«Қыс қызығы»
Түркістан обылысы
Келес ауданы
№10 «Ай-дана» балабақшасы
МКҚК
Тәрбиеші: Омарова Ақмарал
Білім беру саласы: Әлеуметтік орта
Білім бөлімі: Экология
Тақырыбы: «Қыс қызығы»
Мақсаты:
- Білімділік: Балалардың қыс туралы түсінігін кеңейтіп, қыс мезгілінің ерекшелігін аңғара білуге үйрету.
- Дамытушылық: Танымдық, шығармашылық қасиеттерін, тілдерін, сөздік қорын дамыту. Дәстүрлі емес тәсілдерді пайдалану арқылы саусақ моторикасын дамыту.
- Тәрбиелік: Табиғатты аялауға, әсемдікті көре білуге, сезінуге тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдері: Сұрақ – жауап, көрсету, түсіндіру, үйрету, эксперимент,ой-толғау, тірек сурет, ойын, жапсыру, құрастыру, пиктограмма.
Оқу қызметінің түрі: Кіріктірілген.
Сөздік жұмыс: Жапалақтап, үлпілдек.
Көрнекіліктер: Қыс мезгіліне байланысты слайд, қыс көрінісіні, шырша, қар, мұз, жұмбақтар.
Құрал – жабдықтар: Тіс пастасы, желім, мақта, сүлгі, үлгі сурет, аққаланың пішіндері, үлгі сурет, пішіндер, фланелеграф.
Пәнаралық байланыс: Шығармашылық. Таным. Коммуникация.
Қолданылатын технология: Монтессори, модульдік, дамыта оқыту, ақпараттық.
Таңғажайып сәт: Аққаланың келуі.
Танымды оятушылық:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
— Балалар, бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті. Келген қонақтармен амандасайық. (Балалар келген қонақтармен амандасады)
Шаттық шеңбер:
Табиғатым тамаша,
Көз тоймайды қараса.
Табиғатты аялап,
Жүрейікші жараса.
ІІ. Өткен тақырыпты қайталау.
- Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп тұр. Сендер шешімін тауып көріңдерші?
Ой – толғаныс әдісі.
Жұмбақ
Шелек қалпақ басында,
Сәбіз екен танауы.
Қыста қардан туатын,
Тауып көрші сен оны?
- Аққала.
Таңғажайып сәт. Аққала келеді.
- Балалар, бізге қонаққа аққала келді. (әуенмен)
- Аққаламен амандасайық.
Балалар аққаламен амандасады.
- Балалар, аққаланы неден жасаймыз?
- Қардан жасаймыз.
- Аққаланың түсі қандай?
- Аққаланың түсі ақ.
- Аққала қандай пішінге ұқсайды?
- Дөңгелекке ұқсайды.
- Аққала бізге бос келмепті, өзімен бірге қар алып келіпті.
- Енді балалар алақандарыңды ашыңдаршы.
- Жылы алақанымызға салғанда неге айналатынын көрейік.
Эксперимент жасайды.
Пиктограмма әдісі.
Балалар қарды алақандарына салады. Зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
- Қар неге айналып кетті?
- Суға айналды.
- Енді осы суды суыққа шығарсақ мұзға айналады екен.
Мұзды көрсету.
- Балалар, мұз қандай екен?
- Суық, жылтыр, қатты.
ІІІ. Жаңа тақырып:
- Кіріспе:
- Балалар, біз бүгін сендермен қыс қызығы туралы әңгімелесеміз.
- «Қыс қызықтарын» слайд арқылы тамашалайық.
Тірек сурет әдісі.
Слайдты көрсете отырып сұрақтар қою.
- Балалар, жылдың қай мезгілі екен?
- Қыс.
- Қыс екенін қайдан білдіңдер? (жекелеме баланың жауабы)
- Қыста қар жауады. Күн суық болады.
(Боранның дауысы естіледі)
- Қыста қандай ойын ойнайсыңдар?
- Шанамен сырғанақ тебеміз. Қардан аққала жасаймыз.
Сергіту сәті:
Аппақ, аппақ жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман, қар жамылған,
Маужырайды түнгі аспан.
- Негізгі бөлім:
Топтық жұмыс.
- Балалар, біз енді үш топқа бөлінейік.
І топ «Шырша» тобы – қардың суретін салады.
Мақсаты: Тіс пастасын пайдалана отырып, қағаз бетіне саусақпен бастыру, қағазды бүктеу арқылы екі бетіне қардың суретін салғызу.
ІІ топ «Ұлпа қар» тобы – мақтаны үзіп алу арқылы желіммен жапсырады.
Мақсаты: Қағаз бетіне мақтаны үзіп алу арқылы желіммен жапсыра білуге үйрету.
ІІІ топ «Аққала» тобы – аққаланы құрастыру.
Мақсаты: берілген матаға дайын пішіндерден аққаланы құрастыра білуге үйрету.
- Балалар, аққала сендермен ойын ойнағысы келіп тұр екен. Аққаламен ойын ойнайық па?
- Иа.
Аққала:
- Балалар, сендермен қар лақтырысып ойнайық?
Қимылды ойын «Қар лақтыру».
Ойын шарты: Балалар екі топқа бөлініп, бір – бірлеріне қар лақтырады.
Мақсаты: Балаларды ептілікке, жылдамдыққа дағдыландыру.
Оқу қызметін қорытындылау:
- Балалар, қыс несімен қызықты?
- Қыста қар жауады. Біз қармен ойнаймыз. Сырғанақ тебеміз. Қардан аққала жасаймыз.
Балалардың білімін бағалау:
- Сендер бүгін сұрақтарға өте жақсы жауап бердіңдер. Берілген тапсырмаларды өте ұқыпты орындай білдіңдер. Аққаланың сендерге әкелген тәттілері бар екен.
(Аққала балаларға тәттілерді таратады)
Балаларды мақтап мадақтау:
Балаларды жекелеме мақтап, мадақтаймын.
Үйге тапсырма беру:
- Балалар, үйде аққаланың суретін салып келеміз.
Күтілетін нәтиже:
Білу керек: Қыс мезгілінің ерекшеліктерін (қар жауады, боран соғады, аяз болады), қысқы ойын түрлерін.
Болу керек: Қыс мезгілінің ерекшеліктері туралы түсініктері.
Істей білу керек: Қойылған сұраққа толық жауап беріп, берілген тапсырмаларды дұрыс орындай білуі керек.