Ұрпақтары ұмытпайтын ұлы Жеңіс

Ұрпақтары ұмытпайтын ұлы Жеңіс!                                   

Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына да 75 жыл толып отыр. Бірақ, Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс  та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгерлердің айбынын, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ауыр болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш — әрине, «бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп күштерін бір арнаға салды.

Ғұмырымыздағы аса қуанышпен қарсы алатын мерекелеріміздің бірі — Жеңіс күні. Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да, ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді. 9 мамыр Жеңіс күні — әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн. Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді? Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні — соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» — деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер — Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымызбен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс майдангерлері Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктерімен, қайсарлығымен, жігер — қайратымен, ел қорғау сезімімен келер ұрпаққа үлгі болды. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Жалпы тарих үшін бұл азғана уақыт болса, адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» — деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі мен келер ұрпақтың өтелмес парызы. Сондай-ақ, алда келіп қалған 7 мамыр – Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күні. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнаған бір сөзінде: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген еді. Бұл сөздерді қайталап оқыған сайын біздегі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиет қандай деңгейде екен деген заңды сұрақ туындайды. Олай болса, құрметті әріптестер, жерлестер! Осы сәтті пайдалана отырып, қасиетті де ұлы мереке қарсаңында Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен және де Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Баршаларыңызды және отбасыларыңызды осындай тамаша мереке күндерімен шын жүректен құтықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, зор бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік тілеймін!

9 мамыр — бұл мереке ғана емес, бұл ауыр еңбек, бұл халықтың батырлығы. Бiздiң парызымыз — бұл күндi еске сақтау. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды.

Ерлікке тағзым жасау әрбір азаматтың қасиетті борышы.

 

 

Әбжами Гүлназ

Ж.Әбдірашев атындағы  №62 мектеп-лицей

Бастауыш сынып мұғалімі

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.