы түсініктерді ана — тілі арқылы халықтың сарқылмас мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп терең меңгерсек, ешкімге есемізді жібермейтін дәрежеге жетсек, онда дербес ел ретінде нық тұрамыз. Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына, арманына бағалаған. Сондықтан да халқымыз «Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар» деп асыл сөзін арнаған.
Қазіргі уақытта бала тәрбиесінің табысты болуы ата – аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, ынтымақтастығына, отбасы мүшелерінің өзара қарым – қатынасына, көзқарастарының және мақсаттарының бірлігіне байланысты. Ол үшін ата – аналар күнделікті өмірде балаларының мінез – құлқына, қажетті қасиеттердің қалыптасуына назар аударуды, тәрбие үрдісінде теріс қылықтарды болдырмауды ойластыруы шарт. Отбасында тәрбие ісімен айналысу үшін, ең алдымен ата – ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет.
Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап отбасында өтеді. Оның өмірін, іс — әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады. Күн ырғақ – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін — өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез – құлықтарды байқайды. Сондықтан ата – ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап бала жан дүниесіне оң әсер ететін іс — әрекеттерді дағдыға айналдыру керек.
Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез — құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан  қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес.       Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл — қыздармен үй шаруасында жүріп — ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа.
Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.

Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін — өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін — өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан он моральдық — психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір — біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл — күйі тікелей ықпал етеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді Әл — Фараби. Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата — аналар болып қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата — баба салт — дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *