Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларды тәрбиелеу бағыттары «ерте жастағы балаларды сенсорлық тәрбиелеу» ииновациялық педагогикалық тәжірибе

Кушумбаева Гулжан Пшанқызы

Қазіргі білім беру үрдісі өзгерді, саналы білім беруде жаңа көзқарастар пайда болды және біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы міндеттердің бірі — білім берудің әдіс-тәсілдерін түрлендіріп, жетілдіріп отыру және жаңа инновациялық білім технологиясын меңгеру. Ұрпақ тәрбиесін жаңа құндылықтар негізінде жетілдіру қоғам алдында тұрған ауқымды істердің бірі, сол себепті де мектепке дейінгі мекемелерде балалардың ақыл-ойын дамытуды жаңа көзқарастар негізінде талдау — кезек күттірмейтін іс. Мектеп жасына дейінгі баланың бойына  ақыл–ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл –ой еңбек мәдениетін дарыту ең алдымен балаға сенсорлық тәрбие беруден бастау алады. Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» балабақшасында да инновациялық технологиялар оқу-тәрбие үрдісінде көп пайдаланылады.

ӨЗЕКТІЛІГІ МЕН ЖАҢАЛЫҒЫ

Баланың мектепке дайындығы оның сенсорлық дамуымен анықталады. Мамандар зерттеулері мектепке алғаш барған балаларда анық қабылдаудың жетіспейтіндігін көрсеткен. Осының нәтижесінде әріптерді жазуда, сурет салуда, заттарды жасауда қиындықтар туындайды. Мен өз қызметімде балабақша тәрбиеленушілері арасында сенсорлық тәрбиенің аздығын, ұсақ қол моторикасының мен көру-моторлы координациясының жетіспеушілігін байқадым. Аталған ауытқушылықтарды болдырмауда балалардың сенсорлық қабілетін дамыту арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады деп шештім. Осы бағыттағы жұмыс тәжірибенің тақырыбын «Ерте жастағы балаларды сенсорлық тәрбиелеу» деп негіз етіп алдым. Тәжірибе жұмысын бастар алдында балалардың заттардың пішіні, түсі, түрі т.б. туралы білімдерін анықтадым. Нәтижесінде сенсорлық эталондар туралы білімнің жеткіліксіз екені, оларды пайдалану мақсаты жөнінде нақты білмеуі байқалды. Заттарды топтастыруда қателеседі. Баланың танымы ересектердің танымынан ерекше. Үлкендер әлемді ақыл-оймен таныса, кішкентай балалар  сезіммен таниды. Айналадағы дүниені тану түйсік пен қабылдаудан басталады. Сенсорлық тәрбие дегеніміз — түйсік пен қабылдаудың дұрыс бағытта дамуы. Баланың сенсорлық процестерінің дамуына мүмкіндік тудыратын іс-әрекеттің тиімді түрі — көркемсурет салу, сазбалшықтан, ермексаздан (пластилин) мүсіндер жасау, салынған суреттерді, өрнектерді қиып, желімдеу әрекеттері, бірлескен дидактикалық ойындар, педогогикалық басшылықпен ұйымдастырылған іс-әрекет болып табылады.

 

 

ҒЫЛЫМИЛЫҒЫ

Сенсорлық тәрбие ақыл-ой тәрбиесінің негізі   болып табылады, ол баланың  сезімдік  тәжірибесінің  дамуын және баюын қамтамасыз етеді, заттардың қасиеті мен сапасы туралы түсінігін қалыптастырады.  Белгілі ғалым А.Меңжанова  мектепке дейінгі жастағы балалардың «ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты – балаларды табиғат пен қоғамдық өмірдің сан қилы  қарапайым құбылыстары жайлы біліммен қаруландыру,  сезім мен қабылдау ерекшеліктерін жетілдіру арқылы  ақыл-ой қабілетін (зейін, ой, ес, қиял, тез және дұрыс шешім қабылдау, тұжырымдау, игерген әдет пен дағдыны, білімді іс-әрекет үдерісінде  туған міндеттерді  шешуге пайдалана білу, өз еңбегнің сапасын, оның қорытындысын, ынта-ықыласын болжай алу) дамытуды қамтамасыз ету», — деп анықтаған.

XX ғасырдың басында Монтессори талдап жасаған   сенсорлық тәрбие жүйесі балалардың түстер мен реңктерді, формалар мен көлемдерді ажырату дәрежесі жоғары болуына қол жеткізуді өз алдына мақсат етіп қояды. Ол пайдаланған дидактикалық материалдар өзін-өзі бақылау   принципіне сәйкес жасалған, мұның өзі балаларға педагогтың қатысуынсыз, өз бетімен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сенсорлық ұғымды игеруі                      балабақшаның бағдарламасына сәйкес геометриялық фигуралармен, түстермен танысудан басталады. Мұндай танысу негізінен тиімді іс-әрекеттердің көптеген түрлерін меңгеру процесінде өтеді. Мектепке дейінгі   шақтағы баланы түсті  ажыратып, атауға үйретеді, олардың реңктері туралы, сондай-ақ заттарды түсіне қарай салыстыруға үйретеді, суретті қараған кезде бейненің түс арқылы қалайша көркемдік сипат алатынын көре білу қабілетін дамытады.

Сенсорлық тәрбие мазмұнына есту сезімділігін дамыту, қоршаған жағдайда дыбысты мұқият тыңдап, ажырата білу, тілдік есіту қабілетін және музыкалық есіту қабілетін дамыту енеді.

Сенсорлық тәрбие сондай-ақ заттың сапасын сипап байқау арқылы ажырата білуді және оларды: тегіс, мамық, кедір-бұдыр, жұмсақ, қатты, ауыр, жеңіл, суық, жылы т. б. деп дұрыс атай білуді дамытуды қамтиды. Иіс пен дәм түйсігін дамыту да сенсорлық тәрбиенің бір қыры болып табылады. Бала жемістер мен көкөністердің дәмін татып көріп, олардың тәтті, ащы екенін  түсінеді.

Сенсорлық тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі балалардың сенсорлық эталон туралы ұғымын қалыптастыру болып табылады. Сенсорлық эталон — бұл қоғамдық-тарихи тәжірибе процесінде туған үлгі. Негізгі түстер, геометриялық фигуралар (шар, куб, дөңгелек, шаршы т.б.), нотаға түсірілген музыкалық дыбыстардың түрлі биіктіктері осындай эталондар болып саналады. Егер бала ұғыммен және олардың сөздік белгілерімен жақсы таныс болса, онда ол қоршаған дүниені оңай бағдарлайды; ол өзіне кезіккен заттарды өзге эталондармен салыстыра қарайды, заттың түсін, формасын, көлемін, оның бөлшектерінің кеңістікте орналасуын атайды.

 

ПРАКТИКАМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Сенсорлық тәрбиені ойын арқылы дамыту өте қолайлы. Өйткені ойын – тәрбие құралы. Ол балалардың дүние танымын дамытудағы ең тиімді амалдардың бірі. Ойын арқылы балалар айналасындағы нәрселердің атын, болмысын ғана танып қоймайды, түр түсін, не үшін керектігін білетін болады. Сонымен бірге, ойын арқылы іс-әрекетін іске асырады. Ойын кезінде ғана балалардың өзін қоршаған ортаға қатынасы дамып, танып біледі.

Мен балалармен тәжірибе ойындарын жүргіземін – әр түрлі ыдыстарға суды құю, құмды алақанға салу, моншақтарды жіпке өткізу және т.б. ойындардан балалар заттардың қасиеттерімен таныса отырып, көңіл-күйлері артады, қызығушылықтары артады, ұсақ қол моторикасы дамиды.

Мұндай ойын-тәжірибелерді балалар жақсы көреді,

Пішінге байланысты ойындар

 «Пішінін таңда» дидактикалық ойын

Мақсаты: геометриялық үлгілерге қарап пішіндерді таңдауға үйрету.

Түске қатысты ойындар

«Жұбын тап»

Құралдар: түсті қағаздан қиылған геометриялық пішіндер. Бір түсті пішіндерді таңдау керек. Пішіндерді араластырып, баладан түсі, пішіне қарай жұп пішіндерді таңдау сұралады.

«Түсті дамыту»

Моншақтарды түсіне қарай жіпке тізу.

Есту қабілетін дамыту үшін әртүрлі дауыс шығаратын ойыншықтар алу керек немесе мультфильмдерде айтылатын әндерді салу керек. Музыкалық қабілетін арттыру үшін, музыкалық аспаптарда ойнайды, музыкалы-дидактикалық ойындар ойналады: «Үйде кім тұрады», «Динь-дон», «Қай аспапта ойнағанымды тап» және т.б.

Түрлі дауыстар жазылған СD дисктер қолданылады: үй жануарларының және құстарының дауыстары, табиғаттағы дыбыстар; су, жаңбыр, жапырақтардың сыбдыры.

 «Кім не тыңдады?»

Ширманың артына жасырынған қоңырау, барабан, бубендерді ойнатып, балалардан қай заттың дыбысы екенін сұрау.

«Бөтелке сылдырмақтар»

Түрлі заттармен: тастармен, асбұршақпен, құммен толтырылған пластик бөтелкелерден сылдырмақты бөтелкелер дайындалады. Олар сыртқы түріне, салмағына қарай түрлі дыбыстар шығарады. Балалар ойнай отырып, дыбыстарды ажыратады.

Сумен, құммен ойындар

Заттар мен материалдардың қасиеттерімен танысып қана қоймай, оның көлемі, түсі, пішіні туралы қарапайым ұғымдар таныстырылады. Ұсақ қол моторикасы дамиды.

Құм ыдыста әр түрлі заттарды жасыруға, жолдар салуға, құрылыстар тұрғызуға болады. Геометриялық пішіндер, ұсақ ойыншықтар, жануарлар пішіндері балалардың ойынға қызығушылығын арттырады.

Сумен ойнағанда резеңкелі және пластикалық ойыншықтар (балықтар, тасбақалар, кемелер, доптар,  т.б.), түрлі түсті тастар, теңіз бақалшықтары қолданылады.

Сумен ойындар: «Батады-батпайды», «Ылғалданады», «Мұз»,  «Ыстық, суық», «Ериді», «Сүзгімен аулау», «Ойыншықтарды жуу».

Құммен ойындар:  «Құрғақ құмға заттарды көму», «Пирамида құрастыру», «Құмға сурет саламыз», «Алақанға құм салу», «Тоқаш пісіреміз».

«Көңілді қақпақтар»

Мақсаты: заттарды көлеміне қарай ажырата білуге, топтастыруға үйрету, қол бұлшық еттерін дамыту,

Тапсырмалар.

Балалардан қақпақтардың ең үлкені мен кішісін көрсетуді сұрау, оның түсін айту. Қақпақтардан мұнара тұрғызу, жолдар салу.

«Қақпақтардан мозаика». Түймелерден немесе бөтелке қақпақтарын қолданып суреттер салу: көбелек, аққала, доп, моншақтар және т.б.

Осы ойын арқылы сенсорлық эталон – түс, ал түймелерді қолданғанда пішін (дөңгелек, төртбұрыш, сопақша) туралы ұғымдарды бекітуге болады.

Қолмен ұстап сезінуді дамыту

«Ғажайып қоржын»

Қалтаға әр түрлі көлемдегі, пішіндегі заттар салынады (ойыншықтар, геометриялық пішіндер және т.б.). Бала қалтаны ұстап көріп, қолмен сипап, қажет затты табуы керек.

«Ғажайып қоржын»

Қатты қағазды қорапқа маталардың әр түрлері: жүн, жібек, шілтер және т.б. салынады. Басқа да заттарды (поролон, фарфор, ленталар, баулар, жұмсақ ойыншықтар және т.б.) салып балалардың қолмен ұстап сезінуіне, ойнауына арналған.

Құрғақ бассейн

Мақсаты: есте сақтауды, ойлау, қиял қабілетін дамыту, мазасыздығын азайту, ұсақ қол моторикасын дамыту.

Құрғақ бассейнге (қорап, ыдыс) әр түрлі ұсақ заттарды салуға болады: түймелер, кішкентай доптар, дәндер, қақпақтар, киндер қорапшалары т.б.

«Сенсорлық соқпақ жол» – ковролин кілемшеден жасалған жолға түрлі заттардан «төмпешіктер» қойылған, яғни  іші (шүберектер, терілер, поролон, ұсақ тастар, дәндер т.б.) толтырылған қапшықшалар.

Жүрген кездегі түрлі сезімдер балалардың тактилді сезімін дамытуға, қимылды бағдарлай білуге, табан аяқтың алдын алуға пайдасы мол.

БІРІЗДІЛІГІ

Ерте жастағы балалардың сенсорлық қабілеттерін дамыту үшін алдымен мынадай міндеттерді шешу қажет: үлкендер көрсеткен көрнекілерді қабылдай білу, ұсақ қол моторикасы мен көру байқағыштығын дамыту, сезіну тәжірибесін жетілдіру, сөйлеу тілін дамыту (заттарды атай білу, сөзбен айтқандарды істеу), түрлі материалдардан жасалған заттарды қолдану дағдысын жетілдіру (ағаш, полиэтилен, қағаз, темір, мата).

Келесі кезеңде мынадай міндеттер қойылады: баланың қол қимылын жетілдіру, пішінді, түсті, кеңістікте орналаса білуін ажырата білуді үйрету, заттарды түсіне қарай топтастыру, ұқыптылыққа үйрету, ойлау қабілетін арттыру, білетін заттармен өз бетінше ойнай білу дағдысын қалыптастыру.

Жинақталған тәжірибелерін балалар басқа заттар мен құбылыстарға аударып, оны күнделікті өмірде пайдаланады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚАЖЕТТІЛІГІ

Аталған тәжірибе жұмысын талдай келе, жүйелі және жоспарлы жүргізілген жұмыс, сондай-ақ ойындар ерте жастағы балалардың танымдық әрекетін, тілін және сенсорлық эталондарын дамытады.

Көру мен тактилді сезуді дамытуға арналған  ойындар мен жаттығулар балалардың есте сақтауын, байқағыштығын, қиялын дамытады, тілдік қоры артады, ойнау мен оқу дағдыларын қалыптастырады. Сенсорлық тәрбие математика мен жазуды үйретудің алғашқы сатысы болып табылады.

Сенсорлық даму баланың жалпы дамуының негізін құрайды, ол баланың білім алу барысында жетістіктерге жетуіне көмектеседі. Сенсорлық тәрбие мектепке дейінгі жастағы балалар үшін өте маңызды екенін көрсетті.

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.